- Advertisement -

Диплом «саудасы» қашанға дейін жалғасады?

83

- Advertisement -

Жоғары оқу орнын оқымай-ақ жалған дипломмен қызмет етіп жүргендер көп. Бір мысал. Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов отандық университеттерге талдау жүргізгенде оқуға 100 адам түсіп, 800 адам бітіріп шығатынын айтты. Демек жоғары білім алған 700 адам жалған «мамандардың» қатарын толтырады. Қасіреті сол, олардың арасында адам өмірінің маңызды салаларында жүрген мемлекеттік қызметкерлер көп. Әсіресе әлеуметтік жағдайын жақсартып, айлығын өсірген сайын мұғалім мен дәрігер болуға асығатындардың қатары артқан.

Шынында да сатып алынған диплом, сапасыз, бағыт-бағдарсыз білім беріп отырған оқу орындарының мәселесі ушығып тұр. Ең өкініштісі, бұл мәселенің – білімнің, ұрпаққа адалдық, адамгершілік, тазалық дәрістерін беретін ұстаздықтың айналасында белең алып отырғандығы. Соңғы жылдары «сатып алған дипломның» жемісін көріп жүргендер белгілі бола бастады. Тараз инновациялық гуманитарлық университетінің дипломдарын қолдан жасап сатқан декан туралы ақпараттың да дүбірі әлі басылған жоқ. Мұның сыртында Ақтөбе облысында 34, Қызылорда облысында 112, Түркістан облысында 35 жалған дипломмен жұмыс істеп жүрген мамандар белгілі болды. Әлі белгілі болмағаны қаншама?!

Жалған құжат рәсімдеген ақтөбелік 34 педагогтың 13-і – мектепке дейінгі білім саласында, 11-і – орта мектептерде сабақ беріп келсе, 7 адам – колледж оқытушысы ретінде, 3-еуі – өзге де білім мекемелерінде еңбек етеді. Мәселен, бес оқытушының фортепиано мамандығы бойынша жоғары білім алғаны туралы дипломы бар. Олар қазір музыка колледжінде еңбек етеді. Ал Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ-де мұндай мамандық оқытылмайтын болып шықты.

«Қазір ақша үшін, бөлінген гранттарды иеленіп, диплом беру арқылы студенттер мен мемлекетті алдау оңай. Оқу орындарын сырттан тәуелсіз бақылау жоқ. Өздері оқу бағдарламасын жасап, өздері бақылап, өздері диплом ұсынатын дәл қазіргі білім жүйесіне үлкен өзгеріс керек», дейді Тұтынушылардың құқын қорғау коалициясының төрағасы Мұрат Әбенов.

«Ұсталмаған ұры емес» дейтін қазақ, өзінің пара алғанын ғана емес, бергенін де жасырады. Жоғары оқу орындарындағы ашық парақорлықтың жабық түрде өтетіні сондықтан. Ал оларды ашық саудаға салып отыратын интернет-сайттардың әңгімесі өз алдына бір бөлек. Осы кезге дейін жүгенсіз кеткендерді жөнге салуға бірде-бір құзырлы органның шындап кіріспегені де рас. Ал бізде әлі күнге дейін жоғары білім туралы жалған құжаттарды әзірлеу және сатумен айналысатын 20-дан астам интернет-сайттар еркін жұмыс істеуде. Осы сайттардың қызметі заңсыз деп танылса да оларға Қазақстан Республикасының аймағында тыйым салынбай отыр.

Айта кету керек, барлық жоғары оқу орындарына тән жемқорлық көбіне – рейтинг, сынақ, емтихан тапсыру кездері, дипломдық жұмысты қорғау, гранттар мен жеңілдіктерді бөлу, диплом «сату», диссертация, жоба қорғау кезінде орын алады. Ресейдің Мемлекеттік Думасы қабылдаған ғылыми жұмыстарды жазу қызметтерін жарнамалауға тыйым салатын заң бізде де болса, бұл былықтың төбесін көрмеген де болар едік. Әйтпесе, төрт жыл оқу қабырғасында білім алған кәсіби мамандарды жалған құжатпен жүргендер ығыстырып барады.

Білімді ұрпақты білімсіз маман қалай тәрбиелейді?

 

Гүлжан РАХМАН

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support