- Advertisement -

Әріптес туралы әңгіме

323

- Advertisement -

Мамандық атаулының жеңілі жоқ. Қай саланың да қыры мен сыры, қатпарлары бар. Сол қатпарларды тегіс білетін, өмірлік мектептен өткен алдыңғы толқын ағалар – нағыз ұстаздар. Ондай тәжірибесі мол кісілердің үлгісі мен тәрбиесі жас мамандарға ауадай қажет. Осындай шеберлігі шыңдалған білікті маманның бірі – Әділбек Баққараев.

Әділбек Жүнісұлын жиырма жылдан астам уақыттан бері білемін. Мен таныған кезде қандай ақкөңіл, елгезек, көпшіл болса, әлі де сол қасиетінен айнымай келеді. Әдекеңнен облыс журналистикасының алдыңғы толқындары туралы сұрасаңыз, майын тамызып айтып береді. Есімі көпшілікке белгілі журналистиканың қара нарлары туралы айтылған Әдекеңнің әңгімелерін ести бергің келеді. Себебі ол әңгімеден біздің аларымыз бар, көңілге түйеріміз көп.

Біз ағамен 2015 жылдан бастап біраз жыл облыстық «Aq jоl» газетінде бірге қызмет еттік. Әділбек аға – жауапты хатшы, мен – руханият және спорт бөлімінің тілшісі. Шақырып алады да «Жазсаңшы, жаз» дейді. «Анау ауылға бар. Зержан деген апаң 101 жасқа келіпті. Соны жазып қайт. Бергі жағындағы Ақкөлге таза ауыз су кіргелі жатыр. Үшаралға қарай жаңа жол салынып жатыр. Соларды жаз» дейді. Бұйырғанын жазып жүрдік қой. Мен сонда «Әдекең Таразда жүріп, айдаладағы ауылда тұратын Зержан апаның 101 жасқа келгенін қайдан біледі» деп ойлаймын. Зержан әже біздің ауылда тұрды. Майдангердің жесірі. Жас күні ауыр бейнетпен өткен. Бірақ мойымай, қайта ширап, 105 жас жасады.

2017 жылы ма екен, әкесі ауырды. Менің көлігіммен Әдекең екеуміз бардық. Жүніс қария Тараздағы тағы бір баласының қолына келіпті. 82 жасқа келген сөзшең қария сол күні жақсы сөйлеп отырды. Бірақ ұзамай әлсірей берді. Сол кезде Әділбек аға қайта-қайта дәрігер апарып, әкесінің асты-үстіне түсті. «Жазылып кетсе екен» деп тілеумен болды. Сонда 82-ге келе ме, 100-ге келе ме, әкенің орны бөлек екен-ау деп ойладым. Ұзамай әкесі Жүніс қария сол науқастан бақилық болды. Сол кездегі Әдекеңнің әкесіне деген құрметі, жанашырлығы, қамқорлығы әлі көз алдымда.

Ал енді Әділбек Баққараев журналистикаға қалай келді? Осы мәселеге тоқталайық. Ол туралы өзі: «Ай-хой, дәурен серуен, өмір бір көшкен керуен» демекші, зырлаған уақытқа таңданғаннан басқа еш шараңыз жоқ. Әйтпесе, облыстың аға газетінде еңбек жолымды бастағаным кеше ғана секілді еді. 35 жылға жуық мерзім өте шыққан екен. Мен әуелі мектеп оқушысы кезінен аудандық «Ленин жолы» газетіне (қазіргі «Талас тынысы») қысқа хабарлар, ауыл өмірінен шағын суреттемелер жаза бастадым. Малшының баласы болдық. Сол жетістікке де ата- анамыз қуанып, ауыл-аймақ елеңдеп отыратын. Сол жағдайларды байқаған сайын «Журналист болсам» деген мақсат көңілімде асқақтай түсетін. Мектеп бітірген соң, әкеме екі жыл көмекші шопан болдым. Ол кездің талабы бойынша жоғары оқуға түсу үшін екі жылдық еңбек тәжірибесінен өту керек еді. Көмекші шопан бола жүріп те аудандық, облыстық газеттерге мақалалар жазып тұрдым. 1982 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетіне құжат тапсырдым. Сол уақытта аудандық «Ленин жолы» газетінің бас редакторы Әбдірахман Әбдірәсілов қолдап, сәт-сапар тілеп, жақсы мінездеме жазып берді. Екінші курста жүргенде әскерге шақырылып, отандық борышымды өтеуге кеттім. Әскерден келген соң университеттегі оқуымды бір жыл жалғап, отбасылық, басқа да себептермен сол оқудан шығып қалдым. ҚазМУ-дың дипломы солай маған бұйырған жоқ. 1986 жылы Тараз қаласына (ол кезде Жамбыл қаласы) келіп, басқа салада жұмыс істеп жүрдім. Бірақ бар ниетім – редакцияда, «Еңбек туында» (кейіннен «Ақ жол» болып атауы өзгерді ғой). Шағын мақала, суреттемелерді оқта-текте жазып қоямын. Арада бір жылдай уақыт өткенде «Ақ жол» газеті бас редакторының сол кездегі бірінші орынбасары Әлдихан Қалдыбаев мені өзіне шақырды. Газетке жазып жүргендерімді байқап жүргенін айтып, театр тақырыбынан бір тапсырма берді. Ол кезде жұрт театрға жиі баратын. Содан ҚР еңбек сіңірген актрисасы Гүлбаршын Өскенбаева жайлы «Өрде» деген материал жазып апардым. Қалдыбаев оқып шықты да, «Сен өзі қайда жүрген баласың? Мынауың нағыз очерк» деді риза болып. Келесі нөмірлердің біріне менің материалым «жарқ» ете қалды. Көп ұзамай Әлдекеңнің қолдауымен арманым орындалып, редакцияға жұмысқа тұрдым. Мұндағы алғашқы жұмысым – курьер деп аталды. Содан 1992 жылдың басында бас редактор Арғынбай Бекбосынның бұйрығымен қоғамдық-саяси бөлімнің тілшісі болып қабылдандым. Алғашқы бөлім меңгерушім – Қыстаубай Байтуовтан да үйренгенім аз емес.

Дәл осы жылдары жер-жерде ас-жиын өткізіп, айтыс жасап, көкпар беру көбейді. 1992 жылдың күзінде Таласта Қойгелді батырдың тойы өтті. Облыс, аудан басшылары қатысты. Алматыдан, сырт облыстардан да қонақтар келді. Дүркіреп өтті. Сол асты барып көріп, бәйге, көкпарын тамашаладық. Бірақ газетке ақпарат жазамын деп еш ойлаған жоқпын. Себебі аудандарда меншікті тілшілер бар дегендей. Содан не керек, ас өтіп, дүйсенбі күні жұмысқа барайын. Газет деген – комбайн. Кезекті нөмірге қарбалас шақ. Бір кезде редакция басшылары: «Таластағы Қойгелдінің тойына қай журналист барды? Нөмірге жазып берсін» деп тақымдай бастады. Менің барғаным белгілі болды. Бас редактордың орынбасары Бақытяр Әбілдаұлы бір кабинетке қамады да, «Сағат кешкі беске дейін жазып бер, нөмірге кетеді. Міне, телефон. Қажет болса аудан әкімі Ералы Дадабаевқа хабарлас. Байланыс нөмірін берем» деді. Содан отырып алып, жаздым. Айтылған уақытта өткіздім. Газеттің бетімен бір бетке жуық, үлкен мақала болды. Бақытяр бастығым «Очеркке пара-пар» деп мақтап қойды. Қойгелдінің тойы айқарма бетке суреттерімен көлемді болып шықты. Ол уақытта газеттің таралымы қазіргіден төрт есе көп. Ертеңіне бас редактордың кабинетінде лездеме болып жатыр. Бас редактор Арғынбай Бекбосын «Баққараев бар ма?» деді. «Мұндамын» деп орнымнан атып тұрдым. «Кешегі Қойгелдінің тойы туралы мақаланы облыс әкімі Өмірбек Байгелдиев оқыпты. «Баққараев деген қандай журналист? Менің рақметімді жеткізіңдер» деді» деп төбемді көкке жеткізгені. Бір жолы облыс әкімі Серік Үмбетовтен де осылай алғыс алғаным бар» деп толғанады.

Әділбек Жүнісұлы жайлы ұзақ жыл «Aq jol» газетінде бірге істеген әріптесі Жанна Бейсенқұлова: «Әділбек аға ғұмырының ұзақ уақытын «Ақ жол» газетіне арнады. Ол кісі ұжымда аңқылдап жүгіріп жүретін. Әлдихан аға, Бақытяр аға, Қыстаубай мен Әбдуәлі ағаларға «қара бала» болып кетті. Ағаларға елгезек іні болды, жастарға қамқорлық танытты, ақыл айтып, жол көрсетті. Газеттің барлық бөлімдерінің жұмысына «жегіліп», тәжірибе жинады. Содан әбден ысылып, сақа журналист боп, әр бөлімнің қазанында қайнап шықты. Соңғы он бес жылдан бері жауапты хатшы қызметін атқарды. Компьютер бөлімімен, яғни біздің бөліммен өте тығыз байланыста жұмыс жасадық.

Ол кісі жұмыста жалпы көңілді, жан-жағын күлкіге көмкеріп жүретін. «Ағамның алды ақ жайлау» дегенді мен осы Әділбек ағайға арнап айтар едім. Шаршап жүрсек те, сол кісі кабинетке кірсе бәрін ұмытып, бір серпілтіп кететін ғажап бір тәсілі бар-тұғын. Тағы бір жақсы қасиеті бар, ешқашан сен нешеде жұмысқа келдің, кеттің деп кінә артпайтын, ол кезде біздің балалар жас, біреуін балабақшаға, біреуін мектепке тасимыз. «Тірліктеріңді бітіріп алыңдар» деп қамқорлық танытып, редакторға жоқтығымызды білдіртпей, тігісін жатқызып отыратын қасиетін ерекше бағалаймын. Әлдихан аға бастаған сол кездегі редакциядағы аға толқын ақсақалдарымыздың тәлімін көп алды. Солардың қастарында ең ұзақ жүргендердің бірі. Сондықтан әңгімені өте жақсы, майын тамызып айтады. Бәріміз ұйып тыңдап, өзі айтпақшы «ауыздарыңды аңқайтайын» деп, әңгіменің тетігін ағытып кететін. Мен ағамен бірге жиырма жылдам астам жұмыс істеп, оның ашуға булығып, артық сөз айтып, дауыс көтергенін естімеппін. Әр кез барлық қиындықты қалжыңмен жеңіп, күлкімен көмкеріп жіберетін.

Ол кісі өзінің жұмысын редакцияға алғаш келгенде курьерліктен бастаған екен, сосын корректор болған. Кезекшілікте шұқшиып отыратын кезекші редакторлардан ертесіне кейде қате кетіп жататын. Аға болса бір бетті, өзі күдіктенген мақаланы, басы-аяғын бір шолып шығатын да, шиырлап қол қоя салатын. Ол кісінің кезекшілігінен қате де кетпейтін, сол корректорлық қырағылықтан қалыптасқан әдіс болу керек. Әр кез жұмысты күліп-ойлап, бәрімізге жақсы көңіл-күй сыйлап жүретін, алды ақ жайлау ағаның отбасына амандық тілеймін!», дейді.

Әділбек Жүнісұлы облыстың бас газетінде 1987 жылдан 2018 жылға дейін еңбек етті. Қазіргі таңда облыстық мемлекеттік архивте архивші болып істейді. Шаң басқан архивтерді ақтарып жүріп, екі томдық «Жамбыл облысының бірінші басшылары», «Ерлік ескірмейді» атты тарихи кітаптар жазды. Ал қазір «Өткен күнде белгі бар» атты жаңа кітап жазу үстінде. Ол бүгінгі таңда алты белестен асып, асқаралы 60 жасқа толып отыр. Бұл жасқа жеткенде Әдекеңнің кейінгі буынға айтары көп. Қашанда ісі абыройлы, жазары көп болсын демекпіз.

 

 Есет ДОСАЛЫ

Тараз қаласы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support