- Advertisement -

Ант беріп, еліне адалдығына серт етті

97

- Advertisement -

Қазіргі шақырылымдағы мерзімді қызметтегі әскери қызметшілердің: «Мен, Қазақстан Республикасының азаматы, Қарулы күштердің қатарына кіре отырып ант қабылдаймын және Қазақстан халқы мен оның заңды сайланған Президентіне ақтық демім қалғанша адал болуға, өзімнің егемен мемлекетімнің Конституциясы мен заңдарын қастерлеп сақтауға салтанатты түрде ант етемін», – деп басталатын салтанатты ант беру рәсімі Қордай ауданы бойынша шекара басқармасының 2038 әскери бөлімі қалашығында өтті.

Осы күні 337 жас сарбаз Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметінің қатарына сап түзеді. Салтанатты ант қабылдау шарасына әскери бөлім басшылығы, өзара іс-қимыл жасайтын органдардың өкілдері, ардагерлер және сарбаздардың ата-аналары мен туған-туыстары қатысты.

Әскери оркестрдің ел Әнұранын орындауынан кейін Қордай шекара басқармасының бастығы, подполковник Сәбит Нүсіпжан жалпы ант қабылдаған жас сарбаздарды және шекара басқармасын толық құқылы жаңа буынмен толығуымен құттықтады. Жаз сарбаздарға ақжарма тілегін салтанатты шараға арнайы шақырылған азаматтар да жеткізді. Мәселен, аудандағы ауған соғысы ардагерлері ұйымының төрағасы Дәулет Қырғызбаев, осы күні қолына қару алып, ел шебін қорғауға баратын жас сарбаздар Әлішер Шаймарданов пен Никита Мартыновтың туыстары, ҰҚК Шекара қызметінің ардагері, запастағы полковник Шаймардан Ибраев пен ауған, тәжік жерлері мен Таулы Қарабақ аймақтарында интернационалистік қызметін атқарған ардагер Сергей Мамаев үлкен батылдық пен ептілікті, білім мен шыдамдылықты бойға сіңіріп, Отан алдындағы міндетті үнемі есте сақтау қажет екенін жеткізді, шекара шебін күзетуге кіріскелі тұрған жастарға ағалық ақылдарын айтты.

Ант қабылдау – Отаныңа, халқыңа ақтық демің шыққанша адал болу, ел басына түскен сын сағатта оны мойымай көтеру, қажет болса, жан қию деген сөз. Ант – адалдық рухы. Осыны жан дүниесімен қабылдаған Отан қорғаушылар кезекпен ант беріп, еліне адалдығына серт етті. Келесі кезекте арнайы жасақ жауынгерлері әскери техника және иттермен жұмыс жасаудың, шұғыл әрекеттерді көрсету бойынша өнерлерін жалпыға паш етті.

Осы күні ант қабылдаған сарбаздар негізінен Алматы облысынан келгендер, арасында жамбылдық жауынгерлер де аз емес. Оларды қолдауға келген туыстарына шекара қызметі басшылығы сарбаздардың тамақтанатын асханасы мен ондағы ас мәзірін, жатын орыны – казарманы, жаттығулар өткізілетін спорт залын және мәдениет үйін көрсетті. Айта кеткен жөн, осы әскери мәдениет үйінде ата-аналар мен әскерилер арасында кездесу ұйымдастырылып, барлық сұрақтарға жауаптар берілді. Сондай-ақ осы күні дәстүрге сай жас сарбаздардың ата-аналарымен және туыстарымен бірге болуына уақыт берілді.

Ант қабылдаған сарбаздар енді аудан бойынша шекара бөлімшелеріне жіберілетін болады.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Қордай ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support