- Advertisement -

Қоғамның басты байлығы – еңбек адамы

319

- Advertisement -

Қай қоғамда, қай уақытта болсын, өмірдің мәні өркениет өлшемдері арқылы айқындалады. Ең бастысы – адам факторы. Оның еркі, күш-жігері, табандылығы мен білімін, жақсы өмір сүрудің алтын кілтін де осы шамадан іздеген жөн. Бұл еңбек адамына тән қадір-қасиет болуы керек деген ой қоғамда әбден орнығып, қалыптасқанын жақсы білеміз. Еңбек адамы десе, адамдардың ойына кәсіподақ ұйымдары оралып, еске салатынын да ашық айтуға болады. Өзін, отбасын асырап, бала-шағаның қамын ойлап еңбек ететін адамдардың мүддесі мен құқығын қорғау өкілеттілігі еңбек заңнамаларына сәйкес жұмысшылар мен жұмыс берушілердің қалауымен құрылған кәсіподақ ұйымына тиесілі.

Әлеуметтік әріптестік ынтымақтығы мен өзара үйлесудің жұмысында мемлекеттік атқару органдарының ықпалдастық қызметіне де құрметпен қарауға тиіспіз. Сондай-ақ әлеуметтік еңбек қарым-қатынастарды келісімге сәйкес тиімді жүргізу, атап айтқанда, еңбеккерлерге әлеуметтік қолдау көрсету, еңбек шарты мен ұжымдық шарттың қатаң сақталуына, еңбек қауіпсіздігі іс-шараларын ұдайы тиянақтай түсуіне, жалпы еңбек адамының лайықты тұрмыс сапасы мен жағдайын жасауға мүдделілік таныту өте маңызды міндет, әрі қажетті талап болуға тиіс.

Құрамында 1 миллион 640 мыңға жуық мүшесі бар Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы биылғы жылды «Әлеуметтік әріптестік жылы» деп жариялады. Бұл күндері федерация әлеуметтік әріптестіктің мүмкіндіктерін пайдалана отырып, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау, ең бастысы – еңбек адамына ерекше қамқорлық жасау, олардың сапалы өміріне қолайлы әлеуметтік жағдай туғызу бағытында кешенді жұмыстар атқаруда.

Дәл осындай жұмыстар біздің облыста да жүйелі түрде атқарылып келеді. Айталық облыста әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссияның 5 отырысы өтті, оның 4-іне облыс әкімі өзі төрағалық етті. Осы комиссия отырыстарында еңбек қатынастарын реттеу, жалақыны уақтылы төлеу, лайықты еңбек жағдайларын жасау, еңбек адамының құқығы мен мүддесін қорғау, еңбек қауіпсіздігінің сақталуы, жұмыскерлердің әлеуметтік кепілдіктерінің сақталуы, облыстағы әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру және өңірдегі жалақыны көтеру бойынша мәселелер ұдайы қаралады.

Жақында кәсіподақтар орталығының ұйытқы болуымен өткен үшжақты комиссия отырысына облыс әкімі Нұржан Нұржігітов төрағалық етіп, онда облыстағы 1200 кәсіпорын 46051 жұмыскердің жалақысын орта есеппен алғанда 27,1 пайызға көтергені айтылды. Сонымен қатар комиссия отырысында облыс әкімдігі, «Жамбыл облысы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі және облыстың жұмыс берушілерінің өкілі арасындағы 2021-2023 жылдарға арналған келісімге өте оңтайлы өзгертулер мен толықтырулар қабылданды.

Атап айтқанда, өңірде әлеуметтік еңбек жанжалдарының және ереуілдердің алдын алу және оларды болғызбау жөніндегі іс-шаралар мәселесіне қатысты айтсақ, өндірістік жарақаттану деңгейін төмендету коэффициенті биылғы жылы 0,18 болса, 2023 жылы 0,17 коэффициентке төмендету көзделуде. Және ең бастысы, жұмыс беруші қызметкерлерге жыл сайын бірінші тоқсаннан кешіктірмей Қазақстан Республикасының уәкілетті мемлекеттік органы өткен жыл үшін айқындаған инфляция деңгейінен төмен емес мөлшерде жалақыны индексациялау мәселелері үшжақты келісімге енгізілді.

Біз еңбекті Қазақстан қоғамының негізгі құндылығы ретінде дәріптеу қажеттігін де арқау етеміз. Осыған байланысты кәсіподақтарға ерекше міндет жүктеледі. Сонымен қатар әділетті әлеуметтік мемлекет құру үшін кәсіподақ қызметінің нысандарын үнемі жетілдіріп, әлемде болып жатқан өзгерістерге орай тиімді іс-қимыл стратегиясын әзірлеу де қажет болып отырғанын да айта кетуіміз керек.

Бүгінгі кәсіподақ – Қазақстандағы азаматтық қоғамның басты белгісінің бірі. Сондықтан қай жерде болмасын жергілікті кәсіподақ ұйымдарының жұмысы айқын сезілуі тиіс. Әрдайым бірлік, кәсіби шеберлік және өз ісіне деген адалдық болған жерде жан сүйсінтерлік тірлік көрінеді. Облыста 15 салалық, 1300-ге жуық кәсіподақтардың бастауыш ұйымында 123 мыңдай мүше бар екенін айтсақ, азаматтық қоғам институтының әлеуеті мен қауымдастық ықпалын аңғаруға болады.

Кәсіподақтар федерациясының өткен жылды «Бастауыш кәсіподақ ұйымы жылы» деп жариялауына орай жаңа бастауыш кәсіподақ ұйымдарын ашу жұмыстары қарқынды жүргізілді. 2021 жылы 56 бастауыш кәсіподақ ұйымы ашылып, олардың мүшелерінің саны 2500 адамға толықты. Биыл да жаңадан бастауыш кәсіподақ ұйымдары ашылды. Осы жылы жаңадан 17 бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылып, бүгінде оларда 747 кәсіподақ мүшесі бар.

Бүгінде Кәсіподақтар федерациясының бастамасымен әр өңірде «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы ұйымдастырылуда. Акцияның мақсаты – еңбек ұжымдарындағы көтерілген мәселелерді ашық жеткізе отырып, оларды шешу үшін оңтайлы шаралар қабылдау. Осындай бастауыш ұйымдармен кездесу бізде де жалғасып келеді. Қыркүйек айында 8 бастауыш ұйымда кездесу өтіп, 600-ден астам адам қамтылды. Бұндай жұмыс орындарында өткен кездесулерде жұмысшылар еңбек қатынастары мен әлеуметтік мәселелер турасында өздерінің сұрақтарын қойып, жауаптарын алды. Бұл жерде айта кетер бір мәселе, кәсіподақ жұмысына қатысты барлық маңызды ақпараттар мен жаңалықтарды Кәсіподақтар федерациясының YouTube, Facebook сынды әлеуметтік желілері арқылы танысуға болады.

Біздегі кәсіподақ ұйымдарында ұзақ жылдар бойы ақыл-оймен еңбек заңнамаларының қадір-қасиетін түпкілікті қалыптастырып, жалпы еңбек адамының құқығын қорғап, мүддесіне қызмет етудің бай тәжірибесі қалыптасқан. Кәсіподақтарға деген сенім еселей түсетін жұмыстар ең әуелі сол кәсіпорында, не сол мекемеде еңбек ететін адамның лайықты жалақы алып, әлеуметтік қорғаудың бар екенін айқын сезінуден басталады. Айталық, жұмыс берушілер мен жұмыскерлер арасында тиімді еңбек қатынастарын құрудың басты құралы – ұжымдық шарт болып табылады. Кәсіподақ ұйымдары құрылмаған кәсіпорындарда ұжымдық шарт жасалмайды, соның салдарынан жұмыскерлер өз құқықтарын қорғай алмайды. Біз дәл осы мәселеге шағын және орта бизнес өкілдерінің назар аударуы қажет деп санаймыз.

Еңбек адамының құқы мен мүддесін қорғау, қауіпсіздігін сақтау мәселесімен тікелей байланысты екенін өмірдің өзі көрсетіп отырған жоқ па?! Сол себепті барлық ұйымдар мен кәсіпорындарда ұжымдық шарттарды бекіту тетігін заңнамалық тұрғыдан тиянақтауды ұсынудамыз. Әлеуметтік әріптестік жөніндегі облыстық үшжақты комиссияда нақ осы көкейкесті мәселе талай мәрте қаралды. Өңірдегі кәсіпорындарда ұжымдық шарт жасау деңгейі 92,4 пайызды құрайды. Бұл көрсеткіш өзара түсіністік пен ұжымдық мәдениеттің өзіндік жемісі.

Әлеуметтік еңбек дауларын болдырмау да кәсіподақтардың назарынан түскен емес. Ұжымдық шарт еңбек ұжымындағы тұрақтылық негізі, ал, еңбек дауы көп жағдайда кәсіподақ ұйымдары жоқ кәсіпорындарда орын алады десек, ақиқат пікірді қайталап айтар едік. Әрбір кәсіподақ мүшесі – ол еңбек адамы. Ол біздің жақынымыз, бауырымыз және жолдасымыз. Ол – отбасының тұтқасы, мықты тірегі. Ол – ел игілігін жасаушы, олар – рухтас асыл жандар. Ендеше алда тұрған белестерден білекке-білек, жүрекке-жүрек, тілекке-тілек қоса білсек қана абыройлы ете аламыз.

Қазақстан кәсіподақтарының биыл қоғамдық ұйым ретінде қазақ жерінде бастау алған тарихына 117 жыл толып отырғанын айтсақ, әлбетте өзінің саналы ғұмырын, білімі мен ерік-жігерін осы қоғамдық ұжымның қызметіне арнаған аға ұрпақ өкілдерін құрметпен атаймыз. Сондай-ақ ел тәуелсіздігі жылдары кәсіподақтардың түрлі белесті кезеңдерден шыңдалып, ширап, кәсіби шеберліктермен, бекем бірлікпен Отанымыздың өркендеуіне ерен үлес қосып, қолтаңбасын қалдырған әріптестерге де зор құрметпен қараймыз.

Еңбеккерлер әулеті, бір кәсіпке, мамандыққа ұзақ жылдар бойы ұрпақтар жалғастығы мен сабақтастығы дәстүрге айналған отбасылар құндылығының өзі өнегелі мәртебе. Ал мұндай әулеттер мен отбасылар кеншілер мен мұғалімдер, дәрігерлер мен теміржолшылар сияқты ата кәсібін берік ұстанғандар өндіріс орындарында жүздеп саналады. Себебі жалпы еңбек қоғамын қалыптастыру дәулеті мол, игілігі орасан мемлекеттің қайнар көзі. Кәсіподақтар өз қызметінде еңбек адамы – қоғам байлығы құндылықтарын аса қадірлеп, еңбеккерлер мүддесіне, мемлекеттің абырой биігіне қызмет етуді басты парызы деп біледі.

 

 Бағлан ҚАРАШОЛАҚОВ,

облыстық кәсіподақтар

орталығының төрағасы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support