- Advertisement -

Дарынды шәкірт – білікті ұстаздан

243

- Advertisement -

«Халықты халықпен, адамды адаммен теңестіретін – білім», – деп Мұхтар Әуезов атап көрсеткеніндей, егемен елдің келешегі кемел білім мен ұлағатты ұрпақ тәрбиелеуге байланысты. Баланың бойындағы табиғат берген ерекше қабілетті, дарындылықты тани білу, оның әрі қарай дамуына бағыт-бағдар беру қажеттілігін әр мұғалім осыдан-ақ түсінуі керек. Ол үшін дарынды оқушымен жұмыстың әлеуметтік қажеттілігін сезінуі, нәтижелі әдіс-тәсілдерді талмай ізденуі, жоғары нәтижелерге жетуге ұмтылуы, ата-анасымен тығыз байланыс орнатуы, оқушымен жиі қарым-қатынаста болуы сияқты талаптарды орындайды. Даму дегеніміз – ең алдымен, адам ағзасындағы физиологиялық және психологиялық сапалық өзгерістер. Бұл өзгерістер белгілі бір әлеуметтік орта жағдайында өтеді. Әлеуметтік көзқарас тұрғысынан қарағанда тәрбие қоғам бақылайтын және түзету енгізетін, жастарды мемлекеттік және қоғамдық құрылымдар арқылы басқарып, бағыттайтын үрдіс.

Тәрбие үрдісі – жалпы адамзаттық мәдениеттің бір бөлігі болғандықтан, мәдениеттану тұрғысынан оқып-үйренуге тура келеді. Олай болса, бұл үрдіс балаға ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени мұраны меңгертіп, сол арқылы осы заманғы мәдениетке енуіне мүмкіндік береді. Тәрбие бір ұрпақтың озық тәжірибесін екінші ұрпаққа жалғастырушы үрдіс, осы арқылы адамның дамуына басшылық жасалады. Нәтижелі жүйелі тәрбие жеке тұлғаны дамытады, адамның қоғамдағы орнын анықтайды.

Баланың оны игеруі барынша қысқа мерзімде атқарылуы тиіс. Сондықтан тәрбие ісі – жалпы адамзаттық гуманистік бағытта жүргізіліп, жеке бастық рухани дамуына бағытталу керек. Мектеп оқушыларының жеке тұлға ретінде дамуына халықтық педагогиканың мұралары, ұлттық тәлім-тәрбие зор үлес қосады. Тәрбие үрдісінде халық педагогикасының тәлімдерін енгізу арқылы қаны да, жаны да таза, елін, жерін, тілін қастерлей алатын азамат дайындауға жол ашылады. Бүгінгі мектептің оқу-тәрбие үрдісіне халықтық педагогиканың тәлімдерін және әлемдік мәдениет құндылықтарын енгізу мәселелері көптеген ғалымдардың еңбектерінен орын алады. Осы құндылықтар жаһандану жағдайында мәдени қарым-қатынас және ұлттық тәлім-тәрбие құралы болмақ.

Ж.Наурызбаев «Ұлттық мектептің ұлы мұраты» атты еңбегінде: «Жас ұрпақ тәрбиесіне ұлттық мәдени құндылықтарды пайдалану мәселелерін жан-жақты қарастыра отырып, шынайы мәдени-этникалық мұраны жандандырумен болашаққа аманаттау, ұлттық тектестікті сақтау міндеті ең алдымен мектеппен байланысты», – дей келе ұлттық сана-сезімді қалыптастырудың, мәдениеттік мүдделердің құралы болып табылатын білім беру ісі алдына басты-басты үш міндетті береді. Олар табыстаушылық (ұлттық мәдениетті өркендету, сақтау және дамыту); даралаушылық (адамның, этникалық топтың немесе этностың ұлттық-мәдени қажеттіліктерін, жеке тұлғаның ерекшеліктерін айқындау); ынтымақтастырушылық (мәдениеттердің өзара бірлігін, кірігуін, байытуын, жеке тұлғаның әлемдік және ұлттық мәдениет жүйесіне ұмтылысын қамтамасыз ету); Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Қазақтың Ы.Алтынсарин атындағы Білім академиясының этнопедагогика және тәрбие зертханасының даярлаған «Мектептегі тәрбие жұмысының теориясы мен әдістемесі» атты еңбекте жеке тұлғаның дамуының ерекшелігіне байланысты, тұлғаның өздігінен дамуының мәні ретінде ең алдымен адамның шығармашылық мүмкіндігін табумен, содан соң оқушының өзіне деген сенімін бекітумен, өзін-өзі құрметтей білуін арттырумен және «мен» деген идеалымен жақын болумен тиянақталады. Осы заманғы тұлғаның маңызды белгілерінің негізі оның даралығы, ақылдығы, жауапкершілігі, еріктілігі, жеке басының қасиеті болып табылады.

Ал И.П.Подласый «Педагогика» атты еңбегінде: «Ұжым және жеке тұлға» атты бөлімінде оқушы мен ұжым арасында қарым-қатынасқа тоқтала отырып, жеке тұлғаның дамуына тәрбиенің ұжымдық ықпалының зор екенін көрсетеді. Яғни, оқушылардың жеке тұлға ретінде қалыптасуына орта мен ұжымның игі ықпалы бар екені көп жылғы іс-тәжірибеден көрініп отыр. Әсіресе тәжірибелік-эксперименттік жұмыс барысында анкеталық сұрақтар мен тесттік жұмыстар бойынша оқушылардың берген жауаптарынан айқын аңғарылады. Оқушылардың жауаптарының көбінде оларға ең күшті және белсенді түрде ықпал ететін «орта және ұжым» деген жауаптар берілген. Оқушының жеке тұлға ретінде дамуына ықпал ететін негізгі күш – орта.

Жеке тұлғаның қалыптасуына сыртқы жағдайлар: табиғаттың ықпалы, әлеуметтік орта, мектеп және жанұя үлкен ықпал етеді. Жеке тұлғаны дамытуда әлеуметтендіру мәселесіне аса назар аударуымыз керек. О.Нұсқабаев «Әлеуметтендіру дегеніміз – жеке тұлғаны жан-жақты қалыптастыру, жеткіншек жас ұрпаққа оқыту мен тәрбиелеу үрдісін белгілі бір тәртіпке келтіріп, жинақталған қажетті ғылыми-білімдерді, дағды-іскерліктерді және біліктілікті, рухани байлықтарды, мүдделер мен құндылықтарды, дүниетанымдық тағылымдар мен салт-дәстүрлерді, әдет-ғұрыптар мен жөн-жоралғыларды, адамгершілік пен мінез-құлық нормаларын белсенді түрде меңгерту арқылы оларды біртіндеп өздері өмір сүріп отырған қоғамның әлеуметтік-экономикалық құрылысына сәйкес әлеуметтік рольдер жүйесіне қосу», – дейді.

Жеке тұлғаның дамуы оның әрекетінен және басқа адамдармен ой алмасу, сондай-ақ сана-сезімінің пісіп- жетілу үрдістерінде өтеді. Жеке тұлғаны әлеуметтендіру мектепте атқаратын іс-шараларда негізгі орын алады. Яғни оқушының өмірге деген көзқарасын, адамзат мәдениетін меңгерту, қоғамдағы орнын еркін табуы, ұлтаралық мәдени қатынастарды меңгерту мектептің оқу-тәрбие жұмысынын негізі болып табылады. Сондықтан біздің алдымыздағы негізгі міндет – білімді, тәрбиелі, мәдениетті жеке тұлғаны қалыптастыру.

Жаһандану жағдайында мәдени этникалық білім мен тәрбие берудің негізгі міндеттері ретінде мыналарды ұсынады. Жан-жақты мәдениетті тұлғаны тәрбиелеу, тұлғаның өзінің төл мәдениеттен сусындауы және өзге мәдениеттерді ұғынуы үшін жағдай жасау. Мәдениеттер алмастығына, бірін-бірі байытуына бағдар ұстау көп тілді тұлғаны қалыптастыру. Өзінің ана тілінде және мемлекеттік тілінде еркін ұғынысуға қабілетті азаматтарды даярлау. Сол арқылы өзінің этникалық тобына қатысты «бірдей адалдық» үлгісін көрсету. Өмірде үш, төрт, одан да көп тілдерді шебер меңгертуге мүмкіндік бар екеніне көз жеткізу.

Бүгінгі мектеп қабырғасында отырған жас буынды ұлттық менталитет дәстүрлерге негіздей отырып тәрбиелеу қажеттілігі, осыған дейінгі өмір тәжірибелерімізден айқын аңғарылады. Жалпы, адам бойындағы мәдениеттілік адам мен адамның, қоғам мен адамның, адамның іс-әрекеттері негізінде көрініс табады. Адамның мәдениеттілігін айқындайтын негізгі күш – орта. Осы тұжырымдардың қай-қайсысы да мәдениеттің ұлттық формада өмір сүретінін аңғартады. Сондықтан мәдениет арқылы этностық, тарихи, мемлекеттік, экономикалық, әлеуметтік, этнографиялық болмыс бейнесі көрініс табады деуге әбден болады.

Көптеген авторлар жеке адамның дамып қалыптасуына әсер ететін факторлар тұқым қуалаушылық, әлеуметтік орта т.б. дей келе, тәлім-тәрбие жұмыстарына жан-жақты тоқталады. Олай болса, мектеп баланың қарқындап даму кезеңі болып саналады. Даму дегеніміз – әр уақытта бірыңғай тұтас үрдіс. Оның кейбір ерекшеліктерін атап көрсетуге болады. Ағзаның дамуы ең алдымен мүшелерінің өсіп-жетілуіне байланысты. Ал әртүрлі мүшелер бір қалыпты өсіп жетілмейді. Өйткені ағзаның өсу қарқыны тұрақты емес. Сондықтан өсудің тездеу кезеңдері баяулау кезеңдерінен кейін немесе керісінше байқалып отырады. Мысалы, жыныс мүшесінің жетілу кезеңінде өсу күшейеді, соңынан баяулай бастайды. Жеке адамның психикалық дамуы – бұл оның іс-әрекеті мен мінез-құлқындағы саналылығының өсіп жетілуі.

Сананың дамуы мен адамның қоршаған дүниені жете түсінуін, яғни, әлеуметтік ортаға көзқарасымен қатынасын айтады. Ал сана дегеніміз – объективтік шындықтың бейнелеуінің жоғары формасы. Бұл – әрекет оқу-тәрбие үрдісімен тікелей байланыста жүзеге асырылады. Балалардың жас ерекшеліктеріне байланысты іс-әрекеттерінің салаларының мазмұны, ұйымдастыру әдістері мен тәсілдері және мотивтері де өзгеріп отырады.

Мұны түрлі іс-әрекеттерінің түрлерінен байқауға болады. Мектепте іс-әрекеттердің бірнеше түрі бар. Олар: оқу еңбегі, баланың өзіне-өзі қызмет етуі, қоғамдық пайдалы еңбек, өнімді еңбекке баулу. Еңбек тәрбиесі барысында оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай түрлі іс-әрекеттері іске асырылады. Еңбек тәрбиесінде оқушылардың өзіне-өзі қызмет етуінің маңызы зор. Оқушының еңбек ету іс-әрекеті оның жас ерекшеліктерімен тығыз байланыста өтеді.

Бастауыш сыныптардағы іс-әрекеттер көбіне ойын түрінде, үлкендердің еңбек әрекеттерін қайталау үлгісінде дамиды. Осы кезеңдегі берілетін тәлім-тәрбие түрлерінің сапалы болуы өте маңызды. Жоғарғы ізгілік мұраттарының ең біріншісі – руханилық. Өзін-өзі жетілдіретін тұлға үнемі адамгершілігін дамытуға ұмтылады. Бостандық адамның ішкі және сыртқы еріктілігі, басқаның құқын сыйлау, әлеуметтік жағдайына, ұлтына, сеніміне, саясатына қарамастан еркін қарым-қатынаста болу. Бостандық бар жерде жауапкершілік басым.

Расында бала табиғат заңдылықтары арқылы жетіліп, оның бойындағы мүмкіншіліктер мен қасиеттер біртіндеп дамып отырады. Жас ұрпақтың рухани-адамгершілік тәрбиесін жаңа сатыға көтеретін орта мектеп және ондағы тәлім-тәрбиелік іс-шаралар. Мектеп оқушыларының ең керемет ерекшелігі – оның еліктеу, қызығу, қайталау, өзгеге ұқсау, бейімділік, т.б. қасиеттері. Міне, осы кезеңдегі тәрбие негізі гуманистік таза адамгершілік бағытта берілуі шарт.

Осы орайда оқушының даму негіздері етіп мына бағытты ұстануға болады. Олар жеке адамды дамытуға байланысты қажетті жағдайларды жасау, іс-әрекеттік ортаны құра білу, қоғам дамуымен жас ұрпақ тәрбиесі арасындағы сабақтастықты сақтап, мектептегі тәрбиені мәдени құндылықтар негізінде құру, оқушы өмірінің мәнін ашатындай сипатын анықтау, оқушының ішкі мүмкіншілігіне байланысты сыртқы әсердің біртұтастығын сақтау, жас және дара ерекшеліктеріне байланысты саралап оқыту мен тәрбиелеу жолдарын іздестіру оқушының анатомиялық, физиологиялық, психикалық, рухани және қоғамдық дамуына қосымша жағдайлар мен іс-шаралар жасақтап, жүйелі жұмыстар жүргізіп отыру.

Мектеп оқушыларының адамгершілік қасиеттерді бойына сіңіруі, оның өзін-өзі танып, өз айналасындағылармен, қоғамдық ортамен, отбасы мүшелерімен дұрыс қарым-қатынасқа түсуі–әлеуметтік және рухани дамуының алғы шарттары болып есептеледі. Сондықтан балаға жастайынан өзінің төл мәдениетімен қатар басқа да әлемдік мәдениетті меңгертуге жағдай жасау қажет. Дүнетанымдық көзқарасын қалыптастыруда этно-мәдени білім негіздерін меңгертудің маңызы ерекше. Кез келген халықтың өмірінде жалпыадамзаттық құндылықтардың орнығуы тарихи дамудың заңды құбылысы. Сондықтан жас ұрпақ бойына жалпы адамзаттық құндылықтарды сіңіру – тәрбиенің өзекті мәселелерінің бірі.

Жас ұрпаққа жан-жақты тәрбие беруде, білім негіздерін меңгерту арқылы оның тәндік, жандық, рухани, қоғамдық, әлеуметтік үйлесімділігі сақталады. Өмір сүру құндылықтары мен мәнін түсініп, табиғатпен сабақтаса отырып, адамдық игі қасиеттер негізінде дамуға мүмкіндіктер алады. Адам өзін-өзі рухани дамыту үшін үнемі тәрбиелеп, өздігінен білім алып, өз бетінше оқып үйренуге ұмтылуы шарт. Осы қасиеттер оқушы бойынан көрініс табу үшін, жас ұрпақ тәрбиесінде халқымыздың рухани байлығы, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, ұлттық сана, дін және рухани құндылықтарды жоғалтпай пайдаланып отыру өз нәтижесін береді. Сондықтан мектепте ұйымдастырылатын тәлім-тәрбиелік іс-шаралар мен тәрбиелік жұмыстар, оқушыларды жан-жақты дамытып, үнемі жетілдіріп отыратын бағытта болу керек.

 

Еңлік ӨТЕГЕНҚЫЗЫ,

А.Шынасилов атындағы орта мектептің тәлімгері.

Т.Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support