- Advertisement -

Талас төріндегі тұсаукесер

275

- Advertisement -

Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Баймаханбет Ахметтің есімі көпшілікке белгілі. Осы кезге дейін де оқырмандарына бірнеше кітабын тарту еткен қаламгердің «Жадымдағы жаңғырықтар» және «Күбір» атты екі кітабы жарық көрді. Ақынның «Күбір» кітабына лирикалық жырлары, балладалары және поэмалары енгізіліп отыр. Сондай-ақ оқырмандардың И.Бродский, О. Мандельштам, А. Ахматова, А. Кольцов, Н. Рубцов, Ф. Тютчев, А.Фет секілді айтулы орыс ақындары өлеңдерінің аудармаларымен де оқып, танысуына мүмкіндік бар.

Ақындар мен батырлар елі – Талас ауданында Баймаханбет Ахметтің «Табиғаты өзгеше талант иесі» атты шығармашылық кеші өтіп, оның аясында прозалық «Жадымдағы жаңғырықтар» және поэзиялық «Күбір» деп аталатын екі бірдей кітабының тұсауы кесілді. Талас аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен аудандық орталық кітапхана бірлесе ұйымдастырған осынау іс-шараға мәдениет қызметкерлері мен аға, іні әріптестері, жалпы оқырман көп жиналды.

Кешті аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков ашып, ақынның терең тынысты поэзиясына тоқталып, таластықтар атынан сый-сияпат жасады. Ақынның кеудесіне «Талас ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін тақты. Артынша аталған қос бірдей кітаптың тұсауын аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков, жазушы Елен Әлімжан, «Aulieata-Media» ЖШС-нің бас директоры Оралхан Дәуіт, Қазақстан Жазушылар одағы Жамбыл облыстық филиалының директоры Хамит Есаман, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ғайни Әлімбекова кесті.

Бұдан кейін жазушы-драматург, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Елен Әлімжан, «Aulieata-Media» ЖШС-нің бас директоры Оралхан Дәуіт, ақындар, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері Ғайни Әлімбекова, Сабырғали Рысбаев, аудандық билер кеңесінің төрағасы Сәулембай Әбсадықұлы, облыстық ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы Сайлаухан Ашанов және тағы басқа да азаматтар жүрекжарды лебіздерін жеткізді.

Үлкен LED-экран арқылы ақынның өмір жолы мен шығармашылығы жөніндегі телетүсірілімнен үзінділер көрсетілді. Кештің өнебойы әнмен, жырмен өріліп отырды. Кітапхана қызметкерлері мен мектеп оқушылары ақынның бірсыпыра өлеңдерін жатқа оқыды. Баймаханбет ақын да жаңа жырларынан оқырманына шашу шашты. Әсіресе «Елге сәлем» атты өлеңі таластықтардың жүрегіне жетіп жатты.

Ақын оқырмандар тарапынан қойылған бірнеше сұрақтарға жауап берді. Кеш соңында ақын Баймаханбет Ахмет сөз алып, өзін құрметтеген аудан басшылығына, ауданның мәдениет қызметкерлеріне, Ұлбике ақын атындағы орталыққа, келген қонақтарға және оқырмандарына шынайы алғысын білдірді.

 

 Есет ДОСАЛЫ

Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support