- Advertisement -

Ең басты міндет – еңбек адамына қамқорлық

161

- Advertisement -

Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығында облыстық кәсіподақтар бірлестігінің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының Кәсіподақтары күніне арналған жиын өтіп, оған облыс әкімінің орынбасары Ерболат Ибрайханов, облыстық мәслихаттың аппарат басшысы Рүстем Қасымов, облыстық еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Жарылқасын Айтақов және облыстық салалық кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері мен кәсіподақ мүшелері қатысты.

Жиында облыстық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бағлан Қарашолақов қатысушыларды кәсіби мерекемен құттықтап, еңбек адамына ерекше қамқорлық жасау, олардың сапалы өміріне қолайлы әлеуметтік жағдай туғызу бағытында кешенді жұмыстар облыста жүйелі түрде жүргізіліп отырғанына жан-жақты тоқталды.

– Атқарылып жатқан жұмыстардың басты мақсаты – қарапайым еңбек адамына қамқор болу, еңбек құқықтарының бұзылуына жол бермеу, еңбек өнімділігі мен өмір сапасын арттыру. Еңбек адамының мұң-мұқтажын жоқтаған, әлеуметтік-еңбек саласында қамқор бола білген еліміздің бүгінгі кәсіподағы 1 миллион 640 мыңға жуық мүшесібар ең ірі коммерциялық емес ұйым. Айта кету керек, ҚР Кәсіподақтар федерацияның құрамына 17 аумақтық кәсіподақтар бірлестігі және 23 салалық кәсіподақ кіреді, олар 17500-ден астам бастауыш ұйымды біріктіріп отыр. Облыстық кәсіподақтар бірлестігі бүгінгі таңда облыста экономиканың әр саласын қамтитын 14 салалық кәсіподақ ұйымының жұмысын біріктіріп, үйлестіріп келеді. Бүгінгі таңда облыстағы кәсіподақ мүшелерінің саны 123 мыңнан асты, олар 1366 бастауыш ұйымға топтасқан. Жыл басынан бері 17 жаңа бастауыш ұйым құрылып, мүшелерінің саны 747 адамға артты.

ҚР Кәсіподақтар федерациясы биылғы жылды «Әлеуметтік әріптестік жылы» деп жариялағаны белгілі. Бұл күндері кәсіподақ федерациясы әлеуметтік әріптестіктің мүмкіндіктерін пайдалана отырып, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау, ең бастысы – еңбек адамына ерекше қамқорлық жасау, олардың сапалы өміріне қолайлы әлеуметтік жағдай туғызу бағытында кешенді жұмыстар атқаруда. Дәл осындай жұмыстар біздің облыста да жүйелі түрде атқарылып келеді. Айталық, облыста әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссияның 5 отырысы өтті. Осындай басқосуда еңбек қатынастарын реттеу, жалақыны уақтылы төлеу, лайықты еңбек жағдайларын жасау, еңбек адамының құқығы мен мүддесін қорғау, еңбек қауіпсіздігінің, жұмысшылардың әлеуметтік кепілдіктерінің сақталуы, облыстағы әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру және өңірдегі жалақыны көтеру бойынша мәселелер ұдайы қаралады.

Бүгінде Кәсіподақтар федерациясының бастамасымен әр өңірде «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы ұйымдастырылуда. Аталған акцияның мақсаты – еңбек ұжымдарындағы көтерілген мәселелерді ашық жеткізе отырып, оларды шешу үшін оңтайлы шаралар қабылдау. Осындай бастауыш ұйымдармен кездесу бізде де жалғасып келеді. Қыркүйек айында 6 бастауыш ұйымда кездесу өтіп, оған 500-ден астам адам қатысты. Мұндай жұмыс орындарында өткен кездесулерде жұмысшылар еңбек қатынастары мен әлеуметтік мәселелер турасында өздерінің сұрақтарын қойып, оған тұшымды жауап алды. Бұл жерде айта кетер бір мәселе, кәсіподақ жұмысына қатысты барлық маңызды ақпараттар мен жаңалықтарды ҚР Кәсіподақтар федерациясының YouTube, Facebook сынды әлеуметтік желілері арқылы танысуға болады, – деді Бағлан Жиенәліұлы.

Жиын соңында кәсіподақ ұйымдарының белсенді өкілдері облыс әкімінің, мәслихаттың, еңбек инспекциясы басқармасының, ҚР Кәсіподақтар федерациясының және облыстық кәсіподақтар бірлестігінің арнайы марапаттарына ие болды.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

 

 

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support