- Advertisement -

Қайыр қылсаң, бүтін қыл

90

- Advertisement -

Бүгінде қайырымдылықпен айналысатын түрлі қоғамдық бірлестіктер, қорлар, жекелеген азаматтар жетерлік. Жан-жануарлардан бастап, қарт кісілерге дейін қамқорлық танытып, түрлі шаралар өткізіп, шынайы ниетпен қол ұшын созып жатқандар да көп. Бірақ мейірімді жандардың назарынан тыс қалып, қоғамның жылулығына зәру тағы бір топ бар. Ол – тағдырдың жазуымен жаза басып, білместікпен өкінішті әрекет жасап қойған жасөспірімдер. Былайша айтқанда, қандай да бір қылмыс жасап, заң бұзып, істі болған, сөйтіп соттың шешімімен арнайы мекемеге орналастырылған балалар.

Қылмыскер, айыпталушы деген аты болса да, ең бірінші кезекте, олардың аты – бала! Ал балалардың жаза басып, тура жолдан таюына, дұрыс тәрбие алып, бағытын айқындай алмағанына кінәлі – қоғам, яғни сіз бен біз. Ендеше, кінәлі болса да бейкүнә балаларды одан сайын неге шеттете береміз?! Бәлкім, оларға отбасында берілмеген жылуды, тәрбиені қоғам көрсетсе, оңалып кетер ме еді…

«Сенімен Болашақ» қоғамдық бірлестігінің облыстағы филиалына жетекшілік етіп жүрген азамат Дәурен Бағжанов бізді аталған мекемеге бастап барды. Облыстық білім басқармасына қарасты «Балалар мен жасөспірімдердің арнаулы мектебі» аталатын мекемеде бүгінде 18 бала бар екен. Олар түрлі заңбұзушылық пен құқықбұзушылық жасағандары үшін соттың шешімімен бір айдан бір жылға дейін осында жатқызылғандар.

Біз барғанда балалар мектептің мәжіліс залында жиналып отыр екен. Бәрінің жүзінде қуаныштың лебі бар. Өйткені олар өмірлерінде алғаш рет қайырымдылық жасағалы тұр. Дәурен Бағжановтың ұйытқы болуымен осында 5 дана тігін машинасы алынған, ескісі жөнделген. Сондай-ақ оларға қажетті мата мен жіп, өзге де заттар алынып, оқушылар өз қолдарымен балаларға арнап көрпе-жастыққа тыс тіккен. Сол бұйымдарын «Аналар үйі» мен «Үміт» балалар үйінің бүлдіршіндеріне сыйға тартты.

– Бұл балалар қоғам назарынан тыс қалған. Олар істі болған соң, қайырымдылық қорлары, ұйымдар, тіпті мешіт те көмек көрсетпейді. Бірақ, бала болған соң мейірімнен, қамқорлықтан шет қалмаса екен дейміз. Дәурен мырза қаншама жылдардан бері біздің мекеменің балаларына барынша көмек көрсетіп келеді. Бұл жолы да өз қаржысына жаңа іс бастап беріп отыр. Бұл бірінші кезекте қыздарымыздың бос уақытын тиімді өткізуіне, екіншіден, ертеңгі күні кәсіп бастап кетуіне көп көмегін тигізетін бастама болғалы тұр. Алдағы уақытта ұл балаларға да дәнекерлейтін құрал-жабдықтар болса деген арманымыз бар. Олар да белгілі бір кәсіптің көзін үйренер еді, – дейді аталған мектептің директоры Оспан Күнтубаев.

 

Маржан РАҚАЙ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support