- Advertisement -

Тағдыры бөлек тарихи тұлға

41

- Advertisement -

Тарихты өткен шақ жасайды, ел үшін тер төккен тұлғалар қалыптастырады. Тарихи тұлғалар әрдайым халық жадында. Шу ауданына барғанымызда, Төле би ауылындағы Ермұхан Бекмаханов атындағы мектеп-гимназиясына арнайы атбасын бұрдық. Есімі ел ішіне кең тараған Ермұхан Бекмахановтың осы мектепте аз ғана уақыт тарих пәнінен мұғалім болып еңбек еткенін біреу білсе, біреу білмес.

 Бізді мектеп директоры Әзиза Естаева аталған білім ошағының музейіне алып барды. Музей негізінен әйгілі тарихшы-ғалымға қатысты материалдармен жабдықталған екен. Бір айта кетерлігі, ғалымның асыл жары Халима Адамбекқызы 2020 жылы 96 жасында бақилық болыпты. Содан біраз уақыт бұрын 2019 жылы 30 сәуірде Әзиза Естаева бастаған аталған мектеп ұжымы Алматыға Халима апайды іздеп барады. Сәтін салып, үміттері ақталады. Халима апаймен бірнеше сағат отырып әңгімелеседі.

«Біздің кездесуге келе жатқанымызды естіп, қатты қуанған Халима Адамбекқызы біздерді бұрыннан танитындай жылы шыраймен құшақ жая өзі қарсы алды. Өткен өмірге уақытты қайта кері шегіндіріп, Ермұхан атамыз туралы біраз сүбелі әңгімелер мен естеліктерді айтып, тарихшы атамыздың өз қолымен жазылған кітап, журналдарын, біраз дүниелерді табыс етті. Біздер де арқалап апарған ауылымыздың дәмін ұсынып, басына ақ жаулық, иығына оюлы шапан жауып, көзі тірісінде әжеміздің ақ батасын алған едік. Жақсымен болған бір күнімізден мың күнімізге татитындай рухани азық алып қайттық. Кетерімізде көненің көзі, тоқсан төрт жастағы әжеміз біздерді қимай тұрғанын көзіндегі іркіліп тұрған көз жанарындағы жасынан байқадым», дейді Әзиза Тоқсабайқызы. Сол кездесуде түскен суреттерден және апай өз қолымен берген түрлі суреттермен мектеп музейі жасақталыпты.

Ермұхан Бекмаханов 1947 жылдардан қуғынға түскен. Шу өңіріне жер аударылғанда, 1951 жылдан 1952 жылға дейін аталған мектепте тарих пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген екен. Әттең-ай, бір жылға жетер жетпес уақыт қана. Сол кездегі әскери киініп, мұздай қаруланған өкімет адамдары 1952 жылы тұтқындап, кісендеп алып кеткен екен. Мектептің жас тарихшы мұғалімі Бексұлтан Бахитов бүгінде музейге бас-көз болып жүр. Бұл музей Бекмахановтың суреттерімен, тұлғаның асыл жарымен мектеп ұжымының көзі тірісінде кездесуімен құнды болып тұр. Тіпті, мектеп директоры кейінірек тағы да Халима апаймен кездеспек болып, ғалымның немересі Әнуар Бекмахановқа хабарласады. Сонда Әнуар көңілсіз: «Апаммен кездесудің енді сәті болмайтын шығар, апамның мәңгілік мекеніне қайтуына санаулы сағаттар қалды, өзім де ұшақпен ұшқалы тұрмын», – деп жауап береді. «Ұзамай атақты ғалымның өмірлік серігі, аңыз адам Халима апай бақиға аттанды», деп қинала тіл хатты директор.

Бұл мектеп 1916 жылы Максим Горький мектебі болып пайдалануға беріліпті. Қазіргі жаңа ғимаратына 1978 жылы көшкен. Ал 2000 жылдан бері Ермұхан Бекмахановтың атымен аталады. Мектепте 126 мұғалім, 50 кіші қызметкер, 1300 оқушы бар. Ғалымның атындағы мектеп-гимназияның жетістіктері жетерлік. Аталған мектеп-гимназия 2021 жылы «Үздік мектеп» аталымын және аудан бойынша «Ең көп «Алтын белгі» беретін үздік мектеп» атағын жеңіп алған. Сондай-ақ «Ұлы дала өркениеттері» атты республикалық байқауда «Ең ұйымшыл ұжым» аталымын иеленді. Бұл гимназия ұжымы Бауыржан Ақылбеков, Мая Қадырова, Нәзира Имашова секілді ұзақ жыл бойы еңбек етіп келе жатқан ұстаздарымен мақтанады. Әлия Дүйсенбиева, Зүлфия Искандорова, Малик Гамидов та майталман мұғалімдер. Ал оқуда озат, өнер мен спортта алда жүрген оқушылар да аз емес. Атап айтқанда, Думан Тоқберген, Александр Кондрашов, Айдана Тохан – мектеп мақтаныштары. Аружан Егізбай, Алина Щетенина, Бақтияр Бексұлтанов та нағыз озат, үлгілі оқушылар.

Бұл мектептен жыл сайын онға жуық «Алтын белгі» иегерлері шығады. Мектепті 2016 жылдан бері басқаратын Әзиза Естаева да нағыз істің адамы. Мектеп-гимназияда озат оқушылар көп. Ол аңыз ғалым Ермұхан Бекмахановтың атымен аталатын білім ошағына жарасып тұрғандай.

 

Есет ДОСАЛЫ

Шу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support