- Advertisement -

Өндірістік жарақат өмірге қауіпті

78

- Advertisement -

Халықаралық еңбек ұйымының мәліметі бойынша жыл сайын 2,3 миллионға жуық адам өндіріске байланысты жазатайым оқиғалар мен кәсіптік аурулардан қаза табады. Жыл сайын 340 миллион өндірістік жарақат алу оқиғасы және 160 миллион кәсіптік аурулар тіркеледі. Орта есеппен жыл сайын Қазақстан кәсіпорындарында 1 300-ге жуық жұмыскер зардап шегеді, оның ішінде 200-ге жуық адам қаза табады. Бүкіл әлемде, соның ішінде Қазақстанда өндірісте жарақат алу мәселесі өте күрделі. Жыл өткен сайын әлем елдері бұл мәселеге баса назар аударуда.

Осыдан-ақ жылына қаншама адамды жоғалтатынымызды көруге болады. Күнделікті өмірде өндірістік жарақаттардың салдарынан осыншама адам шығыны болатынына мән бермейміз. Мыңдаған жандар мүгедек болып қалып жатыр. Өкінішке қарай, халықтың назарын тек қана үлкен апаттар ғана өзіне аударады.

Облыс бойынша былтыр өндірісте зардап шеккендердің саны 2021 жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда 14 пайызға төмендеді. Қаза тапқандардың саны 4 адамға азайғанымен, жекелеген кәсіпорындарда еңбек қызметіне байланысты жапа шеккендердің саны әлі де болса жоғары болып тұр. Мәселен, былтыр «Казфосфат» ЖШС – 10, «Жамбыл электр жүйелері» ЖШС – 3, «АгроКалибрСервис» ЖШС 2 адам өндірісте қаза тапты. Экономика салалары бойынша жарақаттанушылықтың жоғары деңгейі бұрынғыша тау-кен-металлургиялық, энергетика және химия өнеркәсібі салалары кәсіпорындарында сақталып отыр.

Жаңа Еңбек Кодексінің қолданысқа енгізілгеніне 7 жылдан аса уақыт өтсе де, 500-ге жуық ұйымдарда ғана еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестер құрылған. Сондықтан бұл мәселеге барлық жұмыс берушілер мен жұмыскерлер өкілдерінің аса жауапкершілікпен қарағаны дұрыс.

Өндірісте жаңа техника мен алдыңғы қатарлы технологияларды қолдану еңбек өнімділігін арттырып қана қоймай, еңбек қауіпсіздігі мәселелерін ұйымдастыруды да жоғары деңгейге көтеріп, өндірістік жарақаттың азаюына әкеледі. Оның дәлелі алтын өндіретін «Алтыналмас АК» АҚ-ның «Ақбақай» жобасында анық көрінеді. Осы компания соңғы жылдары өндіріске жаңа техника мен технология енгізуге үлкен қаражат бөлуде. IT (Ай-Ти) рыногындағы жаңа технологияны қолданудағы халықаралық тәжірибені зерделей отырып, дайын өнімнің өзіндік құнын 15 пайызға төмендетуге, еңбек өнімділігін арттыруға, ресурстарды тиімді пайдалануға қол жеткізуге болатын жобаны іске асыруға 4 миллиард теңге қаражат жұмсалды.

Бүгінгі күнге осы жоба «Алтыналмас АК» АҚ және басқа да өндіріс орындары үшін өте өзекті және алдыңғы қатарлы жоба болып табылады.

IT жүйесінің ең алдыңғы қатарлы тәжірибесіне сай өндірістік персонал уақыттың әрбір сәтінде бақыланып, оларды басқарудың сарапталған және оңтайлы шешімдері қабылдануда. Жоба бойынша онлайн режимде әрбір жұмыскердің жұмысы бақыланып, еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзуға жол берілмеуде. Өндірістік жарақаттарды болдырмауға тиісті шаралар қолданылып жүр. Осыған дейін «Алтыналмас АК» АҚ-ның «Ақбақай» жобасы облыстағы өндірістік жарақаттар көп орын алатын кәсіпорын болып саналып келді. Мысалы, 2018 жылы 8 адам жапа шегіп, оның біреуі қазаға ұшыраған еді. 2019 жылы 2 адам жапа шегіп, оның біреуі ажал құшты. 2020 жылы 4 адам жапа шегіп, абырой болғанда ешкім қазаға ұшырамады. 2021 жылы өндірістік жарақаттың салдарынан 4 адам жапа шегіп, қайтыс болғандар болмады. Ал былтыр мұнда бірде-бір өндірістік жарақат фактісі орын алмаған. Бұл қуанарлық жайт.

«Қазфосфат» ЖШС-нің «Қаратау» тау- кен өңдеу кешені филиалында 2022 жылы 3 топтық жазатайым оқиға орын алып, 8 адам зардап шекті, оның 3-і қайғылы қазаға ұшырады. Осы жазатайым оқиғалардың орын алуына жұмыс берушінің жұмыс жүргізуді дұрыс ұйымдастырмауы, жапа шеккен жұмыскерлердің абайсыз, оқыс қимылы, жүктен көп салмақ түсуіне жол берілгендігі секілді кемшіліктер негізгі себеп болады. «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені орталық байыту фабрикасының екі жұмыскері қауіпті кеңістікте жұмыс атқару үстінде іске қосылып кеткен ұсақтағыштың ішінде қалып қаза тапты. Осы өрескел қателіктің салдарынан екі отбасы асыраушысынан айырылды.

«Жамбыл электр жүйелері» ЖШС- де 2022 жылы 3 жазатайым оқиға орын алып 3 адам жапа шекті, біреуі қаза тапты. Серіктестік электромонтері наряд бойынша жұмысты аяқтап, бригада кетіп бара жатқанда, жұмыс орнына қайта барып сол жерде токтың әсерінен қаза тапты, енді бірінің денесінің 70 пайызын күйік шалды. Жауапты қызметкерлер тарапынан бақылау жеткіліксіз, жұмыскерлердің тарапынан еңбек қауіпсіздігі ережелерін сақтауға деген жауапкершілік төмен деп айтуға негіз бар.

Жалпы, былтырғы жазатайым оқиғаларға қарасақ, 4 адам биіктіктен құлап, 4 азамат қозғалыстағы немесе айналып тұрған заттың, бөлшектің әсерінен, 9 адам жол- көлік оқиғасынан, 10 адам бөлшектер мен заттардың, жүктен көп салмақ түсіп опырылуынан, құлауынан, 3 адам электр тогының әсерінен және 6 адам жазатайым оқиғалардың басқа да түрлерінен жапа шеккен.

Қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге халықаралық әлеуметтік қауіпсіздік қауымдастығы әзірлеген «Vision Zero» немесе «нөлдік жарақат» тұжырымдамасын енгізу үлкен рөл атқарып, жарақаттану деңгейін анағұрлым төмендетеді. Бүгінгі таңда «Vizion Zero» тұжырымдамасына облыстың 16 кәсіпорны қосылды, олардың көпшілігі тау-кен және химия секторларына («Казфосфат» ЖШС «Шолақтау» ТКӨК филиалы, «Алтыналмас АК» АҚ-ның Ақбақай жобасы, «Казфосфат» ЖШС Жамбылфилиалы (ЖЖФЗ), «Кнауф Гипс Тараз» ЖШС және т.б.) жатады.

Көп жағдайларды жұмыскерлер, жұмыс берушілер жазатайым оқиға болған кезде не істеу керек екенін, қандай шаралар қолдануды білмей жатады. Бұл әсіресе шағын кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлерде кездеседі. Осыған байланысты еңбекті қорғау қызметін енгізу барлық өндірістік ұйымдарға міндеттелгені дұрыс деп санаймыз.

 

Жарылқасын АЙТАҚОВ,

облыстық еңбек инспекциясы басқармасының басшысы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support