- Advertisement -

Жас ұландар ардагерлермен кездесті

144

- Advertisement -

Биыл Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 34 жыл толады. Осыған орай Қорғаныс министрлігі Әскери-техникалық мектебінің Тараз филиалында кездесу кеші ұйымдастырылды. «Ауғанның ыстық жалыны» тақырыбымен өткен кеште ауған соғысының ардагерлері әскери мектептегі жас ұландармен кездесіп, естеліктерімен бөлісті.

1979 жылдың 25 желтоқсанынан 1989 жылдың 15 ақпанына дейін Ауған соғысына Кеңес одағынан 620 мың жауынгер қатысқан болатын. Соның 22269-ы Қазақстаннан аттанғандар еді. 110 айға созылған соғыста қаза тапқандарды бір минуттық үнсіздікпен еске алудан басталған кездесуді Әскери-техникалық мектебі Тараз филиалының директоры Қанат Бошаев ашып, жас ұландарды өз елінің патриоты етіп тәрбиелеудегі тиімді тәсілдерді баяндады.

– Кешегі аға ұрпақтың ерлік істері – бүгінгі жастарға өнеге. Әскери мектепте біз майдан шебінде ажалмен бетпе-бет келіп, қатер төнгенде елі мен жерінің амандығы үшін аянбаған жауынгерлердің ерліктері туралы сабақтар өткізіп отырамыз. Он жылға созылған Ауған соғысы да біздің елдің тарихында өз ізін қалдырғаны сөзсіз. Сол зұлматты көзбен көргендердің бірқатары бүгін ортамызда отыр. Олардың естеліктерін тыңдау үшін бүгін жастарымызбен кездесуге шақырдық, – деген Қанат Дәлібайұлы сөз кезегін Ауған соғысының ардагерлеріне берді.

Алдымен Ауған соғысына қатысқандардың бірі, генерал-майор Абдыхапар Қазиев бастан кешкен отты күндерін еске алды.

– КСРО Қорғаныс министрінің бұйрығымен Ауған жеріне «бейбітшілік орнатамыз» деп бардық. Жауынгер үшін бұйрық талқыға салынбайды. Бөтен елде, бөтен жерде ажал оғы қайдан келерін білмейсің, айналаның бәрі қауіпке толы болатын. Бірақ біз өз сарбаздарымызды жаудың ортасында қалдырған кезіміз болған жоқ, жараланған жолдастарымызды қалай да сүйрелеп алып шығатынбыз. Ер есімін елі ешқашан ұмытпайды. Біз жылда осы күні көптеген кездесулерге барамыз, бізге барынша құрмет көрсетіледі. Себебі елің үшін еткен еңбек те, ерлік те ұрпақтар жадында мәңгі сақталары анық, – деді Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің және Ауған соғысының ардагері Абдыхапар Райымжанұлы.

Кездесу барысында ардагерлер өз ойларымен бөлісіп қана қоймай, қазіргі жастарды бейбіт өмірді сақтауға, түрлі арандатушылыққа бой алдырмауға, Отанды қорғауға дайын болуға шақырды. Жастардың алдында тәлімге толы тәрбиелік кеңесін айтқан Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің облыстағы ардагерлер ұйымының төрағасы Рамиль Тартыков сөзін елге бейбітшілік тілеумен түйіндеді. Кездесу кешінде Ауған соғысы жайлы түсірілген деректі фильм көрсетіліп, патриоттық әндер шырқалды. Жастар ардагерлерге құрмет көрсетіп, алғыстарын айтса, қариялар жасөспірімдерге батасын берді. Келелі сөз өрбіген кездесу кеші барша қатысушылардың «Атамекен» әнін бірге орындауымен қорытындыланды.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Тараз қаласы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support