- Advertisement -

Сыбайластықтың салдары ауыр

46

- Advertisement -

Жақында облыстағы бірқатар денсаулық сақтау және білім беру мекемелерінің басшылары өңірлік қылмыстық атқару жүйесі департаментіне бағынысты 67 тергеу изоляторына барды. Ондағы мақсат – мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілері қызметкерлерінің арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру. Осылайша, сыбайлас жемқорлық және басқа да қылмыстық құқықбұзушылық жасаудың салдары неге апарып соқтыратынын «темір тордағылардың» жағдайымен танысқан қызметкерлер көзбен көріп, көңілдеріне түйді.

Тергеу изоляторының қызметкерлері келушілерге тергеу бөлмелерін, қылмыскерлерге арналған камераларды, сотталғандардың серуендеу орындарын аралатып көрсетті. Келушілер экскурсиядан алған әсерімен бөлісіп, көргендері өздеріне қатты әсер еткенін жеткізді.

– Бұл профилактикалық іс-шара белгілі бір саладағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу, білім беру және денсаулық сақтау субъектілерінің қызметінде аса қауіпті тұрмыстық сыбайлас жемқорлық көріністерін барынша азайту мақсатында тұрақты жүргізіліп келеді. Біз мемлекеттік мекеме басшыларына сыбайлас жемқорлық қылмыстары нендей күйге жеткізетінін көрсеткіміз келеді. Тергеу изоляторының қабырғасында болған уақыт жауапты тұлғаға заңсыз әрекеттерден аулақ болуды ұғындырады деген ойдамыз. Изолятордағы тұтқындардың көпшілігі сот шешімін күтіп отыр. Соның ішінде сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін жауапқа тартылғандар да бар, – дейді облыс бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі превенция басқармасының бас маманы Гүлназ Бақытжанқызы.

Жемқорлықсыз қоғамды қалыптастыру – әрбіріміздің әрекетімізден бастау алады. Сондықтан ортақ мүдде үшін қандай да бір әділетсіздікке кезіксеңіз, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің «1424» телефон нөмірімен Call-орталығына хабарласуға болады немесе Тараз қаласы, Әйтиев көшесі, №40 мекенжайында орналасқан «Антикор орталығына» жүгініңіз. Жемқорлықпен жұмыла күресейік!

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support