БАҚ-пен байланыс

БАҚ-пен байланыс
ашық дереккөз
БАҚ-пен байланыс
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті мен Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының облыс бойынша филиалы жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесті. Кездесу әуелі аталған қос мекеменің жұмысымен танысудан басталды. Айта кетейік, мұнда ақпараттық- ресурстық орталық, мемлекеттік қызметкерлер мен жас мемлекеттік қызметшіні оқытатын кабинет, кітапхана, мемлекеттік қызмет, мемлекеттік қызмет көрсету, мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармалары орналасқан. Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері департаментте мемлекеттік қызметтің жай-күйіне мониторинг қалай жасалатынымен, түскен шағымдардың қаралу заңдылығымен, теріс қылық жасаған мемлекеттік қызметші ісіне зерделеудің жүргізілу жұмыстарымен танысты. Содан соң кездесу ашық сұхбатпен жалғасты. – Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаменті ашықтықты барынша қамтамасыз етуді мақсат етеді. Жүзеге асырылған жұмыстарды елге жариялауда сіздердің рөлдеріңіз зор. Сондықтан, бүгін нақты жұмысымызбен таныстыру үшін сіздерді арнайы шақырдық. Білесіздер, Әдеп жөніндегі кеңес мүшелігінде бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бар. Сондай-ақ, жуырда төртжақты келісім жасалып, мемлекеттік қызметшілердің жұмыстан тыс уақытта театрға, концертке барып, мәдени орындардан рухани азық алуына мүмкіндіктер қарастырылды. Мысалы, бұрын ондай іс-шаралар көбіне сағат 16.00-де, 17.00-де өткізілсе, енді сағат 19.00-ден кейін өткізуге ұсыныс бердік. Өткен аптада облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасымен де үшжақты меморандумға қол қойылып, мемлекеттік қызметшілердің спортпен шұғылдануына, облыстағы жоғары оқу орындарымен біріккен зерттеу жүргізуге, басқа да керекті істермен айналысуына жағдай жасамақпыз. Арамызда ел игілігі үшін өзіне жүктелген міндетті адал атқарып жүрген мемлекеттік қызметшілер аз емес. Бір ғана мысал айта кетейін. Талас ауданы, Берікқара ауылдық округінің Майтөбе ауылында округ әкімі боранды күні 70 азаматты дүлей дауылдан аман алып қалуда үлкен көмек көрсетті. Біз сол туралы бейнеролик дайындап, әлеуметтік желіде жариялап едік, көптеген адамдар оң пікір білдірді. Міне, осындай жұмысына адал мемлекеттік қызметшілердің еңбегін қалың жұртқа жариялап отыруға сіздер де үлес қоссаңыздар екен, – деді Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыс бойынша департаментінің басшысы Лесбек Ілебаев. Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының көздегені – мемлекеттік қызметшінің имиджін көтеру. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар аз емес, әйткенмен, көпшілік мемлекеттік қызметшіні сынауға бейім тұрады. Қарбалас жұмыс арасында сәл қателессе, соны іліп әкетеді. Ал, жақсы істер сынның тасасында қалып жататыны рас. Енді мемлекеттік қызметшінің өз жұмысы жөнінде дұрыс ақпарат беріп, журналистермен ашық сұхбаттаса білуге үйрететін арнайы студия ашуды да ойластырып отырмыз. Ондағы іс- шараларды да өздеріңіз көретін боласыздыр. Бәріміздің ортақ міндетіміз – елге адал қызмет ету, мемлекеттік саясатты көпшілікке дұрыс жеткізу, мемлекетке деген халықтың сенімін нығайту. Осы бағытта бірлесіп жұмыс істеуге шақырамыз, – деді Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы облыс бойынша филиалының басшысы Рауан Садырқұлов. – Әрине, сіздердің жұмыстарыңыз мемлекеттік қызметшілерді жазалау емес, олар қателікке жол бермеуі үшін алдын алу шараларын ұйымдастырып жүрсіздер. Жүзеге асырылған жұмыстарыңызды «Aulieata-Media» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты облыстық «Aq jol», «Знамя труда», «Ar- Ai» газеттерінде және «Jambyl info» ақпараттық агенттігінде жариялап отырамыз. Алдағы уақытта сіздер ашқалы отырған студияны пайдаланып, Қазақстан Журналистер одағының облыстағы филиалы арқылы тілшілердің де мемлекеттік қызмет саласындағы біліктілігін арттыруды ұйымдастырсақ дұрыс болар еді, – деді «Aulieata-Media» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас директорының уақытша міндетін атқарушы Алпамыс Қазыбаев. Басқосу барысында облыстық «Jambуl.tv» телеарнасы мен «Taraz-24» ақпараттық интернет арнасының директорлары мен «Aq jol», «Знамя труда», «Ar-Ai» газеттерінің бас редакторлары пікірлерін айтып, ұсыныстарын ортаға салды. Олар мемлекеттік қызметшілерге мемлекеттік қызметте де, журналистикада да еңбек еткен, жан-жақты білімі мен тәжірибесі бар ұшқыр ойлы журналистер дәріс өткізсе деген ойын жеткізді. Сол арқылы мемлекеттік қызметкерлердің өз жұмыстары жайлы дұрыс ақпарат беріп, ашықтықты қалыптастыруына ықпал етуге мүмкіндік тумақ. Сонымен қатар, басқосуда кейбір мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін жан-жақты дамытып отыруға септігі тиетін газетті жаздырып алудан бас тартатыны, сөйтсе де мақалаларын шығартуға өтініш жасап, оның PDF нұсқасын сұрататыны да айтылды. Газетке жазылу міндеттелмейді, бірақ күнделікті ақпаратқа қанығып, рухани білімін арттыруға кез келген азамат өзі ұмтылуы керек екендігі де әңгіме болды. Көбіне мемлекеттік қызметшілер кемшін кеткен істерді бұқаралық ақпарат құралдарынан жасырып қалғанымен, блогерлер арқылы әлеуметтік желіде тарап, сенімге сызат түсіретіні де, мемлекеттік қызметтегі бірінші басшылар ақпарат, пікір, сұхбат беруді орынбасарына немесе баспасөз хатшысына жүктеп, нәтижесінде мәлімет есеп күйінде жарияланатыны да қозғалды. Мұндай олқылықтарға жол бермеу үшін басшылардың өзі бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен ашық сұхбаттасуға дайын болу керегі айтылды. Сонда ғана халық үніне құлақ асатын әділетті Қазақстан құрылатыны жиын талқысында сөз болды.

Ұқсас жаңалықтар