- Advertisement -

Жүргізушіге жетіспейтіні – мәдениет

35

- Advertisement -

Жасыратыны жоқ, автомобиль жолдарындағы жол-көлік оқиғаларының орын алуына көбінесе жүргізушілердің қателіктері себеп болып жатады. Бұдан кейін оған көліктердегі түрлі техникалық ақаулар, жолдың нашарлығы, ауа райының қолайсыздығы және тағы басқа да жанама факторлардың әсер ететіні белгілі. Бірақ бәрібір, жол-көлік апаттарының дені жүргізушілердің жол ережесін сақтамауынан, жауапкершіліктің аздығынан, жүргізуші тәжірибесінің жоқтығынан туындауда.

Сонымен қатар жол-көлік оқиғаларының бағдаршамы жоқ жол қиылыстарында жүргізушілердің ережені білмеуінен де орын алып жатқаны белгілі. Яғни, бұл жерде кейбір жүргізушінің дайындығының төмендігін де аңғару қиынға соқпайды. Көп адам жол ережесінен бөлек, жолда жүргізуші мәдениетінің де бар екендігін ұмытпауы керек. Яғни, ол жол ережесін қатаң сақтау арқылы да өзге көлік иелеріне құрмет көрсеткен болады. Бір-біріне жүргізушілер көлік жүргізу мәдениетін таныту арқылы да талай жол-көлік оқиғасының алдын алуға болатынын ескерсе.

Қауіпсіздік жол жүру ережесін жатқа білумен ерекшеленбей, оны өзіңе, өзгеге деген құрмет арқылы қолданған жөн. Өз бетінше оқып, жүргізуші куәлігін алған соң олар да өз білімдеріне, көлік жүргізу даярлығына сенімді. Біз бұл арада адамның өз бетінше ізденіп, оқып, қажетті білім аларына күмән келтіріп отырған жоқпыз. Статистикаға қарасақ, жол-көлік оқиғаларының дені жүргізушілік өтілі бір жыл болмаған көлік тізгіндеген азаматтардың кінәсінен орын алады екен.

Бүгінгі таңда ҚР Қылмыстық, әкімшілік кодекстерінде жол-көлік ережесін бұзғандарға жаза қатаңдатылған. Әр азамат осыны ескеріп білуі қажет және көлік жүргізу кезінде жол ережесін сақтауы міндет. ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабына сай, көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзғаны үшін жаза қаралған. Атап айтсақ, «345-бабы 4 бөлігіне сай, көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзып абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан іс-әрекет бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Сондай-ақ 345-1-бабына сай, алкоголь тұтынып масаң күйде көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзып абайсызда адамның денсаулығына ауырлығы орташа зиян келтiру бір мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не төрт жүз сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады» деп көрсетілген заңда.

Абайсызда адам өліміне алып келген іс-әрекет жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Ал заңның 346-бабына сай, көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру бес мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бір мың екі жүз сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Бұдан бөлек, 347-бабына сай, жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетіп қалу, 345, 346-баптарында көзделген ауыр зардаптар туындаған жағдайда, көлiк құралын басқаратын және жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзған адамның жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетіп қалуы бір мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

349-бабына сай, басқаруға құқығы жоқ жүргізушінің көлiк құралын басқаруына жол беру лауазымды адамның не көлік құралы меншік иесінің немесе иеленушісінің көлік құралдарын басқаруға құқығы немесе тиiстi санаттағы көлік құралдарын басқаруға құқығы жоқ жүргізушінің көлiк құралын басқаруына жол беруі, егер бұл іс-әрекет абайсызда адамның денсаулығына ауырлығы орташа зиян келтіруге әкеп соқса, екі жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не елу тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.

Жоғарыда тізіп шыққан қылмыстық жауапкершілік жол ережесін бұзған әр азаматқа қатысты, өйткені бұл жерде әр азаматтың тағдыры шешілуде, біреуді баласы, анасы, әкесі, жақын туысы көліктің астына түссе жәбірленуші жақ соттан заңға сәйкес жазасын тағайындауды сұрайды. Сол себептен әрбіріміз ел заңдарында қарастырылған талаптарды сақтай отырып жол ережесін сақтауды ұмытпаған жөн.

 

 Жазира ОРАЛОВА,

аудандық сот кеңсесінің

бас маманы.

Жуалы ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support