- Advertisement -

Шерхан Мұртаза: Нағыз Төлеген сол еді

130

- Advertisement -

Жуырда ғана қорапта жатқан қағаздарды ақтарып отырып, «Егемен Қазақстан» газетінің 2005 жылғы 31 мамырда шыққан нөмірі көзіме түсті. Тақырыбы – «Сембин», авторы Қали Сәрсенбай екен. Тор көз сауыт сияқты тоқыма жемпір киген сұлу жігіт – сол Сембиннің өзі, қырын қараған сұлу сурет. Қали Сәрсенбай менің Амангелді Сембин туралы кезінде жазған бір ауыз сөзімді келтіре кетіпті. Мен: «Кезінде сондай бір әнші болған, сондай бір жұлдыз жарқырап туған. Сол жұлдызды жабылып жүріп өшіргенбіз» деп жазыппын. Енді арада жылдар өтіп кеткен соң ойлап қарасам, дұрыс айтқан екенмін.

Мұны Қали Сәрсенбай мына «Егемен Қазақстандағы» көлемді мақаласында, мақала емес-ау, аса ірі дарынды жоқтау-эссесінде еске сала кетіпті. Рақмет! Иә, менің Амангелді Сембинді Алматыдағы Опера және балет театрында «Қыз Жібек» спектаклінде көргенім рас. Сол спектакльде Сембин Төлеген рөлін ойнайды. «Қыз Жібек» операсын сан рет көріп жүріп, осы жолғыдай тебіренген емеспін. Төлеген болып ойнаған басқа мықтыларды мансұқтағым келмейді. Қанабек Байсейітов, әрине классик! Ешқандай талас жоқ. Бірақ ол кейін-кейін жуан тартып, егде болған кісі еді. Ал мына Төлеген ғасырлардың ар жағынан тіріліп келген, әлі өлмеген, Бекежан жауыздың қанды қанжары да жүрегіне дарымаған, өмірдегі Төлегеннің дәл өзі сияқты еді-ақ. Тұла бойы тұнып тұрған талантпен қоса жаратылыстан бірге жаралған бекзаттық қасиет оның бар болмысын асқақтатып тұратын.

«Қали Сәрсенбай жазды: АҚШ-та талантты қорғайтын этикалық бас басқарма бар екен» – деп. Ондай мекеме бізде әлі күнге жоқ. Ондай мекеме болса немесе аса дарынды адамдарды ала көзден, бәле көзден, сұқ көзден, театрдағы, өмірдегі дарынсыз Қотыраш, Батыраштардан, өзге де жақтың өзеуреген өсекші, бәлеқор, жалақорларынан қорғайтын заң болса кім біледі, Сембин бәйшешектей ерте солмас па еді.

Бәйшешек байқұс қаһарлы қыс шығар-шықпастан, көктем әлі келер-келместен, күндіз көк періштедей күлімсіреп шыға келеді де, жер бетінен лезде көшіп кетеді.Сәрсенбай Сембиннің анасының сөзін келтіреді: «Дүниеге сыймай кеттің-ау, құлыным», – депті анасы. Дүниеге Сембин сыймай кеткен жоқ, қотыраштар сыйдырмады ғой. Бірақ ақпейіл ана ешкімді кінәламайды. Күншіл қотыраштар таспаға жазылған дауысына дейін қалдырмауға тырысқан. Сембиндей асыл талант теңіз түбіндегі інжу-маржандай ғасырларда бір-ақ кездесетін өте сирек қазына.

Жүз жылда бір-ақ туатыны өкінішті.

Ақын мен Ақбөкен

Екеуі де қорғансыз.

Екеуі де тағдырлас.

Ақынның аты – Бауыржан. Бірақ атақты батыр емес, ақын еді. Ол да Жуалыдан. Бетпақтағы ақбөкен қырғыны. Ол соны өлеңмен жазды. Ақбөкенді әуелі төрт аяқты қасқырлар қырды. Оларда нысап бар екен – бес құралайды құлатып, сонымен тынды. Ал енді жерде – машина, көкте – тікұшақ мінген қасқырлар ақбөкен табынын қынадай қырып салды.

Бауыржан Үсенов Бетпақдала қырғынын осылай жазды. Ажалдың оғы оған да тиіп, өмірден жарқ етіп, лезде өтіп кетті. Ал өлеңдерінің өмірі, сірә ұзақ болар. Ал аңды, табиғатты қорғау қоғамы ақынның осы өлеңін өз мекемесінің маңдайшасына жалаулата іліп қойса ғой… Бірақ сол қоғамның өзі алдымен атып жүрмесін құралайды…

Ана жылдары Сарыағашқа барып жүргенде, сондағы залдан қабырғаға ірі жазумен ілулі тұрған «Хош, Сарыағаш, нәрлі су» деген Тұманбай ақын өлеңін көріп едім. Естен шықпайды. Ал табиғат, аңдарды қорғау мекемелері Бауыржан Үсенов өлеңдерін білсе ғой, шіркін.

Бір кем дүние…

 Қали Сәрсенбай айтқан Америкадағыдай талантты қорғайтын этикалық бас басқарма болғанда қаскөйлер қолынан 21 жасында мерт болған Артығали Ыбыраев, кеңестік заманда тәуелсіздікті астарлап та, ашық та жырлаған талантты ақын, Шерағаңның өзі «Ақын мен ақбөкен» деп «Бір кем дүние жазған» Бауыржан Үсенов – 31, талантты жазушы-журналист Мұрат Сыздық – 40 жасында жол үстінде қыршынынан қиылмас еді. Тағы да жамбылдық таланттар, ауған жерінде оқ пен оттан аман оралып, қазақтың айтыс өнеріне олжа салған ақмылтық ақын Әзімбек Жанқұлиев – 41 жасында, «Аузынан айдың түскен қызға» жүрек қылын шерткен ақын Серік Томанов – 47 жасында, «Алтайдың ар жағынан келген аруға» сезімін білдіре алмай кеткен ақын, композитор, журналист Тынышбай Рақым – 53 жасында жалған дүниеден мезгілсіз өтіп кетпей, әлі де қазақтай қабырғалы елін жалын жырларымен, әуезді әндерімен тербеп, көркем шығармалар сыйлар еді-ау. Кең-байтақ қазақ елінің әр қиырында қаншама таланттар қыршын кетті?! Шерағаңша айтқанда, «Бір кем дүние…».

 

 Амангелді ӘБІЛ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support