- Advertisement -

Білім сапасын арттырудың маңызы

278

- Advertisement -

Бүгінгі қоғамда білім беруші мен білім алушыға да қойылатын талап жоғары. Өйткені бәсеке қарқын алған қазіргі заманда жаңа формация мұғалімі – педагогикалық құралдардың барлығын меңгерген, тұрақты өзін-өзі жетілдіруге талпынған, рухани дамыған, толысқан шығармашыл тұлға құзыреті деңгейіне жетуі керек. Жаңа формация мұғалімі оның біліктілігін шыңдап, жетілдіру арқылы қалыптасады және дамиды.

Бүгінде мұғалімге қойылатын талап жоғары. Педагогтің біліктілігі төмендегі факторлармен өлшенеді. Ол алдымен оның бәсекеге қабілеттілігі, білім беру сапасының жоғары болуы, кәсіби шеберлігі, әдістемелік жұмыстағы шеберлігі. Заман талабына сай еліміз қазіргі таңда әлемдік білім кеңістігіне енуге талпынуда.

Білім беру парадигмасының өзгеріп, жаңа ұлттық модельдің қалыптасуы болашақтың жаңаша ойлайтын, дүниеге көзқарас мәдениеті мен санасы дамыған ұрпағын оқытып, тәрбиелейтін кәсіби құзыреттілігі жоғары мұғалімді талап етіп отыр. Нәтижеге бағдарланған білім беру сапасын арттыруда жаңаша жолдар мен әдістер табуға дағдыланған.

Жаңа формациядағы жаңашыл маман болу – білім беру саласының өзекті мәселелерінің бірі. Білім беруді түрлендіруде, білім процесін реформалауда зерттеуші мұғалім мен көшбасшы мұғалім жаңа формация мұғалімі болып саналады. Бүгінгі күнде экономикалық өсу және азаматтардың әл-ауқаты үшін білімнің айтарлықтай маңызды екенін бүкіл әлем мойындауда.

Бүкіл әлемде білім беру жүйелерінің келешек ұрпаққа қандай білім беретіні туралы мәселе қайта қаралуда. Осы мәселе аясында «Балалар ХХІ ғасырда табысты болу үшін нені үйренуі керек?» және «Оқытудың тиімді әдістері қандай?» деген сияқты негізгі сауалдар туындайды. Бұл сауалдар білім беру бағдарламасымен және білім беру бағдарламасын жүзеге асыруда пайдаланылатын педагогикалық тәсілдермен тығыз байланысты. Осы заманғы мұғалім оқуға үлкен потенциалдық мүмкіндіктермен келеді. Сондықтан олардың функционалдық сауаттылықтарын кәсіби шеберлікпен ұштастыру үшін нәтижеге бағытталған білім беру үлгісінде мақсатты түрде білім беретін, қалыптастыратын, дамытатын андрогогикалық процесс қажет.

Қазіргі кезде табысты болу үшін оқушыларға білім қандай қажет болса, дағды да сондай қажет деген ойдың жақтастары көбейіп келеді. Бұл оқушылардың ақпаратты есте сақтап, алған білімдерін ұғынуын, түсінуін және әртүрлі салада қолдана білуін талап етеді. Білімді дәл осылай қолдану оқушыларға «ХХІ ғасыр дағдысы» деп жиі айтылып жүрген кең ауқымды құзыреттілікті меңгеруге мүмкіндік береді. Нәтижеге бағытталған жаңаша білім беру тек пәндік білім мен білікке ғана емес, сонымен қатар кең ауқымды дағдылардың қалыптасуына бағытталғаны оның ерекше өзгешелігі болып табылады.

Оқыту мақсаттарының құрастырылған жүйесі: білімді функционалдық және шығармашылық қолдану, сын тұрғысынан ойлау, зерттеу жұмыстарын жүргізу, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану, қарым-қатынас жасаудың түрлі тәсілдерін қолдану, топпен және жеке дара жұмыс істей алу, мәселелерді шешу және шешімдер қабылдау сияқты кең ауқымды дағдыларын дамытуға негіз болады. Кең ауқымды дағдылар оқушының мектептегі білім алу тәжірибесінде де, келешекте мектепті бітіргеннен кейінгіде жетістігінің кепілі болып табылады.

Бүгін қоғамның білім беруге қойып отырған талаптары мен білім берудің нақты жағдайы арасындағы қарама-қайшылықтарды үздіксіз педагогикалық білім беру жүйесін барлық деңгейінде – кәсіптікке дейін, жоғары оқу орнындағы, жоғары оқу орнынан кейін де жаңарту негізделген.

Қазақстан Республикасының жоғары білім беруді дамыту стратегиясының негізгі мақсаты жас ұрпақтың білімі мен тәрбиесінің жоғарғы сапасын қамтамасыз ете алатын жоғары оқу орнының ұлттық моделін құру, нәтижеге бағытталған білім беру негізінде кәсіби құзыретті мұғалім қалыптастыру. Мұғалімге өз ісінің маманы болумен қатар, оның бойында баланы жақсы көру, баланың көзқарасы мен пікірін сыйлау, тыңдай білу керек.

Білім беруде кәсіби құзырлы маман иесіне жеткен деп мамандығы бойынша өз пәнін жетік білетін, оқушының шығармашылығы мен дарындылығына жағдай жасай алатын, тұлғалық-ізгілік бағыттылығы жоғары, педагогикалық шеберлік пен өзінің іс-қимылын жүйелілікпен атқаруға қабілетті, оқытудың жаңа технологияларын толық меңгерген, отандық, шетелдік тәжірибелерді шығармашылықпен қолдана білетін кәсіби маман педагогті атаймыз.

Мұғалімнің кәсіби құзыреттілігі – оның жан-жақты білімімен, ұстаздық шеберлігімен, оқытудың жаңа әдістерін меңгерумен өлшенеді. Мұғалім қаншалықты білімді, шығармашыл болса, оның құзыреттілік аясы да соғұрлым кең болмақ. «Құзыреттілік» ұғымы педагогика саласында тұлғаның субъектілік тәжірибесіне ерекше көңіл аудару нәтижесінде ендіріліп отырған ұғым. Құзырлылық – белгілі сала бойынша жан-жақты хабардар, білгір деген мағынаны қамти отырып, қандай да бір сұрақтар төңірегінде беделді шешім шығара алады дегенді білдіреді.

Қазақстанда білім беруді дамыту «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасының міндеттеріне сәйкес жүзеге асыру көзделеді. Бұл жоба аясында білім берудің барлық деңгейлерінде сапалы білім беру міндеттері айқындалған. Ұлттық жобада Қазақстанда білім алушыларды сапалы біліммен қамтамасыз етіп, халықаралық рейтингілердегі білім көрсеткішінің жақсаруы мен қазақстандық білім беру жүйесінің тартымдылығын арттыру, ауыл және қала мектептерінің арасындағы айырмашылықты жою, сонымен қатар педагогтердің мәртебесін арттыру, олардың бүкіл қызметі бойына мансаптық өсуі, кәсіби біліктілігін дамытуды қамтамасыз ету мәселелеріне үлкен мән берілген.

Құзырлылық ұғымы – соңғы жылдары педагогика саласында тұлғаның субъектілік тәжірибесіне ерекше көңіл аудару нәтижесінде енгізіліп отырған ұғым деп көрсетуде ғалымдар. Мәселен, Н.Кузьминаның көзқарасы бойынша, «Құзырлылық дегеніміз – педагогтің басқа бір адамның дамуына негіз бола алатын білімділігі мен абыройлығы». Ал К.Құдайбергенова болса, құзырлылық, нәтижеге бағдарланған жаңа білім беру жүйесінің сапалық критерийі ретінде әлеуметтік және өмірлік көзқарастарды есепке алу қажет» деп жазған. Кәсіби құзыреттіліктің сипаттамасын шебер-мұғалімнің, жаңашыл-мұғалімнің, зерттеуші-мұғалімнің, кәсіби дәрежесіне көтерілген мұғалімдердің жиынтық бейнесі ретінде қарастырады.

Бірінші кезекте мұғалімнің «өзіндік жаңалығы» болуы қажет. Ғылым жаңалығын түрлендіруде өз үлесін қосу арқылы жасаған нәтижелі жұмысы, өзіндік іс- әрекет жиынтығы арқылы айтарлықтай нәтижеге қол жеткізу керек. Мұғалім – оқушылардың жеке тұлғасын дамытуға басымдық беретін, күрделі әлеуметтік-мәдени жағдайларда еркін бағдарлай алатын, шығармашылық процестерді басқара алатын, адам туралы ғылымның жетістіктерін, оның даму заңдылықтарын, компьютерлік оқыту өнерін терең меңгерген жан-жақты дамыған шығармашыл тұлғаны талап етеді.

Осыған орай ағымдағы жылдың тамыз айынан бастап «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ облыс бойынша Кәсіби даму институты базасында педагогтердің пәндік құзыреттіліктерін дамыту және жаһандық құзыреттіліктер тақырыптары аясында курстар жүргізілді.

Бұл курстар аясында педагогтерге оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін меңгеру, ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың көмегімен түрлі сервистер мен платформаларды, компьютерлік бағдарламаларды қолдану арқылы интерактивті тапсырмаларды дайындауда пәндік құзыреттіліктерін дамыту міндеті тұрды.

Педагогтердің кәсіби құзыреттіліктерінің қалыптасуын анықтауда А.К.Макарованың «кәсіби құзыреттілік – бұл педагогикалық іс-әрекет іске асырылатын, мектеп оқушыларын оқыту мен тәрбиелеуде жақсы нәтижелерге қол жеткізген еңбегі» деген пікіріне сүйенуге болады. Мектепте оқу пәні мұғалімінің педагогикалық кәсіби біліктілігін көтеруі тек кәсіптік құзыреттілікті арттырудың шарты болып қана қоймай, ол сонымен бірге өзін-өзі жетілдірудің алғы шарты болуы қажет. Ал ғалым, академик Ш.А.Амонашвили мұғалімнің кәсіби қызметі мен рөліне ерекше назар аударған. «Мұғалімге елдің болашағын қалыптастыруда ең басты рөл берілген» деп айтқан болатын.

Педагог мамандығының тұлғалық сапасы оның кәсібилігінен алшақтанбайды. Кәсіби дайындық процесінде білім, дағды, ойлау қабілеті, іс-әрекет әдістерін арнайы алумен байланысты жүре пайда болған құзыреттіліктерді де есепке алады. Оның ішінде: пәнді оқыту, пәнді оқыту әдістемесі, психологиялық дайындық, кең көлемді мәдени таным, педагогикалық шеберлікті меңгеру, педагогикалық еңбек технологиялары, ұйымдастырушылық іскерлік пен дағдыларды, педагогикалық такт, педагогикалық техниканы игеру, қарым-қатынас технологиясын, шешендік өнер және басқа да қасиеттерді меңгеру керек.

Осындай педагогикалық қабілеттіліктер әр педагогтың тұлғалық әлеуеті мен мүмкіндіктеріне сай қалыптасып, кәсіптік іс-әрекет барысында өзін-өзі жетілдіру жолдарын анықтайды. Сондықтан әр педагогтің бейімі мен икеміне қарай қалыптасатын педагогикалық қабілеттіліктерді философиялық, психологиялық, педагогикалық, әлеуметтік аспектілер тұрғысынан қарастыру мұғалім бойында қалыптасатын кәсіби құзыреттіліктерді жетілдіруге ықпал етеді.

Жаһандық білім беруде педагог тұлғасы – бұл әлемдік тәжірибені құраушы және мәдениетті таратушы тұлға. Әлемдік стандарт бойынша заманауи ұстаз – бұл жекелеген шығармашылық, шынайы проблемалы-педагогикалық және сыни ойлауды меңгерген, рефлексия және мақсатқа бағытталған диагностикалық негізде нақты педагогикалық жағдайлардағы оқытудың жаңа технологиялары мен әлемдік озық тәжірибелерді жүзеге асыратын көпвариантты бағдарламаларды құрушы.

Осы жоғарыда айтылғанның бәрі басқару қызметіне стратегиялық және инновациялық ойы дамыған, басқару мәселелерін шешуге қабілеті жеткілікті, жаңа технологияларды игерген, белгілі бір топ, ұжым құрамында жұмыс істей алатын, өз іс-әрекетіне жауапкершілікпен қарайтын, қарым-қатынас мәдениеті жоғары, бір сөзбен айтқанда, кәсіби құзыретті ұстаздың қалыптасуын үздіксіз дамытуды қажет етеді.

Мұғалімнің кәсіби құзыреттілігін жетілдіруде педагогикалық еңбек өтілі мен тәжірибесі маңызды рөл атқарады. Кәсіби құзыреттілікті жетілдіру жеке шығармашылық қабілетті дамытуды, инновациялық жаңа үдерістерді дұрыс қабылдауы, күнделікті өзгеріп жататын ортаға тез бейімделуі керек.

 

 Назира ЖОРАБЕКҚЫЗЫ,

«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы облыс бойынша КДИ

инновациялық оқыту және педагогикалық технологиялар кафедрасының

аға оқытушысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support