- Advertisement -

Депутаттар қоғамдық мәселелерде өте белсенді

78

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында әділдік салтанат құру үшін Парламент пен мәслихаттарды партиялық тізім мен бірмандатты округ бойынша жасақтаудың тың тәсілдері іске қосылатынын айтқан болатын. Бұрынғы тәртіп бойынша сайланған биліктің өкілді органдарының кезектен тыс сайлау науқаны арқылы жаңаратынын алға тартып, Мәжілістің және барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауы өткізілетінін тапсырған. Президент тапсырмасымен Мәжіліс және мәслихат депутаттарын сайладық. Наурыз айында сайланған депутаттармен қайта жасақталған облыстық мәслихат бүгінге дейін нендей жетістікке қол жеткізгені бәрінің де көкейіндегі сауал екені рас.

Аталған Жолдауда Президенттің «Біз көпшіліктің мүддесін білдіретін депутаттардың жаңа құрамын жасақтаймыз. Бұл қадам мәслихаттар мен Парламент жұмысының тиімділігін арттырары сөзсіз. Болашақта Үкімет құрамына сайлаушылардың басым көпшілігінің дауысын алған саяси күштердің ғана емес, Парламенттегі басқа да партиялардың өкілдері кіруі мүмкін. Мұндай тәсіл атқарушы билікке бүкіл қоғамның талап- тілегін ескеретін тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді» деген тапсырмасы жүзеге асты. Нәтиженің қалай өрбіп жатқанына тоқталу үшін облыстық мәслихаттың жұмыстарын нақты айтқан жөн болар. Биылғы 19 наурызда өткен сайлауға партиялық тізімдер бойынша 6 саяси партия қатысты. Биылғы жылдың 28 наурызында облыстық сайлау комиссиясының отырысында облыстық мәслихаттың депутаттығына 6 саяси партияның басшы органдарының партиялық тізімдері бойынша ұсыныстары қаралып, нәтижесінде облыстық мәслихат депутаты болып 18 адам тіркелді. Облыстық мәслихаттың бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайлауға 64 кандидаттар түсіп, олардың 18-і халықтың таңдауымен депутат болып сайланды.

Нәтижесінде, биыл 19 наурызда өткен сайлауда облыстық мәслихаттың депутаттығына 6 саяси партия қатысып, қатысқан барлық партиялар дауыс беруге қатысқан сайлаушылар даусының бес және одан да көп пайызын жинады. Сайланған 36 депутаттың 27-сі ер азаматтар болса, 9-ы әйелдер.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттің VIII шақырылымының бірінші сессиясында «Депутаттар билік пен қоғамның әріптестігін нығайтуға үлес қосуы қажет. Бұл жұмыс «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын орнықтыруға септігін тигізеді. Әсіресе, сайлауда жеңіске жеткен «Amanat» партиясы осы жұмысқа белсене атсалысады деп сенемін. Партияның тәжірибесі мол, қоғам тарапынан жан- жақты қолдау бар. Сондықтан, «Amanat» партиясы алдағы өзгерістердің бел ортасында болады деп үміттенемін» деп партияға сенім артты. Қоғам өмірінде саяси мағынасы ерекше орын алатын сайлау науқаны өз деңгейінде өтті. Бұл саяси науқанда облыс жұртшылығы белсенділік көрсетіп, өздерінің саяси біліктілігі мен азаматтық позицияларын білдірді.

Сегізінші шақырылған облыстық мәслихаттың алғашқы сессиясы 30 наурызда өтіп, бұл сессияда облыстық мәслихаттың төрағасы және тұрақты комиссияларының төрағалары мен мүшелері сайланды. Жалпы, биыл облыстық мәслихаттың жұмысы бекітілген жоспарға сәйкес ұйымдастырылып, бүгінгі күнге 5 сессия өтсе, оның екеуі кезектен тыс сессиялар. Сессиялардың күн тәртібінде негізінен өңірдің әлеуметтік- экономикалық дамуының аса маңызды мәселелері қаралады. Атап айтқанда, «Жамбыл облысының аумағында құқықбұзушылықтардың алдын алу және қылмысқа қарсы күрестің жағдайы, ішкі істер органдарының материалдық-техникалық жарақтандырылуы туралы», «Облыстың елді мекендерінің сәулет келбетін жақсарту және көркейту барысында атқарылып жатқан жұмыстар туралы» мәселелер облыстық мәслихаттың кезекті сессияларының күн тәртібіне шығарылып, талқыланды. Сонымен бірге, «2023-2025 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» Жамбыл облыстық мәслихатының 2022 жылғы 14 желтоқсандағы №23-3 шешіміне өзгерістер енгізу туралы» және «Жамбыл облысының (қаланың, ауданның) Құрметті азаматы» атағын беру Қағидалары туралы» Жамбыл облыстық мәслихатының 2019 жылғы 12 қарашадағы №40- 3 шешіміне өзгерістер енгізу туралы» мәселелері бойынша депутаттар тиісті шешімдер қабылдады. Депутаттар сессияларда барлығы 3 негізгі мәселелерді қарап, жалпы саны 46-дан аса шешімдер қабылдады, оның ішінде 10 шешім әділет органдарында тіркеуден өтті. Сессияның қарауына енгізілген негізгі мәселелерді зерделеу барысына депутаттар белсене атсалысып отырғанын айтпай кетуге болмас. Материалдар дайындау мақсатында облыстық мәслихат төрағасының өкімімен үш топтан тұратын комиссия құрылып, құрамына депутаттармен бірге тиісті мамандар тартылды. Комиссия белгіленген мерзім ішінде аудандармен Тараз қаласының аумағында мәселенің мән-жайымен танысып, анықтамалар дайындалды. Сессияның қарауына материалдар дайындау барысында анықталған кемшіліктер жауапты лауазымды тұлғалар тарапынан бақылаудың жоқтығы немесе өз жұмысына салғырт қарағандықтан орын алған деп есептеуге болады. Мұндағы басты мәселе кеткен кемшілікті көзге шұқып көрсету емес, оны болдырмау жолдарын бірлесе отырып іздестіру, шешу жолдарын қарастыру.

Ортақ шаңырағымыз–мемлекетіміздің дамуы үшін жоғарыда аталған жұмыстар жалғаса береді.

 

Абдалы НҰРАЛИЕВ,

облыстық мәслихаттың төрағасы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support