- Advertisement -

Алматыны алғаш көруім немесе «Республика күнінің»бір жылдығында…

121

- Advertisement -

«Республика күнінің» бір жылдығын тойлау – мемлекеттің, қоғамның мойнындағы алғашқы мерекелік жүк еді. 1991 жылғы 25 қазан күні Алматы көшелері көркем безендіріліп, өліара шақтың өткелінде тұрған Қазақ елі де бір қоңыр самалдың желпуін жақыннан сезініп, айтулы мерекені айрықша шабытпен қарсы алды.

Ауылда, мектептің 10-шы сыныбында оқитын баламын. Сол жылы Жамбыл облысының аймақтық айтысы Меркіде, Сыпатай Әлібекұлының 210 жылдығына арналып өткен болатын. Сол айтыста бас бәйге алып, ақбоз ат мінген ақын ретінде жамбылдықтар Алматыдағы республикалық айтысқа әйгілі Шорабек Айдаровпен бірге мені жіберді.

Алматыны алғаш көруім, әсер деген ас та төк. Бәрі қызық, бәрі ерекше.

Шорабек ағам қолымнан жетелеп жүріп, Желтоқсан оқиғасы өткен бас алаңға алып келді. Ұлттық дүмпудің жаңғырығы басылғанына бес-ақ жыл. Бәрі кешегідей… Ләззаттың қаны төгілген, Қайраттың қолы қайырылған, қазақ жастарының еркінен айырылған сәт көз алдыңа келеді…

Әкем оқыған Ұлттық университет (ол кезде КазГУ), жыл бұрын айтысып Мэлс, Ерік ағалар дүбірлеткен Республика сарайы, біз келіп орналасқан «Алматы» қонақүйі – әрқайсысы сыр шертіп, әрбірі естелігімен бөліскісі кеп тұрғандай…

Жиырма бесінші қазан күні Мұхтар Әуезов атындағы қазақ драма театрында кешке салтанатты жиын өтті, арты республикалық айтысқа ұласты. Мүйізі қарағайдай академиктер, атақты жазушылар, мемлекет, қоғам қайраткерлерін алғаш көруім. Мұражай экспонатына үңілгендей әрқайсысына сұқтанып қараймын. Жүздерінен белгісіз бір құпия іздеп, көздерінен басқада жоқ даналық көргім келетіндей…

Өзбекәлі Жәнібеков, Мырзатай Жолдасбеков көкелерімнің «түкірігі жерге түспей тұрған» кез. Шалқайып төрде отыр. Әбу Сәрсенбаев, Хамит Ерғалиев, Роза Бағланова, Салық Зиманов, Қасым Қайсенов секілді ата-апалар сенің атыңды естіп, жырыңа құлақ салуы – айтып жеткізе алмайтын мәртебе еді. Олардың артын ала Нұрғиса, Қадыр, Тұманбай, Шерхан ағалар, Бикен, Бибігүл, Фариза апалар жайғасқан…

Оралхан, Ақселеу, Сағат, Жүрсін Ерман ағалар абыздарға жағдай, «аңыздарға» қошемет жасап, қызметте жүр…

Республика күнінің бір жылдығы – биік дәрежеде әсер қалдырған, шаттығы тарқамайтындай, салтанаты кетпейтіндей көрінген үлкен той болған еді…

Екі күн аламан айтыс болды. Мырзатай аға бастаған қазылар: «Жаңа заман келді, заман жастардікі, солардың алдын ашайық» деп, бас бәйгені үшеумізге – Жамбылдан келген маған, Атыраудан келген Шынарбек Кабиевке, Шығыстан келген Нұрлан Аққазинге бірдей бөліп берген еді. Республикалық бүкіл газеттердің бас бетіне үшеуміздің қол ұстасып, домбыраларымызды биікке көтеріп тұрған фотоларымыз жарияланды…

Сол айтыстан үш құрдас бір күнде есейіп, ел-жұртқа бір күнде танылып қайтқан едік.

Қазақшылық қанына сіңген Мырзатай Жолдасбеков аға Президент әкімшілігі басшысы мен Үкіметтің де білдей орынбасары болғасын, үш облыстың әкіміне сол жерден тікелей телефон шалып, үш ақынға ел алдында ат мінгізуін тапсырған болатын. Елге жеткесін, облыс әкімі Өмірбек Байгелді, орынбасары Нілзия Рақышева секілді тұлғалар қарсы алып, ат мінгізіп, жас ақын жайлы «Мұхамеджанның ақбоз аты» деген деректі фильм түсіруге тапсырма берді. Сол кеште Серік Қалиев ағам қаланың шет жағында тұратын, «Жамбыл-Тараз» телеарнасының іргетасын қалаушылардың бірі, кәсіби журналист Серік Абас-Шах ағаңмен таныстырайын деп алып барған. Көкеміздің біраз ақылын алып, жақсы әсермен қайтқаным есімде…

Республика күніне арналған жиын да, айтыс та ерекше болған еді. Ұлттық рухты көтеріп, ұлттық өнерді жаңғырту үшін ел ағалары осылай тізе қоса жүріп қызмет етті. Тәуелсіздік солай төрімізге қадам басқан еді.

Біз тәуелсіздік тұсауымызды кескен баламыз. Сол күні тірі Әселханды, Қонысбай, Әсияны көріп, Есенқұл ағамен шай ішіп, Баянғали, Ерік, Шорабек Айдаров, Айтақын Бұлғақов ағалардың жұрт түрегеп тұрып қол ұрған шумақтарына куә боп қайтқан едік.

Екі апта бұрын ғана Мәскеуде путч болып, Горбачев сасып, Ельцин екіленіп тұрған кез.

Ақындар да оны қалт жібермей, жырына өзек етіп, жаңа стиль, жаңа сөз саптаулар қалыптастырып жатты. Мұндайды күтпеген ел қыран-топан.

Әсіресе Қонысбай ағаның:

«Қасыңда мен отырмын бура құсап,

Шашымыз көрінеді шуда құсап,

Шорабек, өз-өзіңді опат қылма,

Өзіне қол жұмсаған Пуго құсап» деп, саяси астармен қарсыласын тұқыртуы – елдің әлі құлағы үйренбеген тосын әзіл, бойы үйренбеген қызық құбылыс еді…

Елге ерекше сезіммен келдік.

Оның үстіне атақты Фариза апам сахна сыртына арнайылап келіп, ерекше құттықтап, мені аз күннен кейін болатын Атыраудағы Исатайдың 200 жылдық тойына шақырды. «Менімен бірге барасың, қасымда жүресің» деп, қатқылдау, әрі қамқор үнмен айтты. Ол тойға да көп ұзамай бардық, айтыстан жүлделі болдық, Жайыққа жүздік, бекіре жедік, бектерге қонақ болдық…

Міне отыз бір жылдан кейін Республика күні сондай рухта, сондай дәрежеде қайта тойлануда. Көп нәрсе еске түсті, көңіл толқыды. Өткен күнді қайта таразылап, қайта ғибратланып жатырмыз.

Қастерлі тойды қайтарған Мемлекет басшысына Алланың нұры жаусын!

Қазақ мемлекетінің мәртебесі биік болып, туымыз тозбай, еліміз азбай, өркендей берейік!

 

Мұхамеджан ТАЗАБЕКОВ,

Қазақстанның Еңбек сіңірген

қайраткері.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support