- Advertisement -

Салық төлеуден жалтаратындарға бақылау күшейтіледі

208

- Advertisement -

Қазақстан Республикасының Қаржы вице-министрі Ержан Биржанов жұмыс сапарымен облысымызда болып, Қордай ауданындағы шекара бекеттерінің тауар өткізу пункттерінің тыныс- тіршілігімен танысты. Сонымен қатар облыстағы және аудандағы мемлекеттік кірістердің салық түсімі, бюджеттік бағдарламалар мен жобалардың жүзеге асырылу барысын көрді.

Жалпы, облысымызда соңғы үш жылда мемлекеттік кірістер жоспары толық орындалып, оның ішінде жергілікті бюджет кірістерінің динамикасы жоғарылап, түсімдер жылдан- жылға артқан.

Ал Қордай ауданындағы шекара бекеттерінде Қырғыз мемлекетінен келетін автокөлік құралдарына қатысты салықтық тексерулер жүргізу барысында 99 пайыз жағдайда мәлімделмеген тауар анықталады екен. Жыл басынан бері 6895 тақырыптық тексеру жүргізіліп, 6214 бұзушылық анықталып, 462,9 миллион теңге көлемінде айыппұл салынып өндірілген.

Бұдан бөлек, мемлекеттік кірістер департаменті шекара қызметкерлерімен бірге жыл басынан бері бірлесіп мұнай өнімдерін, сондай-ақ тауарлардың басқа да атауларын заңсыз әкетудің 42 фактісінің жолын кескен.

Шекара бекеттері мен ондағы заттарды сақтау қоймасы жұмысымен танысқан соң, вице-министр Қордай ауданы әкімдігінің мәжіліс залында облыс тұрғындарының алдында есеп беру кездесуін өткізді. Оны облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров жүргізіп отырды.

– Жамбыл облысына келген жұмыс сапарымды Қордай ауданынан бастауымның басты себебі – Қырғыз мемлекетімен шекаралас өңір болғандықтан келдім. Сауда-саттық саласында мемлекеттік бюджетке салық түсіп жатыр ма? Шекара бекетіндегі құжаттар оңынан жүргізілуде ме? Осы мәселелерді бүгін жан-жақты зерделеп, өңірдің ахуалымен, шекаралас елді мекендердің мәселелерімен танысу үшін келген едім, – деді Ержан Ерікұлы.

Вице-министр жұмыс сапары барысында Қордай ауданындағы екі шекара бекетінің жұмысымен танысып, онда көргендерін баян етті. «Бүгін өңірдің әжептәуір деңгейде дамып жатқанының куәсі болдық. Ауданның салық мөлшері де әжептәуір ұлғайған.

Атап айтсақ, өткен жылмен салыстырғанда салық түсімі ауданда 30 пайызға жоғарылаған. Салық түсімінің бұлай артуы қуантарлық жағдай. Бұл қаржы халықтың әл-ауқатын арттыру үшін жұмсалады.

Атап айтсақ, қазір Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Жайлы мектеп», ауыл шаруашылығын дамыту бойынша көп жоспар қаралуда», деді вице-министр.

Сондай-ақ оның айтуынша, салық деңгейі республикада 48 пайызға ұлғайған. Мұның бәрі салық төлеушілердің жауапкершілігінің артуымен байланыстырылды. Салықтан түскен қаржыны керекті саладағы мәселелерді жүзеге асыру үшін пайдаланылатыны айтылды.

Салық төлеушілерге жағдай жасау, төлемеушілерге бақылау күшейтілетінін айтқан вице-министр жаңа Кодекс бойынша салық төлеу және салық декларациясының енгізілу барысы туралы да айтып берді.

Кездесудің сұрақ-жауап бөлімінде облыс тұрғындары тарапынан көп сұрақ қойылды. Самал есімді кәсіпкер шекара бекетінде тауарын құқық қорғау органдарының өкілдері бренд тауар ретінде тәркілеп, бір жылдан бері ісін созып келе жатқанын, не сотқа бермей, не тауарын қайтармай отырғанын айтты. Осының салдарынан кәсіпкер шығынға ұшырағанын айтып, заң шеңберінде көмек беруді сұрады.

Келесі сұрақ қоюшы кеден бекетінде көлік кептелісінің қалыпты жағдайға айналғанын көтерді. Оның айтуынша, көрші елдің автокөліктері өңірде жанар-жағармайдың тапшылығын тудыруға сеп болуда.

Яғни, бері өткен көрші елдің автокөліктері бензин бактарын жанармайға толтырып кері өтіп кететін көрінеді.

Облыс тұрғындары тарапынан қойылған сұрақтарға Қазақстан Республикасы Қаржы вице-министрі Ержан Биржанов жауап берді. Соңынан облыс тұрғындарын жеке сұрақтары бойынша қабылдады.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ
Қордай ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support