- Advertisement -

Парламент Мәжілісінің VII шақырылым депутаттарының өкілеттігі аяқталды

98

- Advertisement -

Қадірлі қауым!

Бүгін Парламент Мәжілісінің VII шақырылым депутаттарының өкілеттігі аяқталды. Бұл да бір тарихи белес.

Президент қыркүйек айында бүкіл электоралдық циклді ашық түрде жариялағанын білесіздер. Соған сәйкес, былтыр Президент сайлауы, кеше ғана Сенат сайлауы өтті. Енді Мәжіліс пен мәслихаттардың қайта жасақталуы – заңдылық. Осылайша елдегі конституциялық реформалар жалғасады, саяси институттар жаңарады.

Біздің мемлекетіміз де, қоғам да өзгеріп жатыр. Жаңа дәуірге қадам басып отырмыз. Сондықтан, Мемлекет басшысының бүгінгі шешімін толық қолдаймыз.

Осы шақырылымның мерзімі қысқа болса да, қызметі сапалы әрі мазмұнды болды деп ойлаймын. Біз халқымызбен, қоғаммен, әр азаматпен мейлінше ашық, тығыз қарым-қатынас орнатуға тырыстық. Барлық мәселеде конструктивті, белсенді жұмыс істедік.

Депутаттар өңірлерде туындаған проблемалардың, қызып тұрған мәселелердің бел ортасында жүрді. Маңызды конституциялық заңдарды қабылдадық. Мемлекетте түбегейлі институционалдық өзгерістер болды. Біз Президентіміздің Мәжіліске жүктеген міндеттері мен тапсырмаларын толықтай орындадық. Ең бастысы, әлеуметтік сала заңнамалық тұрғыда толықтай қамтамасыз етілгенін айтуымыз керек.

Біз Мәжіліс қабырғасында парламенттік тыңдау өткізуді дәстүрге айналдырдық. Соның екі отырысы қасіретті қаңтар оқиғасына арналды. Жұртшылықты толғандырып жүрген өзекті сұрақтарға ашық жауап берілді.

Әрине, бұл оқиға – тәуелсіздік тарихындағы ауыр сынақ. Сол қиындықтарды бүкіл ел болып, Президентімізбен бірге еңсердік. Бұл мемлекет үшін үлкен бетбұрыс кезеңіне айналды.

Бір сөзбен айтқанда, 2022 жыл мемлекеттің басқару жүйесін жаңартып-жаңғыртқан, тұтас қоғамның болмыс-бітімін түпкілікті өзгерткен уақыт болғаны сөзсіз.

Құрметті достар!

Баршамыз мемлекетіміздің игілігі үшін бірге жұмыс істедік. Осы орайда Мәжіліспен тығыз байланыста болған журналистер қауымына, қоғам белсенділеріне шынайы ризашылығымызды білдіреміз.

Жасыратыны жоқ, осы құрамға біраз сын да айтылды. Біз сол сын-ескертпелерден қорытынды шығарып, жұртшылықтың үмітін ақтауға барынша күш салдық. Бізге сенім артқан сайлаушыларға, жалпы халқымызға деген алғысымыз шексіз.

Біз алдағы уақытта да Мемлекет басшысының реформаларын табысты жүзеге асыруға күш саламыз. Енді алдымызда азаматтардың тұрмысын түзеп, әл-ауқатын жақсарту міндеті тұр. Барлығымыз осы мақсат жолында жұмылуға тиіспіз.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support