- Advertisement -

Сарбаздар ант қабылдады

117

- Advertisement -

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланның 5513 әскери бөлімінің 400-ден аса жас сарбазы ресми түрде ант қабылдады. Өткен жылдың желтоқсан айында әскерге шақырылып, сарбаз атанған жігіттердің басым бөлігі Алматы, Жетісу, Қарағанды, Ақтөбе, Маңғыстау өңірлері мен Астана, Алматы және Шымкент қаласынан келгендер. Ант қабылдау рәсіміндегі салтанатты жиынды әскери бөлім командирі, подполковник Ғазиз Кәдірбек құттықтау сөзбен ашты. Өз кезегінде 5513 әскери бөлімінің ардагерлері, құқық қорғау органдарының басшылары және сарбаздардың ата-аналары ақ тілектерін айтып, ұлдарына баталарын берді.

Қуанышты сәт арасында ант қабылдаған сарбаздардың ата-аналарымен тілдесудің де орайы келді. Солардың бірі – Алматы қаласынан ат терлетіп келген отставкадағы подполковник Анар Баймағамбетова ұлы, жас жауынгер Айдар Асанның Отан қорғаушысы болғанына қуаныштан жүрегі жарылардай болып тұрды. «Ұлымның әскери борышын өтеп жатқан жерін, командирлерін көріп, көңілім орнына түсті. Өз басым жиырма жылдан астам Ұлттық ұланның қатарында қызмет етіп, зейнетке шықтым. Бір сөзбен айтқанда, осы уақыт аралығында жастарды тәрбиелеу ісінің басы-қасында жүрдім. Өз тәжірибеме сүйене отырып, әскерге келген бозбаланың бір жылдан соң ерік-жігері шыныққан, өте байсалды, нағыз азамат болып шығатынын айта аламын. Жалпы, ант қабылдау жай ғана әскери іс-шара емес. Бұл – жас сарбаздарды Отанға адал қызмет етуге, оның қиындығына төзуге баулитын аса маңызды шара. Еліміз тыныш, халқымыз аман, аспанымыз ашық болсын», – деді Анар Тәңірбергенқызы.

Шара соңында жас жауынгерлердің туған-туыстары казарма үй-жайына, сарбаздар асханасына, медициналық бекетке бас сұғып, бөлімнің тыныс-тіршілігімен танысты.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support