- Advertisement -

Ешбір өтініш жауапсыз қалмайды

254

- Advertisement -

Ел тұрғындарының аманатын арқалаған «Amanat» партиясы атқарып жатқан жұмыстардың нәтижесін олардың қоғамдық қабылдауынан-ақ аңғаруға болады. Партия филиалдары өздеріне түрлі мәселелермен қайырылатын халықты тек кабинетте қабылдамай, көшпелі қабылдаулар да ұйымдастырып, көпшіліктің алғысына бөленіп жүр. Сөзіміз дәлелді болуы үшін нақты қаралған және оң шешімін тапқан бірқатар мәселелер төңірегінде әңгіме өрбітпекпіз.

Қазіргі уақытта «Amanat» партиясының облыстық филиалында 12 қоғамдық қабылдау бөлмесі жұмыс істейді. Оларға күні бойы түрлі мәселелермен келетіндердің қарасы қалың. Айталық, өткен жылы 4166 өтініш түссе, оның 2266-сы оң шешімін тауып, 1900 өтінішке түсініктеме берілген.

– Партияның қоғамдық қабылдау бөлмесіне келген адамның бәрі де қандай да бір түйінді мәселемен және оның оң шешімін табарына үміт артып келеді. Сондықтан біз де сенімнен шығу үшін барымызды саламыз. Әрине, бірден шешіле қоймайтын жайттар да аз кездеспейді. Дегенмен тиісті орындарға хабарласып, заң аясында шешімін табатын жолдарын көрсетеміз.

Өткен жылы ең көп арыз, өтініш Жамбыл, Байзақ аудандары мен Тараз қаласының тұрғындарынан тіркелді. Өтініштердің оң шешім табуында партияның аймақтық, аумақтық филиалдарындағы қоғамдық қабылдау бөлмелері тарапынан жүргізілген қатаң бақылаудың септігі көп тиді деуге болады. Қабылдауда көтерілген басты мәселелердің 53 пайызы әлеуметтік көмекке мұқтаждық болса, 11 пайызы тұрғын үй-коммуналдық мәселелер, 7 пайызы денсаулық сақтау, 6 пайызы баспана және жер учаскесін алу, ал 4 пайызы еңбек құқығын қорғау, оның ішінде жұмысқа орналасу, заңсыз жұмыстан шығару және еңбекақы өндіруге қатысты мәселелер. Әрине, басқа да бағыттар бойынша түрлі талап-тілектер назарға алынды. Атап айтқанда, білім беру, кәсіпкерлікті қолдау, несиелендіру және субсидия алу, Қазақстан Республикасының азаматтығын алу, халықты құжаттандыру, агроөнеркәсіптік кешен, жайылым жер, сот және құқық қорғау жүйесі мен тағы да басқа шағымдар қаралды. Сонымен қатар өткен жылы 1395 қоғамдық қабылдау өткізіліп, онда 3729 азаматтың мәселесі қаралған. Оның ішінде Парламент Мәжілісінің депутаттары тұрғындарға 19 жеке қоғамдық қабылдау өткізіп, 112 азаматтың ұсыныс-тілегін тыңдады. Мәслихаттағы партия фракциясы депутаттары да 475 қабылдау жүргізіп, 1123 тұрғынның мәселесін тыңдап, 472 азаматтың мәселесінің оң шешілуіне атсалысқан. Бұдан бөлек әкімдер, әкім орынбасарлары, жергілікті мемлекеттік органдар, департамент және басқарма басшылары, партияның атқарушы хатшылары, заңгерлер және адвокаттар, медиаторлар өңір халқының мәселесін заң аясында қарады, – дейді «Amanat» партиясы облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Үміт Ибраймова.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев партияның кезектен тыс ХХІІ съезінде партия жұмысын қайта жаңғыртуды, халықпен кері байланыс орнату мақсатында еліміздің шалғай елді мекендерінде қоғамдық қабылдаулар өткізуді тапсырған болатын. Сол тапсырма іс жүзінде жүзеге асқанын алыс ауылдарға барып өткізілген көшпелі қоғамдық қабылдаулардың нәтижесінен байқауға болады.

«Аmanat» партиясының облыстық және аумақтық филиалдарының ұйымдастыруымен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары мен жергілікті атқарушы орган басшыларының қатысуымен мобильді қоғамдық қабылдау тобы 2022 жылдың 18 наурызынан бастап, 9 желтоқсанға дейін барлығы 149 ауылдық округте қабылдау өткізіпті. Онда 351 елді мекеннің тұрғындары қамтылған. Қабылдауға 4402 адам қамтылып, ауыл тұрғындарынан 2491 өтініш түскен. Оның 872-сі оң шешімін тапқан екен.

– Облыстық филиал өткізген Қошқарата ауылдық округіндегі көшпелі қоғамдық қабылдауда Ақтасты ауылының тұрғындары ондағы бастауыш мектептің тозығы жеткендігін, заманауи талаптарға сай еместігін, жылыту жүйесінің нашарлығын, әр бөлмеде көмір арқылы жылитын пештер тұрғанын айтқан. Мәселе партияның тікелей араласуымен оң шешімін тауып, ауыл бүлдіршіндері жаңа оқу жылында жаңа мектепке барды. Жалпы Ақтасты ауылындағы жаңа мектептің бір уақыттағы сыйымдылығы 40 оқушыны құрайды. Оқу сыныптары заманауи талаптарға сай жабдықталған.

Жетітөбе ауылдық округіне қарасты Қоңыртөбе, Тасбастау, Кәріқорған елді мекендерінде тәуелсіздік алған жылдардан бері ауыз су мәселесі шешімін таппай, ауыл тұрғындары суды құдықтан алып пайдаланып келген еді. Партияның араласуымен бүгінгі таңда аталған елді мекендерге ауыз су құбыры тартылып, орталықтандырылған жүйеге қосылды. Тасбастау және Кәріқорған ауылдарының тұрғындары талай жылдан бері сапалы мобильді интернетке қосыла алмай келе жатқандықтарын, көшеден көлік өтсе желі тартпай қалатындығын жеткізген болатын. Бұл мәселе де бүгінгі таңда шешімін тауып, «Beeline» мобильді операторының 4G интернет желісі тартылып, бағанасы орнатылды.

Партия облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде облыс әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібеков азаматтарды жеке сұрақтарымен қабылдаған болатын. Қабылдауға келген Тараз қаласының тұрғындары «Қайнар» иіні аумағында қоғамдық көлік тоқтайтын аялдамалардың жоқтығына шағымдарын жеткізген. Партияның ықпалымен басқарма тарапынан арнайы жұмысшы тобы құрылып, қаланың жаңа ауданы болып саналатын «Қайнар» иіні аумағына арнайы зерделеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде жаңа ауданға заманауи жаңа аялдамалар қойылды. Партия филиалының қоғамдық қабылдау бөлмелері алдағы уақытта да халықтың өтінішін, талап-тілегін тыңдап, шешілуіне ықпал ету жолында еңбек ете береді, – дейді Үміт Серікқызы.

Айта кетейік, мобильді қоғамдық қабылдаулар барысында 7 елді мекеннің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселесі, денсаулық сақтау бойынша кездескен 14 кедергі өз шешімдерін тауыпты.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

 

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support