- Advertisement -

Кемшілігін түсінген көрші

30

- Advertisement -

Дінімізде мұсылман адамның көршісімен тату болуы керектігі, қиямет күні осы мәселеден сұралатыны айтылады. «Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» деген мақалдан да көршінің қадірі қаншалықты жоғары екенін ұғыну қиын емес. «Көршы ақысы – Тәңір ақысы» деген де сөз бар.

Ертеректе екі отбасы көрші тұрыпты. Біреуінің үйінде күнде ұрыс-керіс, жанжал болып жатса, екіншісі тату-тәтті, берекелі күн кешіпті. Бірде жанжалдың толастаған шағында отағасы: «Әй, осы біздің көршілер біз секілді ұрсысып, таласуды білмейді. Әлде олардың барлық мәселесі шешілген бе? Соның себебін сұрастырып көрейінші», деп көршісінің үйіне беттейді. Үйге жақындап қалғанда сылдыр ете қалған шелектің даусы шығады да, онымен қоса көрші отағасының: «Қап, мына ыдысқа аяғым тиіп кетіп, сүтті төгіп алғаным-ай!» деген өкінішін естиді. Артынша көрші келіншек: «Ой, отағасы-ай, бұл менің қателігім. Ыдысты жолға қоя салғанымды қарашы», дейді. Отағасы да: «Сен қайда қойсаң да, аяғымды байқап бассам болатын еді ғой», деп өзін кінәлай сөйлейді.

Сол кезде дау тудыруға шебер көрші жалт бұрылып, өз үйіне жетуге асығады. Келе сала әйеліне: «Мен жанжалдың себебін түсіндім. Көршілер қателікті тек өздерінен іздейді екен. Ал біз бір-бірімізді кінәлап, қырық пышақ болады екенбіз», деп түсіндіріп, кейіннен ол шаңырақта да келіспеушілік пен реніш азайған екен.

Шындығында өзімізді түзеп, мінезімізді көркем ұстасақ, төңірегімізге тәлім беретініміз анық. Мұны да ойлана жүрген абзал.

 

Есет ДОСАЛЫ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support