- Advertisement -

Қазақстанның бейбіт бастамалары

53

- Advertisement -

Қазақстан халықаралық деңгейдегі көптеген маңызды бастамалар мен игі істердің ұйытқысы болып келеді. Бұл бастамалардың көпшілігі әлемдік қауымдастық тарапынан кең қолдау тауып, әртүрлі деңгейдегі басқосулар мен қарарлардың қабылдануымен, нақтылы іс-әрекеттердің жүзеге асуымен жалғасуда. Жалпы кез келген ұсыныстың, бастаманың өзегінде оны алға тартушы, идеяны дүниеге алып келген субъектің ішкі және сыртқы мүддесі де жататынын ескере кеткен жөн. Осы орайда, Қазақстан да әлемдік деңгейдегі ұсыныстары арқылы өзінің мүддесін де ескеріп отырғанын байқауға болады. Олай болса бүгінгі мақалада Қазақстанның тәуелсіздік жылдары ұсынған ең маңызды бес бейбітсүйгіш бастамасы туралы сөз қозғайтын боламыз.

Ядролық қарусыз әлем

Қазақстан ядролық қару сынақтарынан әбден жапа шеккен мемлекет. Өткен ғасырда 40 жыл бойы Семей өңірі толассыз ядролық сынақтың ордасына айналды. ХХ ғасырдағы 80-ші жылдардың соңында «Невада-Семей» қозғалысы қарқынды қызмет етіп, ядролық қару-жарақ сынағын тоқтату туралы үндеу жасады.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1991 жылғы 29 тамыздағы Жарлығымен әлемдегі ең алпауыт сынақ орындарының бірі болған – Семей ядролық сынақ полигоны жабылды. Биыл осы тарихи шешімге 31 жыл толды. Бұл, сөз жоқ, тек Қазақстанның ғана емес, әлемнің тарихында айрықша орын алатын маңызды шешім болды. Осы полигонда 1949 жыл мен 1989 жыл аралығында жердің үсті мен астында жалпы саны 468 ядролық сынақ жасалғанын, тек 1963 жылға дейін жасалған ядролық сынақтың күші 1945 жылы Хиросимаға тасталған атом бомбасынан 2500 есе күшті болғанын ескерсек, Семей ядролық сынақ полигонының қандай ауқымды әрі зиянды болғанын көзге елестетуге болады.

Қазақстан сондай-ақ, осы алапат полигонды өз еркімен жапқанымен қатар тәуелсіздік жылдары тағы да өз еркімен ядролық қарудан бас тартқан тарихтағы алғашқы ел атанды. Кеңес одағы тарағаннан кейін Қазақстанға мирас болып қалған 1200-ден асатын ядролық оқтұмсықтар елімізді автоматты түрде ядролық мемлекеттер қатарына қосып жіберді. Алайда ядролық қаруға ие болу, оны ұстап тұру, әрі оның жауапкершілігін көтеру оңай емес болатын. Ядролық қаруға ие болу әлемнің әскери ірі мемлекеттерінің нысанына айналу дегенді де білдіреді. Сонымен қатар ядролық қаруға иелік ету Қазақстанның тәуелсіздік жылдары басты бағдар етіп алған бейбітсүйгіш саясатына да қайшы болатын. Бұл ретте Қазақстан әлемдегі ядролық қаруға ие ірі мемлекеттердің қауіпсіздікке кепілдігін ала отырып, 1992-1995 жылдары ядролық оқтұмсықтарды залалсыздандырды және кейбірін елден шығарып әкетті.

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі

Қазақстанның сыртқы саясаттағы маңызды бастамаларының бірі – 2003 жылдан бастап әр үш жыл сайын дәстүрлі түрде әлемдегі түрлі діндер мен конфессия көшбасшыларын ел астанасына жинап, дінаралық татулық және келісім саласында маңызды келіссөздер жүргізуі деуге болады. Бұл бастама 2001 жылғы 11 қыркүйек оқиғасынан кейін әлемде дінаралық дүрдараздық, ислам дініне деген теріс көзқарастың қалыптасуынан кейін қолға алынған маңызды шара еді.

2001 жылы әлем католиктерінің лидері, екінші Иоанн Павелдің Қазақстанға ресми сапармен келуі де еліміздің әлемдегі христиан мемлекеттері арасындағы беделін көтерді. Осылайша 2003 жылы Елорда төрінде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің бірінші съезі өтті. Бұл бастаманы Кофи Аннан, кіші Джордж Буш, Маргарет Тэтчер, Цзянь Цземинь, Нелсон Манделла, Ж.д’Эстен, Михаил Горбачев сынды саяси лидерлер мен діни көшбасшылар қолдады. Шараға ислам, христиан, иудаизм, буддизм, даосизм, синтоизм және басқа да діни сенім өкілдері қатысып, әлемде бейбітшілік пен татулық бағытында барша адамзатты бірлесе іс-қимыл жасауға шақырып, бірлескен құжаттар қабылдады. Бұл съезд нақтылы ресми іс-қимылдарды жүзеге асыруға қауқарсыз болса да әлемдегі, ұлттар, мемлекеттер арасындағы діни келісімнің орнауына, Қазақстанның сыртқы саясаттағы беделін көтеруге зор ықпал еткенін айта кеткен жөн.

Мәселен, бұл өркениетаралық диалогқа әр жылдары Израиль экс-президенті, Нобель сыйлығының иегері Шимон Перес, Малайзияның премьер-министрі Мохаммед Махатхир, Канаданың бұрынғы премьер-министрі Жан Кретьен, Әл-Азхар жоғары имамы Мұхаммад Саид Тантауи, Дүниежүзілік ислам лигасының бас хатшысы Абдалла ат-Түрки, Дүниежүзілік ислам мәзхабтарын жақындастыру ассамблеясының бас хатшысы Аятолла Шейх Мохсен Араки, католиктер шіркеуінің кардиналдары Йозеф Томко мен Жан-Луи Торан, Константинополь православ шіркеуінің патриархы Варфоломей І, Израильдің бас раввиндері Йона Мецгер, Шломо Амар және Ицхак Йосеф, «Джинджя Хонче» жапон синтоистік храмдары қауымдастығының президенті Цуне¬киё Танака, Дүниежүзілік лютеран федерациясының президенті Муниб Юнан, Дүниежүзілік буддистер қауымдастығының бас хатшысы Фаллоп Тайиари, Индология мен дінаралық диалогты зерттеу институтының төрағасы Сомайя Самир Шантила, ЮНЕСКО-ның бас директорлары Коичиро Мацуура мен Ирина Бокова, ЕҚЫҰ-ның бас хатшылары Марк Перрен де Бришамбо мен Ламберто Заньер және басқа да әлемге танымал көптеген қайраткерлердің қатысқанын айрықша атап өтуге болады. Алғашқы съезге 13 елден діни лидерлер мен меймандар қатысқан болатын.

Биыл Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі өткені белгілі. Соған орай елімізге 13 қыркүйекте Рим Папасы келген болатын. Елорда әуежайында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Рим Папасы Францискті қарсы алып, Ақордада Президент пен Рим Папасының қатысуымен «Қазақстан» орталық концерт залында үкімет, азаматтық қоғам және дипломатиялық корпус өкілдерімен кездесуі өтті. Айта кететіні, Рим-католик шіркеуінің басшысы Франциск елімізге Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы шақыруымен келді. Понтифик мемлекеттік сапар аясында еліміздің жоғары басшылығымен кездесіп, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіне қатысты.

«Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің пандемиядан кейінгі кезеңдегі адамзаттың рухани және әлеуметтік дамуындағы рөлі» атты пленарлық отырысты ашқан Мемлекет басшысы Қазақстан үшін әлемнің ең құрметті рухани көшбасшыларын бірге жинап, диалог орнату үлкен құрмет екенін атап өтті. Президент Ватикан мен Католик шіркеуінің басшысы Рим Папасы Францискке, ең көне Әл-Азһар ислам университетінің жоғарғы имамы Шейх Ахмад ат-Тайебке, орыс православ шіркеуінің өкілдеріне, Израильдің бас ашкеназ раввині Давид Лауға, Израильдің бас сефард раввині Ицхак Иосифке және форумның барлық қатысушысына өзінің ілтипатын білдірді.

– Біздің шақыруымызды қабыл алып, Қазақстанға келгендеріңіз үшін бәріңізге алғыс айтамын. Бұл бейбітшілікті сақтауға және өркениетаралық диалогты нығайтуға бәріміздің мүдделі екенімізді көрсетеді. Өзгеріске толы әрі белгісіздік белең алған қазіргі заманда бүгінгі басқосудың айрықша мәні бар. Біздің съезд өркениетаралық диалог орнататын жаһандық деңгейдегі алқалы жиынға айналды. Бұл форумды өткізуге Қазақстанның бастамашылық етуі бекер емес. Себебі қазақ жері ғасырлар бойы Батыс пен Шығыстың арасындағы көпір болып келеді. Осында, яғни Ұлы дала төрінде небір алып көшпелі империялар өмір сүрген. Діни ұстамдылық – олардың бәріне ортақ сипат, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оның айтуынша, Қазақстан халқы түрлі өркениеттер мен діндердің дәстүрін, төзімділік пен ашықтық қасиеттерін қабылдады. Сондықтан «бірлігіміз – әралуандықта» қағидаты еліміздің негізгі ұстанымына айналды.

– Қазіргі уақытта 100-ден астам этнос Қазақстанда өзара түсіністік пен келісім жағдайында өмір сүреді. 18 конфессияның 4 мыңға жуық діни бірлестігі еркін жұмыс істеп жатыр. Мұны біздің баға жетпес байлығымыз әрі мызғымас басымдығымыз деп санаймыз. Съездің өткізілуі – еліміз бен бүкіл әлемде диалог пен ынтымақтастықты нығайтуды көздейтін Қазақстан саясатының маңызды бағыты. Бұған дейінгі форумдарда қабылданған декларацияларда қандай идеялардың атын жамылғанына қарамастан радикализм, зорлық-зомбылық пен қақтығыстар әрдайым сынға алынды. Қазіргі күрделі жағдайда діни көшбасшылардың бір үстел басына отырып, кез келген қайшылықты еңсеретін ізгі амалдың үлгісін күллі әлемге көрсетуі аса маңызды. Менің ойымша, біздің съездің басты миссиясы мен ерекшелігі осында, – деді Президент.

Мемлекет басшысы коронавирустың таралуы экономика, саясат, әлеуметтік қатынастар сияқты өмірдің барлық саласына қатты ықпалын тигізді деп санайды. Карантиндік шаралар тауар тасымалдау жолдары мен қызмет көрсету, туризм, көлік және басқа да салаларға кері әсерін тигізді. Дағдарысқа қарсы мемлекеттік шығындардың артуы экономиканың құлдырауын тежеді, бірақ жаһандық инфляцияның өсуіне ықпал етті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, ірі державалар арасында геосаяси қайшылықтар күшейіп, әлемнің түкпір-түкпірінде шиеленістер үдей түсті.

– Қырғи-қабақ және өзара сенімсіздік жағдайы халықаралық қатынасқа қайта оралып жатыр. Заманауи сын-қатерлерге нені қарсы қоюға болады? Тарих бұған бір ғана жауап береді. Ол ізгі ниет, диалог және ортақ күш-жігер. Табысқа жетудің басқа кепілі жоқ. Қазақстан кез келген даулы мәселені БҰҰ Жарғысына сәйкес тек қана келіссөз үстелі арқылы шешуді үнемі айтып келеді. Туындаған қайшылықтарды күшпен, қорқытумен немесе санкциялармен реттеу мүмкін емес екеніне сенімдіміз. Мұндай сәттерде гуманистік идеалдарға жүгіну аса маңызды. Олардың басты қайнар көзі дәстүрлі діндер екені даусыз, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев съезд қатысушыларына арнаған сөзінде Қазақстан дамудың конструктивті мәселесін өңірлік және жаһандық деңгейде жан-жақты ілгерілетуге елеулі үлес қосатынын айтты. Ал еліміздің ішкі мәселесінде бірлік, ынтымақ және тиімді диалог негізгі басымдық саналады. Бүгінде еліміз ауқымды реформалар бағдарламасын жүзеге асырып, Әділетті Қазақстанды құруға кірісті.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық үдерістегі дін мен рухани көшбасшылардың рөлін қайта зерделеуге бағытталған бірқатар тезисті талқылауға ұсынды. Қазақстан Президентінің пікірінше, рухани көшбасшылардың күш-жігерін жұмылдыруы және диалогы бүкіл адамзатқа қазіргі теке-тірестерден шығу жолын көрсетеді.

– Осындай ауқымды диалог тәжірибесі рухани көшбасшыларға түрлі бітімгерлік бастамаларды белсенді көтеруге құқық береді. Бұл әлемнің түкпір-түкпірінде болып жатқан «қақтығыс ошақтарындағы» әскери қимылдар мен адамдардың зардап шегуін тоқтату үшін аса маңызды. Діндер басшылары – адамзаттың ар-ожданын сақтаушылар. Сондықтан өзара сенімге, қайырымдылық пен бейбітшілікке бастайтын жолды сіздер ғана нұсқайсыздар. Қазір адамзат бұрын-соңды болмаған жасампаз іс-әрекетке мұқтаж. Халықаралық қауіпсіздіктің жаңа жүйесін қалыптастыру үшін бәрімізге бейбітшілік жолындағы жаңа жаһандық іс-әрекет керек. Бұл мәселеде рухани көшбасшылардың рөлі аса зор деп санаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тәуелсіз мемлекеттер достастығы

Қазақстанның сыртқы саясаттағы жемісті бастамаларының бірі – Тәуелсіз мемлекеттер достастығын (ТМД) құру деуге болады. Көп адам мұның саяси салмағын бағамдай бермейді. 1990-1991 жылдары Кеңес одағының іргесі сөгіліп, бұрын одақтас саналып келген елдер біртіндеп тәуелсіздігін жариялап, дербес мемлекетке айнала бастады. Жетпіс жылға жуық экономикасы, мәдениеті, саяси өмірі, коммуникациясы, тағы басқа маңызды салалары өзара тығыз байланысты болған елдердің жеке-жеке елге айналуы алдағы уақыттағы қарым-қатынастарына, дамуына едәуір кедергілер келтіріп, қақтығыс қаупін туғызған болатын.

1991 жылғы 8 желтоқсанда Белоруссияның Беловеж орманында Ресей атынан Борис Ельцин, Белорусь атынан Станислав Шушкевич, Украина атынан Леонид Кравчук Кеңес одағын құрған елдердің өкілдері ретінде КСРО-ның ыдырағаны және тәуелсіз елдердің жаңа одағы құрылғаны туралы келісімшартқа қол қойды. Осыған орай, 1991 жылғы 13 желтоқсанда Түркменстан астанасы Ашхабадта Қазақстан, Өзбекстан, Түркменстан, Қырғызстан және Тәжікстан басшылары бас қосып, өзара жаңа одақ құру мәселесін, алдағы уақыттағы өзекті мәселелерді талқыға салды. Бұл бұрынғы КСРО аумағында славян және орталық азиялық елдерден құралған блоктардың пайда болу ықтималдығын күн тәртібіне шығарды. Осы басқосудан кейін Қазақстан Президентінің бастамасымен КСРО құрамында болған барлық ел басшылары 1991 жылғы 21 желтоқсанда Алматыға жиналып, толыққанды ТМД ұйымын құру туралы декларацияға қол қойды. Бұл ұйым алғашқы жиырма жылдан астам уақыт үлкен саяси-экономикалық мәнге ие болды. Өйткені бұл ұйым аясында бүкіл салт-санасы, экономикасы ұзақ уақыт бойы бір-біріне байланған елдер біртіндеп, өзара келісе отырып, дербес дамуға мүмкіндік алды. Ұйымның негізгі миссиясы да осы еді. Сондықтан қазіргі таңда ТМД ресми ұйым ретінде қызмет еткенімен, оның алғашқы жылдардағыдай маңызы жоғары емес.

Түркі тектес елдердің интеграциясы

Қазақстан түркі халқының тарихи қарашаңырағы саналады. Бұл ретте Қазақстан түркі тектес елдердің басын қосатын маңызды бастамалардың ұйытқысы да болуда. Бұған еліміз бастамашы саналатын немесе белсенді ұйымдастырушы болған Түркі кеңесі, Халықаралық түркі академиясы, Түрксой, ТүркПА, Түрік мәдениеті мен мирасы қоры сияқты халықаралық құрылымдарды мысал ретінде атап өтуге болады. Аталған ұйымдардың бәрінде дерлік Қазақстанның белсенді орны бар. Сондай-ақ «Түркі келешегі – 2040» бағдарламасын әзірлеу, Халықаралық түркі академиясының аясында ортақ түркі тарихы оқулығын әзірлеп, оқыту, ортақ ғылыми-ағартушылық жобаларды жүзеге асыру, мәдени-тарихи салаларда ынтымақтастықты нығайту, Түркі әлемі ақсақалдар кеңесін құру, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті аясында білім беру саласындағы ықпалдастықты арттыру сынды бастамалар түркі әлемінің интеграциясын, өткенді түгендеп, келешекке байыппен қадам басуды мақсат етеді.

Қазақстанның бітімгершілік қызметі

Қазақстан халықаралық деңгейдегі кейбір дау-дамайларды шешуге қатысты ұсыныстарымен де, ел астанасын диалог алаңы ретінде ұсынуымен де ерекшеленеді. Мәселен, 2015 жылы Сирияның Түркиямен шекаралас аумағында ұшып жүрген Ресейдің СУ-24 әскери ұшағын Түркия әскерилері атып түсіргеннен кейін екі мемлекет арасындағы қарым-қатынас күрт нашарлап кеткені белгілі. Осы мәселені реттеуде Қазақстанның сол кездегі Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың екі мемлекет басшысымен жеке-жеке сөйлесіп, Режеп Ердоған және Владимир Путинді өзара татуластыру жолында атқарған еңбегі үлкен маңызға ие. Сонымен қатар Қазақстанның Иранның ядролық саясатына, Сирия мәселесіне байланысты келіссөздерге диалог алаңы болғанын да атап өту орынды. Иранның ядролық бағдарламасына қатысты кездесулер сериясы Алматы қаласында өтсе, Сирияға қатысты келіссөздер елордада өтті. Бұл кездесулер проблеманы толық шешпесе де, тараптардың уақытша өзара консенсусқа келуіне, кейбір проблемалық мәселелердің түйінін тарқатуға мүмкіндік берді.

Біз бұл мақалада Қазақстанның тек бес бастамасына ғана тоқталып өттік. Еліміздің экономика, экология, қауіпсіздік, саяси салаларда ұсынған және жемісті іске асқан бұдан өзге де бастамалары аз емес. Мұның бәрі Қазақстанның бейбітсүйгіш әрі мәмілешіл саясатымен тығыз байланысты. Жаһандық және локальды қақтығыстар толастамай тұрған бүгінгі заманда мұндай саясат адамзат игілігіне қызмет ете бермек.

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан халықаралық аренада өз позициясын нығайтты. Біздің мемлекет көпвекторлы, прагматикалық және белсенді сыртқы саясатты жүзеге асырып, қауіпсіздік, ынтымақтастық және даму саласындағы жаһандық және аймақтық күн тәртібін қалыптастыруға және іске асыруға айтарлықтай үлес қосты. ЕҚЫҰ-ға, ЕурАзЭҚ-қа, ШЫҰ-ға, ИЫҰ-ға, ҰҚШҰ мен Түркі кеңесіне төрағалық ету соңғы жылдары Қазақстанның жоғары халықаралық беделінің дәлелі болғанын атап өткен жөн.

Ең бастысы, еліміздің ядролық қарудан бас тарту туралы шешімі болды. Содан бері, Қазақстан әлемде ядролық қаруды жою және таратпау идеясын үнемі алға тартып келеді. Сондай-ақ 2014 жылы Қазақстанда «Бітімгершілік қызмет туралы» заң қабылданды. Бүгінде біздің еліміз бірқатар бітімгершілік миссияларға қатысады, әрі еліміз әлемде бейбітшілікті сүйетін мемлекет ретінде танылып жүр.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП.

Интернет материалдары негізінде дайындаған

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support