- Advertisement -

Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы – конституциялық реформаның жалғасы

203

- Advertisement -

2022 жылдың 1 қыркүйегінде «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа Жолдауын жариялаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазіргі геосаяси жағдайда біз мемлекеттілігімізді біртіндеп нығайтып, реформалар мен жаңару бағдарын нық ұстануымыз қажет. Барынша мұқият әрекет жасап, еліміздің ұзақ мерзімді мүддесіне сай жұмыс жүргізуіміз керек. Реформалардың қазіргі қарқынын сақтау, саяси мәселелердің бәрін кейінге қалдырмай шешу аса маңызды. Ол үшін алдағы сайлау кезеңдерін тиімді жоспарлау қажет. Жаңа стратегияға сәйкес басты мемлекеттік институттарды кешенді түрде қайта жаңғыртуға кірісу қажет деп санаймын. Сондықтан мен күзде кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді, Мәжілістің және барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауын келесі жылдың бірінші жартысында өткізуді ұсынамын…», – деген болатын.

Сонымен, биыл 19 наурызда елімізде тағы бір маңызды саяси науқан – сайлау өтеді. Бұл жайында Мемлекет басшысының Парламент Мәжілісі және мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы жасаған мәлімдемесінен кейін белгілі болды. «…Мен былтыр күздегі Жолдауымда Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы осы жылдың бірінші жартысында болатынын жарияладым. Яғни, бұл бастама айтылған сәттен сайлауға дейін жарты жылдан астам уақыт өтеді. Тәуелсіздік жылдарында сайлауға дайындалу үшін кандидаттар мен саяси партияларға осыншама көп уақыт берілген емес. Мәжілістің және мәслихаттардың кезектен тыс сайлауы – конституциялық реформаның жалғасы. Былтырғы референдумда халқымыз бұл реформаға қолдау білдірді. Соның нәтижесінде еліміз өкілді билікті жаңа, әділ әрі ашық бәсекеге жол ашатын қағида бойынша жасақтауға көшті», – деген Президент Мәжілісті тарату және мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы Жарлықтарға қол қойды. «Мәжілістің кезектен тыс сайлауы 2023 жылғы 19 наурызда өтеді. Барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауын Орталық сайлау комиссиясы белгілейді», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, біз дамудың жаңа дәуіріне қадам бастық. Қазақстанда қарқынды және жан-жақты жаңару үдерісі жүріп жатыр. Сайлаушылардың мүддесі жалпыұлттық және аймақтық деңгейде толық қорғалатын болады. Өкілді билікке түрлі көзқарастағы азаматтардың келуіне мүмкіндік туады. Азаматтық қоғамның одан әрі дамуына айтарлықтай жағдай жасалады. Қазақстандықтар да бұл кезектен тыс сайлау қоғамдағы өзгерістердің көрінісі ретінде саяси жүйеміздің одан әрі жаңғыруына зор ықпалын тигізеді деген сенім білдіруде.

– 19 қаңтарда Парламент Мәжілісі, сондай-ақ барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттіктері мерзімінен бұрын тоқтатылды. Бұл заңды шешім, әрине, біз үшін күтпеген жаңалық болған жоқ. Себебі, Президентіміз саяси реформалар жайлы өзінің Жолдауында айтқан болатын. Қазақстан халқы да референдумда саяси реформаларды, оның ішінде Парламент пен мәслихаттарды құру тәртібін жаңартуға бағытталған реформаларды қолдағаны белгілі. Осы ретте ел Президенті халықтың үніне құлақ аса отырып, жаңа Парламент пен мәслихатты құру мақсатында дұрыс шешім қабылдады деп санаймын. Біздің мемлекетіміз де, қоғам да өзгеріп жатыр, жаңа дәуірге қадам басып отырмыз. Сондықтан мемлекет игілігі үшін Мемлекет басшысының бастамаларын қолдаймын. Өзімнің депутаттық қызметіме тоқталсам, екі жыл өте жылдам өтіп кетті. Мен үшін бұл жаңа деңгей болды, осы уақытта депутаттық қызметке әбден бейімделдім және өз қызметімді толық меңгердім. Қызметте үлкен тәжірибе жинақтадым. Әлбетте, жетінші шақырылым депутаттары үлкен, ауқымды жұмыс атқардық деп ойлаймын.

Праймериз кезінде қолдап, сенім білдірген барша халыққа, жерлестеріме үлкен алғыс білдіремін, – дейді Парламент Мәжілісінің жетінші шақырылым депутаты Гүлдара Нұрымова.

Мемлекет басшысының депутаттардың кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы мәлімдемесінде айтылғандай, енді Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізім арқылы, ал қалған 30 пайызы бір мандатты округтерден сайланатын болды. Үміткерлер сайлауға партиялар мен үкіметтік емес ұйымдар атынан қатыса алады және өзін-өзі ұсынуға мүмкіндік алды. Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихат депутаттары да аралас жүйе бойынша сайланады. Депутаттардың 50 пайызы бір мандаттық жүйе арқылы, 50 пайызы партиялық тізім бойынша өтеді. Аудандар мен қалалардың мәслихаттарына сайлау толық мажоритарлық жүйе бойынша өтпек. Мажоритарлық жүйе – бұл саяси партиялар емес, нақты жеке тұлғалар дауысқа түсетін әдіс. Осылайша, Мәжіліс пен мәслихаттар жаңа үлгі бойынша жасақталады. Сонда сайлаушылардың мүддесі жалпыұлттық және аймақтық деңгейде толық қорғалады. Өкілді билікке түрлі көзқарастағы азаматтардың келуіне мүмкіндік туады. Азаматтық қоғамның одан әрі дамуына айтарлықтай жағдай жасалады. Депутаттық мандаттың 30 пайызын әйелдерге, жастарға және ерекше қажеттілігі бар азаматтарға бөлу де заң жүзінде бекітілді. Мұның бәрі саяси бәсекені күшейтіп, саяси жүйенің ашықтығын қамтамасыз ететіні, сондай-ақ саясаткерлердің жаңа буынының қалыптасуына жол ашатыны сөзсіз.

Биылғы 19 наурызда Мәжіліспен қатар мәслихат депутаттарын да кезектен тыс сайлау ұсынылғандықтан Орталық сайлау комиссиясы да қаулы жобасын қабылдады. Сайлау туралы конституциялық заңның нормаларына сәйкес, өкілеттіктері мерзімінен бұрын тоқтатылған мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауы мәслихаттар өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған күннен бастап екі айдан кешіктірілмей өткізілуге тиіс. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, мәслихат депутаттарын сайлауды ұйымдастыру мен өткізуді тиісті аумақтық сайлау комиссиялары қамтамасыз етеді.

Біздің облыста да маңызды саяси науқанды ойдағыдай ұйымдастырып, өткізу үшін 12 аумақтық, 194 округтік және 499 учаскелік сайлау комиссиясы құрылды. Комиссия мүшелерінің жалпы саны 4825 адамды құрайды. Өңірде алдағы сайлауға шамамен 720 мың сайлаушы қатысады деп күтілуде. Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлау аралас сайлау жүйесі бойынша жүргізіледі. Жалпы Парламент Мәжілісі Конституциялық заңда бекітілген тәртіппен сайланатын 98 депутаттан тұрады. Олардың 69-ы біртұтас жалпыұлттық сайлау округі бойынша партиялық тізімдер бойынша саяси партиялардан және 29-ы бір мандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша жасырын дауыс беру кезінде жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде сайланады. Облыс бойынша бір мандаттық (мажоритарлық) жүйемен сайлау өткізу үшін 192 сайлау округі (облыстық – 18, қалалық – 27, аудандық – 147) құрылды.

– Жаңа кезеңге жаңа Мәжіліс, әртүрлі деңгейдегі жаңа мәслихаттар қажет. Бұл – бүгінгі қоғам талабы. Мемлекет басшысының Жарлығымен тағайындалған кезектен тыс сайлауды ұйымдастырып, өткізу жұмыстары біздің ауданда да басталып кетті. Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен облыстың әкімшілік-аумақтық бірлігі мен сайлаушылар саны ескеріле отырып, облыста Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлау бойынша екі округ құрылғаны белгілі. Біреуі Тараз қаласында болса, екіншісі – №16 округтік сайлау комиссиясының орталығы біздің ауданда орналасқаны бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Бұл округтің құрамына Сарысу, Мойынқұм, Байзақ, Т.Рысқұлов, Меркі, Шу, Қордай аудандары еніп отыр. Сондай-ақ облыстық мәслихат депутаттарын сайлау жөнінде №17 округтік сайлау комиссиясы және аудандық мәслихат депутаттарын сайлау бойынша 14 округтік комиссия өздерінің жұмысын бастап кетті. Олардың барлығы материалдық-техникалық жабдықтармен толық қамтылған. Бүгінде ауданда жалпы 35 учаскелік сайлау комиссиясы жұмысына кірісті, – дейді Т.Рысқұлов аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Манарбек Тілепов.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 26 қаңтарда Парламент сенатында сөйлеген сөзінде елімізге жауапкершілігі жоғары партиялар қажет екенін айтты. «Саяси жүйені орнықты дамыту ісінде партиялар маңызды рөл атқарады. Осы орайда елімізге жауапкершілігі жоғары партиялар қажет. Олар халықтың мүддесін тиімді қорғай білуге тиіс. Сондай-ақ мемлекет тұғырын нығайту және ел бірлігін сақтау мәселесін бәрінен биік қоюы керек. Партиялар азаматтық қоғамның басты тірегі болуға тиіс. Жұртшылықтың талап-тілегіне жете мән беріп, жүйелі жұмыс жүргізуі қажет. Саясаткерлердің жаңа шоғырын қалыптастырып, оларды елге таныту да маңызды», – деген Президент алдағы сайлауда партиялардың барлығына бірдей мүмкіндік берілетінін атап өтті. «Жұрт жақында өз таңдауын жасайды деп сенемін. Алдағы сайлауда партиялардың бәріне бірдей мүмкіндік беріледі. Мәжіліс пен мәслихат сайлауы жаңа әрі әділ ереже бойынша өтеді», – деді Мемлекет басшысы.

Айта кетсек, елімізде конституциялық реформа аясында саяси партияларды тіркеу рәсімі жеңілдетілгені белгілі. Атап айтқанда, партия мүшелерінің санына қатысты талап өзгерді. Осы және басқа да жүйелі шаралардың нәтижесінде елімізде көп уақыттан бері алғаш рет бірнеше жаңа саяси партия тіркелді. Орталық сайлау комиссиясы Мәжіліс пен мәслихат сайлауына қатысуға 7 партияға рұқсат берді. Сонымен, қай партиялар сайлауға қатысады? «Қазіргі уақытта Қазақстанда 7 саяси партия тіркелген және жұмыс істеп отыр. Олар: «Қазақстан Халық партиясы», «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы, «Amanat» партиясы, «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы, 2022 жылы қараша айында тіркелген «Байтақ» қазақстандық жасылдар партиясы және биыл қаңтарда тіркелген «Республика» партиясы», – деді Әділет вице-министрі Алма Мұқанова Орталық сайлау комиссиясының отырысында.

– Қазақстан Халық партиясының облыстық штабында сайлауға дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Өткен аптада XXIII облыстық партия конференциясы өтіп, әр өңірден жиналған 55 делегат барлық деңгейдегі мәслихаттарға ұсынылған кандидаттарды бекітіп, Президенттің бастамаларына қолдау көрсетті. Үміткерлер қатарында кәсіпкерлер мен қоғамдық ұйым басшылары, педагогтер мен құрылысшылар, сала мамандары, құқық қорғаушылар мен қоғам белсенділері бар. Алдағы сайлауға біздің партиядан қоғамның барлық саласын жетік білетін азаматтар қатысқалы отыр. Олардың үштен бір бөлігін жастардың құрайтыны қуантады. Ендігі кезекте үміткерлердің құжаттарын сайлау комиссияларында тіркеу мәселесі тұр. Алдағы сайлауда жеңіске жеткен жағдайда біздің депутаттар өз сайлаушыларының өмір сүру деңгейін жақсартуға күш салатынына сенімдіміз, – дейді ҚХП облыстық филиалының төрағасы Жанат Бастаубаева.

Сонымен Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттарының сайлауы бір күнде – 19 наурызда өтеді. Онда 12 миллионға жуық азамат дауыс беріп, өз таңдауын жасайды. Депутаттыққа кандидаттарды ұсыну кезеңі 20 қаңтардан 8 ақпанға дейін жалғасады. Кандидаттарды тіркеу 18 ақпанда жергілікті уақыт бойынша сағат 18.00-де аяқталады. Сайлау науқанын ұйымдастыру және оны өткізу ісінде аумақтық сайлау комиссиялары маңызды рөл атқарады. Енді облыстық сайлау комиссиялары кәсіби түрде тұрақты жұмыс істеуде. Бұл шешім сайлауға қатысты іс-шаралардың сапалы атқарылуын қамтамасыз етпек. Алдағы сайлаудың заңға сәйкес өтуіне, әділ әрі ашық болуына қатаң бақылау жасалады. Сайлау науқанын отандық және халықаралық байқаушылар жіті қадағаламақ. Осы тұста азаматтарымыздың байқаушы ретінде белсенділік танытуы маңызды. Бұл сайлау науқаны еліміздегі саяси мәдениеттің жоғары екенін айқын көрсетіп, қоғамымызды ұйыстыра түседі деген сенім бар. «Бұл сайлау қоғамдағы өзгерістердің көрінісі ретінде саяси жүйеміздің одан әрі жаңғыруына зор ықпалын тигізеді. Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы мемлекеттік билік институттарын жаңғырту жұмыстарының қорытынды кезеңі болмақ. Осылайша, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты толық іске асады. Біз бір ел, бір халық болып, Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Осы жолда түрлі сын-қатерді еңсеріп, көптеген маңызды міндетті бірге атқаруымыз керек», – деп қазақстандықтарды азаматтық жауапкершілік танытып, Мәжіліс пен мәслихат сайлауына белсене қатысуға шақырған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сайлау елді бөлетін емес, біріктіретін науқан болуы керек екенін қадап айтты.

Ендеше, 19 наурызда өтетін маңызды саяси науқан – Парламент Мәжілісі және мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауы жаңа әрі әділ ереже бойынша өтеді, ал жаңадан сайланған депутаттар Мемлекет басшысының саяси реформаларын табысты жүзеге асыруға күш салады, қоғамдағы тұрақтылық пен заң үстемдігін қамтамасыз етеді, өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелерге үн қосып, азаматтардың тұрмысын түзеп, әл-ауқатын жақсарту жолында жұмыла жұмыс істейді деп сенейік.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support