- Advertisement -

Жұмысшыларға жағдай жасаған жоба

58

- Advertisement -

Өңірлік коммуникациялар қызметінің бастамасымен Тараз қаласында жұмыс істеп тұрған іргелі кәсіпорын «Жамбылгипс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмыс барысымен таныстық. Құрғақ қоспалар мен гипс материалдарын дайындайтын зауыт мемлекеттік «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму» бағдарламасы аясында жүзеге асырылған болатын. Оның жобалық құны 1 миллиард 715 миллион теңгені құрайды.

Аталған акционерлік қоғамның президенті Андрей Промченконың айтуынша, серіктестік озық технология мен гипс материалдарын және құрғақ қоспалар өндіретін еліміздегі жетекші компанияның бірі. Кәсіпорын шетелдік «KNAUF», «Lafarge» және «ALCIBAY» гипс өндірушілермен ынтымақта жұмыс атқаруда. Жобаның тәуліктік қуаты – 750 тонна, жылдық көлемі 260 мың тонна гипс өндіру, ал құрғақ қоспаларды дайындаудағы тәуліктік қуаты 600 тонна болса, қазіргі таңда өндіріліп жатқаны – 400 тонна.

– Зауыт жоғары сапалы гипс пен құрғақ қоспалардың кең ассортиментін бір уақытта және біркелкі шығаруына мүмкіндік беретін құрал-жабдықтармен, соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталған. Оның жұмысы толық автоматтандырылған. Біздің зауыт еліміздегі өз саласы бойынша ең ірі зауыт болып саналады. Алда оның көлемін бірнеше есеге арттыру көзделуде. Өнімнің 40 пайызы шет мемлекеттерге экспортталады. Негізгі тұтынушыларымыз – Ресей мен Қырғыз мемлекеттері. Өз еліміздің нарығында да бізде өнімге деген сұраныс жоғары, – дейді серіктестік президенті.

Зауытта 140 адам жұмыс істейді. Мұндағы қарапайым жұмысшының орташа жалақысы 180 мың теңгені құрайды екен. Жұмысшылар арнайы киім-кешекпен, ыстық тамақпен де қамтылған. Серіктестік президенті зауыттың гипс тақтайшасын шығаратын цех жұмысымен де таныстырды. Оның өндіріс менеджері Нұржан Әбдалимовтың айтуынша, цехта 33 жұмысшы үш ауысыммен жұмыс істеуде. Тәулігіне мұнда 10 мың шаршыметрді құрайтын гипс тақтайшалар шығарылады. Оның көлемі әралуан. Тапсырыс берушілердің қалауы бойынша оның шаршыметрі өзгеріп отырады екен.

– Осы зауытта жұмыс істеп жатқаныма 18 жыл болды. Қатардағы жұмысшыдан бастап өндіріс менеджері лауазымына дейін жоғарылатылдым. Цехтағы жұмыс барысы толық автоматтандырылған. Шикізат шет мемлекеттерден жеткізіледі. Біз гипс пен қағаз ұнтағын, тағы басқа қоспаларды араластыра отырып гипс тақтайшалар шығарамыз. Ол әуелі сұйықтық ретінде арнайы қалыпқа құйылып, мөлшеріне келтірілген соң цехтағы кептіру құралында жоғары температурада құрғатылып, тақтай болып шығады. Ол көбінде ғимараттың ішкі құрылысында пайдаланылады, – дейді Нұржан Әбдалимов.

Серіктестік президенті Андрей Промченко алдағы уақытта гипс тақтайшалармен қатар, бөлмелердің ішін әрлейтін гипс жапсырмаларды да шығаруды жоспарлап отырғанын жеткізді. Сөйтіп, зауыттың келесі жұмыс цехы – құрғақ қоспалар цехына алып келді. Мұнда да жұмыс қызу жүріп жатыр екен.

– Бұл цехта құрғақ гипс қоспалары мен құрғақ цемент қоспалары дайындалады. Цехтың тәуліктік қуаты – 400 тонна. Екі ауысымда 38 адам жұмыс істейді. Арнайы қағаз қапқа қапталған құрғақ қоспалар зауыттың қоймасына жеткізіледі. Сол арадан ол еліміз бойынша таратылады. Бір бөлігі Ресей мен Қырғыз еліне жіберіледі. Алдағы уақытта цехтың тәуліктік қуатын 600 тоннаға жеткізіп, Өзбекстан Республикасына тасымалдау жоспарлануда. Жалпы, жұмысым өзіме ұнайды. Осында 2004 жылдан бері жұмыс істеп келемін, – дейді өндіріс менеджері Ермек Момынов.

Зауыт жұмысшыларымен әңгімелесу барысында серіктестік тарапынан оларға барлық жағдайдың жасалып отырғанын білдік. Ыстық тамақпен, киім-кешекпен қамтылғанын айтпағанның өзінде, онда жұмысшылардың тасымалына дейін шешіліп қойылған. Бұдан бөлек, жұмысшыларын ынталандыру мақсатында тоқсан сайын жалақыларына 20 пайыз сыйақы қосып береді екен. Серіктестік президенті Андрей Промченко да зауытта осындай тәртіп пен жұмысшыларды ынталандыру шараларының зауыт ашылғаннан бері қалыптасып отырғанын жеткізді.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support