- Advertisement -

Ислам жолы – ізгілік жолы

40

- Advertisement -

Шариғат – иманы кәміл адамның ұстайтын бағыты, таңдайтын жолы. Бүгінде қазақ қоғамында асыл дініміз қанат жайып, көркейіп келеді. Десек те, көпшілікті қоғамдағы кейбір мәселелер алаңдатуы мүмкін. Осы орайда біз дін өкілдерімен хабарласып, маңызды сұрақтарға жауап іздеп көрген едік.

Баспана – әр шаңырақтың бақыты

– Еліміздің үлкен қалаларында және облыс орталықтарында пәтердің бағасы шарықтап өсіп кетті. Бұл – қарапайым тұрғындарға және жас отау иелеріне күрделі мәселе болып тұр. Жалпы, қазіргі кезде көптеген тұрғындар несие арқылы пәтер алып, баспаналы болып жатыр. Ал шариғаттың үкімі бұған қалай дейді? Рұқсат бере ме, бермей ме?

Хасан АМАНҚҰЛ, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы діни оңалту бөлімінің меңгерушісі:

– Қасиетті Құранда: «Алла саудаға рұқсат бергенмен, жемқорлыққа тыйым салды» деп көрсетілген. Демек, несиемен баспана алу тыйым салынған әрекетке жатады. Алайда көптеген Ислам елдерінде және зайырлы мемлекеттерде ипотеканың шариғат шартына сай келетін түрлері бар екенін біле жүргеніміз жөн.
Бүгінгі таңда Ислам ипотекасының үш түрі жұмыс істейді. Олар – ижара ( кейін сатып алу үшін жалға беру), мурабаха (мерзімі ұзартылған сауда-саттық), мушарака ( кредитор мен клиенттің жылжымайтын мүлікке бірге иелік етіп, түскен табысты қақ бөлуі кезіндегі азаймалы үлес). Мәселен, мурабахада банк клиент үшін тұрғын үй сатып алады және оған төлем мерзімін ұзарту арқылы үстеме бағамен сатады. Қорытынды құны барлық мерзімге анық және белгіленген болып табылады. Ал алған кісі бөліп төлеу арқылы банктен үйді сатып ала алады. Ижарада банк мүлікті сатып алып, алушымен лизинг шартын жасайды. Лизинг мерзімінде мүлікке қатысты меншік құқығы және иемденуге байланысты барлық тәуекелдер банкке өтеді. Мушаракада сатушы, клиент, банк үшжақты шартқа қол қояды. Түскен пайда алдын ала келісілген үлес бойынша тараптар арасында бөлінеді. Сонан соң клиент банктен өз үлесін бірте-бірте сатып ала бастайды.

Денсаулықтан артық байлық жоқ

– Қазіргі таңда электронды темекі ешкім үшін жаңалық емес. Оны мектеп оқушыларына дейін пайдаланатынын жиі естиміз. Исламда мұның үкімі қандай? Электронды темекі шегуге шариғат талабы не дейді?

Ержан АМАНБАЕВ, облыстық орталық «Һибатулла Тарази» мешітінің наиб-имамы:

– Темекінің шариғаттағы үкімі белгілі. Оның адам денсаулығына тигізер зияны болғаны үшін бүгінде дін ғалымдарының басым көпшілігі тарапынан «харам» деп үкім берілген. Өйткені Алла Тағала қасиетті Құранда: «Өздеріңді қауіп-қатерге итермелемеңдер» дейді. Электронды темекіні тұтыну түрлі қатерлі ісік ауруларына әкеледі. Денсаулыққа кері әсері мол. Яғни денсаулық – Алланың бізге берген аманаты. Аманатқа қиянат жасау қай кезде де дұрыс емес. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы «Темекі өнімі аталған ұйым тарапынан мақұлданған», деген тармақты алып тастау туралы талап қойып отыр. АҚШ-тағы «Өнімдер мен дәрі-дәрмектің сапасын бақылау» басқармасының зерттеу нәтижесі бойынша электронды темекіні пайдаланушылар 19 түрлі қатерлі ісік ауруларына ұшырайтынын анықтап шықты. Аталған ресми органдардың мәліметтеріне сүйене отырып, қазіргі таңдағы діни мамандарымыз: «Электронды темекіні сатуға және оны қолдануға діни тұрғыда болмайды» деген байлам айтады. Бір сөзбен айтқанда, шариғат темекінің қай түрін пайдалануды да, оның ішінде электронды темекіге үйір болуды да еш құптамайды.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support