- Advertisement -

Біліктілігі жоғары, білімі терең еді

244

- Advertisement -

Ғасыр жасаған «Aq jol» басылымында елу жыл еңбек еткен Бақытяр Әбілдаұлы менің ұстазым, тәлімгерім болды. Аудандық газеттен облыстық басылымға ауысып келгенімде ол кісі газеттің «партия тұрмысы» бөлімінің меңгерушісі болып еңбек етті. Көп жылдан бері газеттегі ауыл шаруашылығы бөлімін басқарды. Еңбекқорлығымен, жеделдігімен ерекше көзге түскен атпал азамат еді. Ғасыр басылымын ұзақ жыл басқарған журналистиканың майталманы Баттал Жаңабаев ағамыз оны «К-700»-қа теңейтіні де оның еңбексүйгіштігін көрсетсе керек.

Арғынбай Бекбосын, ақын Жақсылық Сәтібеков, Әлдихан Қалдыбаев ағаларымыздың да берген бағалары жоғары. Арағаң «оған бір беттік материалды бір сағатта жазу түкке тұрмайды» десе, Әлдихан аға «мен тарихи-танымдық шығармаларды жазуда Бақытяр Әбілдаұлы бір өзі бір ғылыми-зерттеу институтының жұмысын атқарды деп емін-еркін айта аламын» деді. Бәкең елге белгілі талай батыр, билерді ұрпағына қайтарды. Кез келген тарихи тұлға туралы түп-тұқиянына дейін тарқатып айтып беретін.

Облыстық басылымға келгенімде Бәкеңнің қамқорлығын көп көрдім. Үйретуден ешқашан жалықпайтын. Біліктілігі жоғары, білімі терең еді. Қашанда сабырлы, үлкен-кішіге сыйлы болды. Кеңестік заманда салмақты материалдарды батыл жазды. Жеке өмірде де жақсы араластық. Қолынан келген көмегін ешкімнен аянбайтын. Адамгершілік асыл қасиеттері өте жоғары болды. Оның көрсеткен үлгі-өнегесі, жазған туындылары әлі күнге дейін қолданыста. «Аңырақай» шайқасы туралы жазған көлемді мақаласы күні бүгінге дейін маңыздылығын жоғалтқан жоқ. Осы секілді артында қалған мол мұрасы, қазақ журналистикасына қалдырған қолтаңбасы еш уақытта ұмытылмайтынына кәміл сенемін. Жатқан жері жайлы болсын!

 

 Тұрсынхан ТОЛҚЫНБАЙҰЛЫ,

ҚР Ақпарат саласының үздігі, «Aq jol» газетінің ардагері.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support