- Advertisement -

Фосфогипс күлі де кәдеге жарайды

288

- Advertisement -

Тараз қаласы мен іргелес Жамбыл ауданының аумағында тау-тау болып үйіліп жатқан минералды тыңайтқыштың қалдығы – фосфогипсті кәдеге жарату бұған дейін де талай көтеріліп келген болатын. Бұл мәселе өткен жылдың соңында билік тарапынан қолдау тауып, «Қазфосфат» зауытының тыңайтқыштар қалдығын шаруа қожалықтар таласа- тармаса тасып алып кетуде.

Жамбыл ауданының әкімі Ерлан Қыдыралыұлының айтуынша, аудан шаруа қожалықтары «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және Қазақстан су шаруашылығы ғылыми зерттеу институтымен үшжақты келісімшартқа отырып, 15560 тонна қалдықты тиеп, егістік алқаптарға төгуде. Бұл іс-шараға әуелі аудандағы Ш.Ниязбеков, Шайқорық, Қапал ауылдарындағы шаруа қожалықтар белсенділік танытып, тау болып жатқан үйіндіден 5 мың тонна тыңайтқыш қалдығын алып, егістіктеріне сіңірген. Ал Түркістан облысының диқандары естіген бойда 1500 тонна күлді тиеп алып кетіпті. Әлі де алуға ниетті екен.

Байзақ ауданының шаруалары 5 мың тоннасын алса, Қызылорда облысынан келген диқандар 1500 тонна «Қазфосфат» күлін алып үлгерген. Бұл жұмыстар бүгінгі таңда өз жалғасын табуда. Ал ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан фосфогипс күлінің 2560 тоннасы облыстың өзге шаруа қожалықтарына үлестірілген.

– Фосфогипс химиялық минералды егістікке, сортаң, сор жерлерге төселіп, тұзды өзінің бойына сіңіріп, өсімдіктің өнуіне жақсы әсер етеді. Оның үстіне алқаптағы өнімділікті екі есе арттыруға мүмкіндік береді. Құрамында фосфор бар, топырақтың құрамындағы тұздармен араласып тыңайтады. Гектарына қажетті мөлшері 5 тоннаны құрайды. Бұл – аймақтың басты мәселесіне айналған үйіндіні азайтуға септігін тигізбек, – дейді Ерлан Қыдыралыұлы.

Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының баспасөз хатшысы Тұңғыш Тынысбекұлының айтуынша, шаруа қожалықтардың тыңайтқыш алуға деген құлшынысы жоғары. Мәселен, Жуалы ауданындағы «Ержан» шаруа қожалығы 400 тонна тыңайтқыш алып 80 гектар алқапқа сіңірсе, байзақтық «Манат» шаруа қожалығы 5144 тонна тыңайтқышпен 1029 гектар алқапты құнарландырған.

– Бүгінгі таңда Жамбыл ауданының диқандары «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен 5600 тонна тыңайтқыш алған. Атап айтқанда, «Қызыл- Диқан қожалығы» өндірістік кооперативі 300, «Тастөбе» шаруа қожалығы 300 тонна алса, бір ғана Жамбыл ауылдық округінен 34 шаруа қожалық 5 мың тонна фосфогипс күлін алып, 1500 гектар алқапқа сіңірген. Талас, Т.Рысқұлов, Шу, Мойынқұм мен Сарысу аудандары 1060 тонна тыңайтқыш алып, 200-ден аса гектарға сепкен. Жалпы, облыс бойынша шаруа қожалықтары бүгінгі таңда «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен 12704 тонна фосфогипс күлін алып, оны 2541 гектар алқапқа сіңіріп, егістік жер құнарлығын арттыруға өз үлестерін қосуда, – дейді Тұңғыш Тынысбекұлы.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support