- Advertisement -

Қарадомалақтардың қамын ойласақ…

319

- Advertisement -

Ағам өжет, қадалған жерінен қан алатын қағілездің нағыз өзі еді. Білімге сусап кеш оқып, қызметтің де қызығына қолы кеш жетті. Біраз жыл тергеуші болды, енді Тереңөзек ауданында прокурор. Бірде үлкен ауылдың мектебі тұсынан өтіп бара жатса, шілденің шіліңгірінде қара сирақтар аузын тырситып буған сары қаптарының үстінде шемішке шағып, шалқып отыр екен. Көлігін кілт тоқтатып:

– Неғып отырсыңдар? – десе:

– Күріш отаққа апаратын мәшинені күтіп отырмыз, – депті жарыса сөйлеп.

Дереу мектепке кіріп, оқу ісінің меңгерушісімен сөйлессе, «Солай, отақ науқаны басталды ғой» дейді түк болмағандай.

– Күріш отаққа шығару тоқтатылған. Былтыр шешім шыққан.

– Бізге ондай нұсқау түскен жоқ. «Бар» деді, барамыз.

Аудандық прокурор Балтабек Сыздықұлы Боқаев дереу аупарткомге тартты.

…Қызылорда облысына бірінші басшы боп келген Еркін Нұржанұлы Әуелбеков таңғы сегізде белуардан су кешіп, күріштің арам шөбін қол орақпен отап жүрген өндірдей жас балаларды көріп, абдырап тұрып қалыпты.

– Мыналарың не? – дейді өмір бойына солтүстікте қызмет атқарған басшы шаруашылық төрағасына қарап.

– Бұны күріш отақ дейді. Жылда күріш сабағы судан қылтиып көрінген кезде осылай оқушыларды саламыз, әйтпесе көк құрақ қаптап кетеді.

– Артекке барып кім демалады? Сіз таңғы сегізде мұздай суға түсіп көріңізші. Қазір арам шөп отайтын

гербицидтің жеті атасы бар. Соны неге пайдаланбайсыздар?

– Қолмен отағанға жетпейді ғой. Гербицид әрі қымбат…

– Балалардың болашағы арзан ба? Мына жабайылықты тоқтатыңдар. Оу, бұл 40-жылдардағы тәсіл ғой, қазір 86-жыл емес пе? Украинадан гербицид алдырамыз, – деп кәнігі агроном сол жерде шұғыл шешімге келеді. Жедел бюро өткізіп, қабылданған шешімнің тез арада орындалуын талап етіп, Сыр бойының әрбір баласы үш ай жаз каникулын лагерь мен туристік сапарларда өткізсін деп нақты бағдарламалар ұсынады…

Аудан прокуроры араға күн салып, кешегі көрген көрінісін аупартком бюросында айтып, мәселе көтерді. Бірінші хатшы жақтырмаған кейіп танытты.

– Онда сенің жұмысың болмасын. Бұл – шаруашылық мәселесі, заңға қатысы жоқ, – деп көлденең тұрып, кереғар пікір білдірді.

– Облыстық партия комитеті бюросының шешімі біздің ауданда орындалмай отыр. Мен прокурорлық бақылау жасауға міндеттімін, – деп бірінші хатшыға өз сөзін дәлелдеп тұрып алды. Бюродан шыққан бетте болған жайды облыс прокурорына баяндады. Сол сәттерде 50-жылдары, бала күнінде белуардан су кешіп жүріп күріштің арам шөбін отағаны, өз құрбы-құрдастарының бүгінде белі сырқырап, балтыры сыздайтыны, әсіресе тұрмыс құрған қыздардың жатырына суық тиіп, өмірге перзент әкелуде жолдары болмай жүргені көз алдын кес-кестеп өтті. Тіпті «Сырдария» романын жазуға келген Сәбит Мұқановтың таң атпай су кешкен өндірдей көк өскіндерді көріп, жүрегі сыздағаны да есіне түсті. Ағамның қалам ұстайтыны бар. Анда-санда «Алматыда жазушы інім бар ғой» деп айтып қалатын ағамнан қызыл-ала бояуға малынған «экспресс» хат алдым. Сыр балаларының ақ маржан – ақ күріш өндіруге қосқан үлесі мен көрген қиындығын бояуы қанық көріністер арқылы жеткізіпті. Ең соңында «Осыны «Социалистік Қазақстанға» шығаршы» деген үшбу өтініші тұр. Оқыдым да, үстінен бір қарап, «Ащы шындықты айтар болсақ» деп тақырып қойып, «Социалистік Қазақстан» газетінің бас редакторы Шерхан Мұртазаға әкелдім. Шерағаңа шәкіртпін. «Жұлдыздың» проза бөлімінде істеп жүргенімде «Қызыл жебенің» алғашқы кітабын шығарғанда қолымды қатты қысқаны есімнен кетпейді. Ол кезде «Қазақ әдебиетінің» бас редакторы еді, жыл аяғында мәрт көңілін көрсетіп, бәрін ысырып тастап, «Қызыл жиде» деген әңгімем бойынша мені жыл лауреаты етіп жариялады. Әрине, мәрттіктің астарында жас толқынға деген қамқорлық жатыр деп түсіндім.

– Ағам бір түйткілді мәселені қозғап мақала жазған екен, соны әкеліп едім. Өзі үш жарым-ақ парақ, – дедім сәлемнен соң.

– Туған ағаң ба?

– Иә.

Шерағаң сөздің тоқетерін тақырыптан таниды. Оның журналистік жампоздығы да осы бір ерекше қасиетімен астасып жатады. Айқайлатып тақырып қоюдан қорықпайды, қамалды тақырыппен алады. Бір шолып шықты да, «Мынаны…» деп ернін шүйіріп, тақырыпты үстінен бір тартты. «Қарадомалақтардың қамын ойласақ…» деп өзгертіпті. Жауапты хатшыны шақырып ап:

– Нөмірге сал! Қаны тамбай тұр, – деді өзіне тән мәнермен.

– Тағы не айтасың?

– Бәрі осы…

– Онда жолың болсын!

«Социалистік Қазақстанның» 1989 жылғы 22 шілдедегі санында шыққан «Қара домалақтардың қамын ойласақ» атты мақала Қызылорда облыстық партия комитетінің бюро мәжілісінде қаралып, Тереңөзек ауданының бірінші хатшысына бюро шешімін орындамағаны үшін қатаң сөгіс беріледі.

Арада талай су ақты. Бір қаламгердің мерейтойынан қайтар жолда Шерағаң:

– Баяғы ағаң аман ба? – деді.

– Аман. Кейіннен облыстық тергеу комитетінің басшысы боп зейнетке шықты.

– І-і-і… – деді ернін шүйіріп.

Көрмеген авторды қалай ұмытпаған деп таңғалдым.

– Әуелбеков пен ағаң балаларды күріш отақтан құтқарды ғой, – деді мейірлене қарап.

Ол қара домалақтардың қамын ойлап тұр еді. Өзі қойған сол тақырып көкейінде қалып қойыпты.

 

Қуандық ТҮМЕНБАЙ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support