- Advertisement -

Биыл әкімдердің қар тазалауға қауқары жете ме?

67

- Advertisement -

Қыс қыр астында. Оған дайындық жұмыстары әріден-ақ басталып кеткен. Бірақ бұл мәселеге жауапсыздық танытып, арқаны кеңге салып жүрген бірқатар аудан әкімдері де бар екен. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов аппарат кеңестерінде қанша рет әрбір саланы жеке-жеке бөліп қарап, аудан әкімдеріне тиісті мәселелерді шегелеп тапсырғанымен де кейбір аудандар қыста жолды қардан аршуға дайын болмай шықты. Жылыту маусымы да аймақ басшысының назарынан тыс қалмады. Әзір ауа райы да қарайласып тұр, дегенмен жылыту маусымы талапқа сай өтуде. Ал қыс айларында жүргізушілерді қинайтыны – автомобиль жолдарының қардан уақтылы тазаланбауы. Одан қалаберді көктайғақтан зардап шегетіндер де аз емес. Бұл мәселе қашанда басы ашық күйінде қала бермек.

Облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібековтің айтуынша, облыста жалпы пайдаланымдағы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдардың ұзындығы 3139 шақырымды құрайды екен. Оның 1756-сы облыстық, 1383-і аудандық маңызы бар автомобиль жолдары. Оны қыс айларында күтіп ұстау бойынша іс- шаралар жоспары бекітілген.

– Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аса қажетті жол телімдеріне, атап айтқанда, тау асулары мен өрлерге, қарқынды қозғалысты қиылыстарға, теміржол өтпелері мен аялдамаларға тайғақтыққа қарсы материалдарды
дайындау жоспарланған. Сонымен бірге ауа райының қолайсыздығынан туындайтын автомобиль жолдарында төтенше жағдайларды болдырмау мақсатында тиісті мердігер ұйымдарға тәулік бойы кезекшілік ұйымдастыру тапсырылған. Басқарма тарапынан автомобиль жолдарының қысқы кезеңге дайындығына зерделеу жұмыстары жүргізілді. Яғни, жергілікті маңызы бар жолдарды қыс айларында күтіп ұстауға 189 миллион теңге бөлінген. Бұл жұмыстарға 23 мердігер тарту жоспарланған. Бүгінгі таңда, оған жауапты компаниялар 186 техниканы, 7010 тонна құм, 890 тонна тұз дайындап отыр. Атап айтсақ, облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын қысқы күтіп- ұстауға 95,5 миллион теңге қаралып, 13 мердігерге жүктелген. Бүгінгі таңда инертті материалдардың дайындығы, яғни, жоспардағы 5900 тонна құмның 90,8 пайызы, 590 тонна тұздың 98,3 пайызы әзірленген. Тұрақты түрде екі апталық жанар- жағармай қоры жинақталуда. Қысқы күтіп ұстау жұмыстарына мердігерлер тарапынан 141 бірлік жол техникасы жұмылдырылады. Тексеру барысында оның 137 бірлігі дайын болып шықты, – дейді басқарма басшысы.

Аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын қысқы күтіп ұстау жұмыстарына 93,5 миллион теңге қаралған. Бүгінгі таңда алты ауданда бұл жұмыстарға 6 компания тартылған. Меркі, Жамбыл, Шу, Т.Рысқұлов аудандары бойынша қысқы күтіп ұстау жұмыстарына мердігер анықтау жұмыстары әлі күнге жүргізілмеген.

Конкурстардың кеш өткізілуінің салдарынан жолдар қардан дер кезінде тазартылмай, көлік қозғалысының қауіпсіз және үздіксіз жүруі қамтамасыз етілмеу қаупі бар. Бұл жұмыстарға қаражатты жыл басынан қарастырып, мердігерлерді жаз айларында анықтау қажет болса да, әкімдер ол талапты әлі күнге орындамаған.

– Жалпы аудандарда инертті материалдардың дайындығы, атап айтсақ, құм 76, тұз 60 пайызға ғана дайындалған. Қысқы күтіп ұстау жұмыстарына бүгінде анықталған мердігер ұйымдар тарапынан 45 бірлік техника жұмылдырылып отыр. Басқарма тарапынан жүргізілген зерделеу нені көрсетті? Атап айтсақ, облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын қысқы күтіп ұстау жұмыстарымен айналысатын «Сарысу Жолдары» ЖШС 500 тонна құм түріндегі тайғақтыққа қарсы материалдарын ашық алаңда жинақтаған. Бұл ретте, аталған инертті материалдарды өндірістік базаның бокстарына кіргізу тапсырылды. Аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын күтіп ұстау жұмыстарымен айналысатын «Диана» ЖШС жоспардағы 200 тонна құмның тек 100 тоннасын дайындаған және ол да ашық алаңда жинақтаған. Бұл ретте, аталған инертті материалдардың қорын шұғыл жоспарлы мәнге жеткізіп, өндірістік базаның бокстарына кіргізу тапсырылды. Жауын-шашынға ұрынған инертті материалдың ертең қатып қалуы мүмкін, сол тұста тайғақтыққа қарсы шашуға мүмкіндік бермейтіндігі ескертілді, – дейді басқарма басшысы.

Ал Жуалы ауданында бұл жұмыс «Алатау-Байтерек» ЖШС-не жүктелген. Ал аталған ұйымда өндірістік базасымен қатар, мүлдем қысқы күтіп ұстауға арналған жол техникасы жоқ болып шықты. Осыған байланысты «Жуалы-су» кәсіпорнының техникалары мен базасын жалға алу көзделіпті. Мұнда жинақталған 300 тонна құм мен 30 тонна тұз ашық аспан астында жатыр. Талас ауданында «EliteBuild Partners» ЖШС-мен келісімшарт жасалған. Онда бес техника бар.

Олардың дайындығы жақсы. Дегенмен қызмет көрсетілетін жолдың ұзындығы 193 шақырымды құрайды. Бұл бір-бірінен алшақ орналасқан елді мекендердің арасының алшақтығын ескерсек, аталған техника құрамымен қардан тазалау жұмыстарын дер кезінде қамтамасыз ету қиынға соғатын түрі бар.

Мойынқұм ауданында бұл жұмысты атқару «Айша-Т» ЖШС-не сеніп тапсырылыпты. Дегенмен мұнда да кемшіліктер бар. Атап айтқанда, жоспардағы 500 тонна құмның 400-і, ал 50 тонна тұздың 35 тоннасы ғана дайындалған. Аудандық маңызы бар автомобиль жолдарға келетін болсақ, мердігер «Мойынқұм-Сервис» ЖШС-мен барлығы алты бірлік техника қарастырылған. Қызмет көрсетілетін ұзақтығы – 110 шақырым. «Ақбақай-Мирный» автомобиль жолының басқалардан алшақ орналасқандығын ескерсек, аталған техникалар құрамымен қардан тазалау жұмыстарын дер кезінде қамтамасыз ету қиынға соғатын түрі бар.

Ал Жамбыл ауданы әкімдігі тарапынан аудандық мәндегі автомобиль жолдарын қысқы күтіп ұстауға мемлекеттік сатып алу рәсімдері кешігіп жүргізілуде. Бүгінгі таңға мердігер анықталмаған. Конкурс процедурасы кемінде 45 күн алатынын және оның қорытындысына шағым беру ықтималдығы барын ескеретін болсақ, аудан қысқа дайын емес.

Күтпеген сәтте қар жауып, тайғақтық орын алған жағдайда, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларының қабылданбай қалу қаупі бар. Осындай жағдай Т.Рысқұлов, Меркі мен Шу аудандарында да орын алып отыр.

Мердігер анықталған жағдайдың өзінде уақыттың тығыздығы қысқы дайындық іс-шараларды жүргізуге, яғни инертті материалдарды құм, тұз және жанар-жағармай, уақытша жол белгілерін әзірлеуге толыққанды мүмкіндік бермейді.
Басқарма басшысының айтуынша, бүгінгі таңда аудандар арасында Қордай мен Байзақ аудандарында ғана қысқы күтіп ұстау жұмыстарының дайындығы жоғары. Ал қысқа дайын емес аудандар мәселені таяу күндері шешеміз деп уәде етіп отыр екен. Ол уәденің нәтижесін қар түскенде көреміз.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support