- Advertisement -

Бостандықта бағы жанған Бодаубек

95

- Advertisement -

Таластықтар тегіс құрметтейтін азаматтың бірі – Талас ауданының Құрметті азаматы Бодаубек Айтбеков. Бөкең кеңшарда комбайншының көмекшісі, слесарь жұмысынан кеңшар директорының орынбасарына дейінгі жолдардан өткен кісі. Осы тұста кейіпкеріміздің ата-анасы жайлы да аз-кем айта кеткеніміз орынды болар.

Әкесі Айтбек Есдәулетов ертеректе ұжымшарда аумақтық учаскелік механик-бригадир болған. Ол кезде Ойық ауылында ірі машина-трактор жөндеу стансасы жұмыс істеген. Айтбек бригадир өз колхозының бүкіл трактор, машинасын Ойыққа апарып, жөндеуден өткізіп тұрған. Соғыстың алғашқы жылдарында майданнан жараланып оралған азаматтарға және әйелдерге трактор жүргізуді үйреткен. Артынша 1943 жылы Ұлы Отан соғысына аттанып, елге оралмаған. Әкесі майданға кеткенде Бодаубек бір жаста еді. Сондықтан әкесінің бейнесі есінде де жоқ. Бірақ Отан қорғау жолында ерлікпен қаза болғанын өмір бойы мақтан тұтты. Анасы Өмен Төлекенова – соғыс жылдарында кеңшардың бүкіл қара жұмысына белсене қатысқан еңбек адамы. Ол кезде барлық жұмыс қолдың күшімен атқарылады. Төрт әйел қатар тұрып үлкен оман арықтарды қазған. Бидай, жүгері егіп, мақтаны қолмен терген. Өмен әже ұл-қыз, немере, шөберенің есейгенін көріп, 1994 жылы 85 жасқа қараған шағында өмірден озды.

Міне, осындай отаншыл, жаны адал кісілердің перзенті Бодаубек те жұмысына мейлінше жауапты болды. Мектеп бітіре салысымен Алматы ауыл шаруашылығы институтына барғанымен, түсе алмай қайтты. Ауылда комбайншының көмекшісі, слесарь болды. Бір жылдан соң жүргізушілер дайындайтын курсты оқып, көлік жүргізушісі куәлігін алды. Ол заманда жүргізушілер де көп емес. Содан кеңшарда машина руліне отырып, әуелі малшыларға су таситын көлікті жүргізеді.

Ал 1961-1963 жылдары кеңшар директорының көлік жүргізушісі болды. Әуелі Төлеубай Айжолов деген кісі шаруашылықтың басшысы екен. 1962 жылы ауданда үлкен қызметтерде ысылған Сейілбек Әбдиев «Бостандық» кеңшарына директор болып келеді. Секең жастардың болашағы үшін көп алаңдайтын кісі екен. Бодаубектің екі жыл барып, институтқа түсе алмай жүргенін естігенде Сейілбек Әбдиев толғанып, қолдау білдіріп, кеңшарға келген екі жолдаманың бірін алып береді. Бодаубек 1963 жылы Алматы зоотехникалық малдәрігерлік институтына жолдамамен оқуға түсіп, жақсы үлгеріммен бітіріп шықты. Институтта өз тобының комсомол хатшысы болған Бодаубек грек-рим күресіне де қатысып, студент жастар арасында республикалық жарыстарда күресіп жүрді.

Институтты бітірісімен Сейілбек Әбдиев басқаратын «Бостандық» кеңшарында №1 фермада мал дәрігері болып еңбек жолын бастаса, медициналық институтта оқыған асыл жары Клара Қуатбековаға да жұмыс табылды. Кеңшар директоры жас отбасының жағдайын жасады. Бодаубек кеңшарда биолаборатория ашып, саулық қойлардың егіз қозы тууын қамтитын препараттар дайындады. Бодаубектің осы іскерлігін байқаған көрші кеңшардың Үдербаев деген директоры мұны бас мал маманы болуға шақырады. Оны естіген Сейілбек Әбдиев: «Бодаубек, біраз тәжірибе жинадың. Біздің кеңшарға бас мал дәрігері бол» деп үлкен қызмет береді.

Бұл 1975 жылдар еді. Содан ұзақ жыл кеңшарда бас мал дәрігері, ферма меңгерушісі болып қызмет атқарды. Сол жылдары аталған кеңшардың малшылары жүз саулықтан 135-140 бас қозы алды. Осы жетістігі үшін Бодаубек Айтбеков Югославия мемлекетіне 20 күн демалып қайтуға мүмкіндік беретін тегін жолдамаға ие болды. Бірде аудандық малшылар слетінде түйе балуан жарысында Тамды ауылының бір шомбал қарасына ешкім бата алмаған. Сонда «Бостандықтың» партком хатшысы Ералы Дадабаев: «Бодаубек, сен күреске қатысқансың, шық» дейді. Бодаубек әлгі балуанды жеңіп, түйе балуан атанады.

Бодаубек Айтбеков биыл 80 жасқа толды. Ол «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері, Талас ауданының Құрметті ардагері. Әттең, асыл жары Клара бұл күнде бақилық. 8 ұл-қызынан бірнеше немере, шөбере сүйіп отыр. Ұлы Медет «Айтбек» ШҚ төрағасы, Айдары құрылысшы, Әнуар өзінің жолын қуған мал дәрігері. Өзге перзенттері де өз ісінің шеберлері. Таласта Бодаубек Айтбековті сыйлап, құрметтейтіндер көп.

 

 Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support