- Advertisement -

Шераға және «Aq jol» газетінің тарихындағы тұлғалар

320

- Advertisement -

Шераға туралы сөз болғанда қайраткер қаламгердің туған жерін айтпай кетуге болмайды. Бұл жайлы өзінің: «Парижде болдым – Париж түсіме кірмеді. Мысырда болдым – Мысыр түсіме кірмеді. Қытай, Моңғолстан, Үндістан, Пәкістан, Иран бардым. Мұхиттың арғы бетіндегі Техаста, Чикагода, Нью-Йоркте болдым – олар да түсіме кірмеді. Баяғыда Мәскеуде бес жыл оқыдым – оны да түсімде көрмедім… Түсіме күн сайын Мыңбұлақ кіреді. Түсімде Ақсу-Жабағылыны көремін…» деп тебірене жазғанын білесіздер.

Шерағаның кіндік қаны тамған жері – Талапты ауылында Мұртазаның қара шаңырағының отын сөндірмей Батырхан есімді інісі тұратын. Өкінішке қарай, Шерағаңнан кейін ол кісі де көп ұзамай қайтыс болды. Талаптыға бір барғанымда сол Бәкең: «Шерхан ағам бірде Алматыға шақырды да, жақын аудандардағы бір шаруашылықтың жұмысына өзінің орнына көмекке барып келуімді өтінді. Ал өзі ауылға келіп, Айша анамыздың қасында болып, қаламы жүрсе, ойға алған дүниесін қағазға түсірмек екен. Шерхан ағам сол жолы Талапты ауылында бір айдай жатып «Мылтықсыз майданды» жазып шықты» деген еді.

Бұл, сірә, туған жеріне кіндігінен байланған Шерағаң өмірінің өзегі шығар. Өйткені қай шығармасын оқысаңыз да туған ауылының адамдары әңгімелеріне – әр, романдарына – нәр беріп тұрады. Сондықтан кеңес өкіметі кезіндегі жазушылар үшін мақтаныш пен сәнге айналған «Переделкино», «Сочи», «Қырым», «Қара теңіз» деген сөздерді Шерағаң повестері мен романдарының соңынан оқымайтынбыз. Оқысақ, Шыңғыстың «Шекер» дегені сияқты, Шерағаның «Талапты» ауылы жазулы тұратын.

«Шерағаңның ауылы» дегенде, әрине, кешегі өзі түлеп ұшқан Жамбыл қаласындағы Жамбыл атындағы мектебін, ұстаздарын, бірге оқыған Қаратай Тұрысов, Әбдуәлі Данаев сияқты достарын да ұмытпаймыз. Бүгін Шерағаңның 90 жылдығымен бірге тойланып отырған бұрынғы «Кедей еркі», «Сталиндік жол», «Еңбек туы», ал тоқсаныншы жылдардан бері қарай «Ақ жол» деп аталған облыстық газетке де атбасын бұрып, қаламгер інілерімен әңгіме-дүкен құратын. Өйткені жастайынан баспа мен газетте шыңдалған Шерағаңа облыс баспасөзінің қара шаңырағы да ыстық еді. Бұл киелі шаңыраққа Әулиеата жеріне жолы түскенде Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Бауыржан Момышұлы, Асқар Тоқпанов та аялдап, әріптес інілерімен мәслихат құрған. Батыр Баукеңнің «Қанмен жазылған кітабы» жарық көрмей тұрып қолжазбасы қазақ газеттерінің ішінде ең алғаш рет осы «Ақ жолда» жарияланды.

Ал арыда Жайық Бектұров, Ғайса Сармұрзин, беріде Баттал Жаңабаев, Арғынбай Бекбосын, Әлдихан Қалдыбаев, Мақұлбек Рысдәулет сияқты тағы басқа да белгілі жазушылар мен журналистер осы газеттің бас редакторы деген аса жауапты қызметті абыроймен атқарды. Қасиетті қара шаңыраққа, Мұқағалиша айтқанда, «тарыдай болып кіріп, таудай боп шыққан» өзімнің де осы қатардан орын алғаныма тәубе деймін. Белгілі жазушы, атақты «Қажымұқан» повесінің авторы Қалмұхан Әбдіқадіров, қазақ детективінің көшбасшысы Кемел Тоқаев та осы газетте тілші болып қызмет етті. Белгілі сатирашы, әдебиетте «Шоқ тілді Шона» атанған, Алматыдан қазақ балабақшалары мен мектептерін ашуға ұйытқы болған Шона Смаханұлы, одан бөлек Балтабай Адамбаев, Оспанәлі Иманәлиев, Сансызбай Сарғасқаев, Мыңатай Қыстаубаев, Өкім Жайлауов, Жақсылық Сәтібеков, Рафаэль Ниязбеков, Сейтқазы Досымов, Тынышбай Рахимов, Әбдірахман Асылбеков, Намазәлі Омашев, Жанғара Дәдебаев, Нарша Қашағанов сияқты көптеген белгілі ақын-жазушылар мен ғалым-профессорлар ғылыми мақалаларын, рецензияларын, өлеңдері мен әңгімелерін «Ақ жол» газетіне жолдап, жариялап тұрды.

Қазақ халқының көрнекті ақын қызы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Күләш Ахметованың да өлең өлкесіндегі қаз-қаз басқан балауса жырларының тұсауын кесіп, сәт сапар тілеген де осы қара шаңырақтағы ақ көңіл ағалары болатын. Өз басым қазақ прозасының көрнекті өкілі Тәкен Әлімқұловтың Алматыдан пошта арқылы хатпен жіберген «Оралу» деген әңгімесін дайындап, газетке жариялағаныма шүкіршілік етем.

Ал атақты «Қара кемпір» зарын жазған ақын Жақсылық Сәтібеков Жамбыл қаласының іргесіндегі Жалпақтөбенің дүңгендерінен дос-жаран тауып, сол ауылдан тоқымдай жер алып, үй салуды әуелі гараждан бастаған атақты композитор Шәмші Қалдаяқовты редакцияға жиі ертіп келетін. «Вальс королінің» жаңа туған әндері болса, «Aq jol» газетіне жариялатып, қаламақы алып беретін.

Тараз қаласының Пушкин көшесіндегі нөмірі 22 үйге сонау 1948 жылы, соғыстан кейін облыстық «Сталиндік жол» газетінің редакциясы орналасыпты. Ол – бүгінгі облыстық «Aq jol» газеті. Міне, осы газетте қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының тұңғышы, көрнекті жазушы Кемел Тоқаев соғыстан кейінгі жылдары, яғни 1948 жылы журналист болып қызмет еткен. Ол кезде болашақ қаламгер небары 25 жаста екен.

Осыдан жеті жыл бұрын журналистік әуестікпен сарғайған газет тігіндісін ақтардым. Еңбегім еш кеткен жоқ, «Сталиндік жол» газетінің 1948 жылы 18 тамызда жарық көрген нөмірінен болашақ жазушы Кемел Тоқаевтың «Алыстағы қалыңдық» деп аталатын фильмге жазған кинорецензиясын тапқан кезімде, қуанышымда шек болмады.

Ал газеттің сол жылғы 24 қазандағы нөміріне жас журналист Кемел Тоқаев «Жас гвардия» деп аталатын фильмге кинорецензиясын жариялапты. Облыстық басылымның сол күнгі нөміріне жауапты редактор ретінде белгілі журналист-публицист Ғайса Сармұрзин қол қойған екен. Ғайса атамыз 1943-1959 жылдары Жамбыл облыстық «Сталиндік жол» газетіне редактор болған.

Сонымен бірге газеттің жауапты редакторы Жайық Бектұровтың қазақ халқының тәуелсіздігі жолында ерлікпен қаза тапқан Кенесары хан туралы «Осы екен самрұқтың өлген жері» деп аталатын мақаласы да осы басылымда алғаш рет жарияланғанын мақтанышпен айтқан ләзім. Ол кезде қазақ халқының тәуелсіздігі үшін күрескен хандар мен билердің, батырлар мен сарбаздардың тарихына қазақ жазушылары бара қоймаған кезі. Барғысы келмегеннен емес әрине, «НКВД» деген «барғызбастары» барғызбағандығынан. Ал Жайық Бектұров сол тыйым салынған шетін тақырыпқа тәуекел етті. Бектұровтың Кенесары хан туралы ақиқатты алғаш рет айтқан сол жалғыз мақаласы үшін де Жамбыл облыстық газетін төбемізге көтеріп, құрмет тұтуға болады.

Газет тарихындағы бұл батылдық пен ірілік «1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне кінәлі осылар» деген айып тағылып, айналасын дүниемен емес, доспен толтырған халқының қарапайым перзенттері Дінмұхамед Қонаев пен Асанбай Асқаровқа жала жабылған тұста да жалғасты. Алты алаштың «Араша!» деген сөзін республикада алғаш рет айтқан басылымның сол тұстағы бас редакторы Арғынбай Бекбосын мен осы тақырыпты қорықпай қаузаған газеттің бөлім меңгерушісі, талантты ақын Жақсылық Сәтібеков болатын.

Мұның бәрін, әрине, Жамбыл облысының бүгінгі «Ақ жол» атты газетінің жүз жылдық шежіресіндегі Жайық Бектұров, Ғайса Сармұрзин, Кемел Тоқаев бастаған, Бауыржан, Шона, Шерхан ағалар қостаған қарымды қалам иелерінің тарихи жарқын іздерінің бізге жеткен нұры мен сыйы деп білеміз. Әрине, бұл туралы, елге келгенде Шерағамыз да сыр шертіп отыратын. Шераға демекші…

Бірде «Адамзаттың Айтматовы» атанған Шыңғыс Айтматовтың Бішкектің тау жақтағы үйінде болу бақыты бұйырып, сұхаттасып отырдық. Сонда «Біздің қазақ жазушыларынан кімдерді білесіз, аға?» деп сұрадым. Шықаң: «Өзім араласып жүрген Нұрпейісов бар. Қалтай Мұхамеджанов бар. Кекілбаев бұяқта аспандап жүр. Бар ғой…» деді. «Кекілбаев бұяқта аспандап жүр» дегені, Әбіштей әз ағамыз ол кезде еліміздің мемлекеттік хатшысы болып қызмет ететін. «Кейінгі толқындардан ше?» деп тақымдап қоймай қойып ем, «Нұрлан Оразалиндер бар, Темірхан деген ақын бар…» деді. Осы сәтте «Шерхан Мұртаза да бар ғой» деп қалдым «Шерағаны неге айтпай отырсыз?» дегендей.

Сол кезде Шықаң күліп: «Ә, Шерхан өзімнің жерлесім ғой. Ол екеуміз жерлеспіз. Арамызда бір ағын су, әлгі біздің Күркіреусу. Ар жағы қазақтың жері, бер жағы қырғыздың жері. Жуалы деп қояды олар. Ал Жуалының қазағы мен біздің Күркіреудің қырғызы араласып жатыр. Аттап өтсең ояқа барасың, аттап өтсең бұяқа келесің. Қандай рахат десеңші! Арада шекара жоқ. Бірін-бірі тосып тұру жоқ. Құдай сақтасын, оның бетін әрі қылсын» деді. Осы кезде «Шерағаң Сіздің ең адал аудармашыңыз болды емес пе?» деп едім: «Иә, Шерхан бауырым менің көптеген кітаптарымды қазақ тілінде сөйлетті. Ылғи риза болып жүремін. Оған деген сол ризашылығымның бәрі ішімде, жүрегімнің түкпірінде» деді ағынан жарылып. Бірақ оған да қанағаттанбай: «Сол Шерхан Мұртазамен кездестіңіз бе?» дегем. «Е, кездеспей не бопты. Шерхан ағаларың «Қазақ әдебиеті» газетінде бас редактор болып тұрған кезінде Алматыға барғанмын. Сонда редакцияның қонақжай шаңырағында болып, кеңінен әңгіме-дүкен құрып, бір топ қаламгерлермен бірге суретке де түскенбіз. Мен Шерхандай шебердің, жазушы әрі қайраткер қазақтың төл шығармашылығын қатты құрметтеймін және қырғыз әдебиетінің үлкен насихатшысы ретіндегі өлшеусіз еңбегін ешқашан ұмытпаймын. Сөз өнерін құрметтеген халқыма да осы сөзді аманат етемін» деді.

Шыңғыс Айтматовтың сөзіне бірдеңе қосып, артық қылам деп, тыртық қылып алғым келмейді. Шерағамыздың жұлдызы бүгінде биікте. Өзі де 80 жылдығындағы салтанатты мәжілістің соңында «Түсіме ылғи Шолпан жұлдыз кіреді» деп еді. Бүгін сол жарқыраған жарық жұлдыздың үстінен тоқсан жылдығын тойлап, еске алып жатқан халқына, еліне, жеріне жанары нұрланып, мейірлене қарап тұрған шығар, жарықтық ағамыз.
Құрметті қонақтар!

Ардақты ағайын, қадірлі әріптестер!
Шерағамыздың 90 жылдық мерейтойы құтты болсын!
Сол Шерағамыз елге жолы түскен сайын табалдырығынан ілтипатпен аттайтын, бүгінде Шерағаңның атымен аталатын руханият ғибадатханасы – баспасөз үйінің төрін жайлаған 100 жылдық тарихы бар «Aq jol» газетінің мерейі үстем бола берсін!

 

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,
жазушы, Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support