Мемлекеттің тұтастығы ешкімнің қолжаулығы болмауы тиіс

Мемлекеттің тұтастығы ешкімнің қолжаулығы болмауы тиіс
ашық дереккөз
Мемлекеттің тұтастығы ешкімнің қолжаулығы болмауы тиіс
Астана қаласында «Amanat» партиясының кезектен тыс XXIV съезі өтті. Съезде партияның Саяси тұғырнамасы бекітілді. Сонымен қатар алда болатын сайлауда партиядан Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынылды. Партияның жаңа саяси тұғырнамасында бұрынғы стратегиялық құжаттармен салыстырғанда бірнеше ерекшелік бар. Біздің облыстық филиалдың атынан да партия жұмысын қайта жаңғырту бойынша нақты ұсыныстар берілген болатын. Себебі партияның аты өзгергеннен кейін, оның затын да өзгерту, кең масштабты партиялық трансформацияны жасау қажет болды. Тұғырнаманың тағы да бір ерекшелігі – бұл құжат басынан аяғына дейін қазақ тілінде дайындалып, жазылды. Бұның алдындағы партияның барлық стратегиялық құжаттары орыс тілінде жазылып, кейін қазақ тіліне аударылатын. Тұғырнаманың жетекші идеясы – тәуелсіздік. «Тәуелсіздік – біздің бойтұмарымыз», – деп жазылған. Осы қысқа сөйлемнің артында терең ой жатыр. Өйткені тәуелсіздікке қол жеткізгеніміз – біздің ата-бабаларымыздың сан ғасырлық азаттық күресінің заңды өтеуі. Жаратқан Иенің жасаған әділдігі. Ата-бабаларымыздың осыншама байтақ жерді ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап қалғанының арқасы. Біз тәуелсіздікпен бірге тілімізді түлеттік, дінімізді өркендеттік, тамырымызды жалғап, салт-дәстүрімізді жаңғырттық. Ұлттық жаңғыртуды жүзеге асырып, жаңа құндылықтар қалыптастырдық. Ғасырлар қойнауынан асылдарымызды аршып алдық. Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен гөрі, оны ұстап қалу одан әлдеқайда қиын. Бұл әлем кеңістігінде ғұмыр кешкен талай халықтың басынан өткерген тарихи шындық. Өзара алауыздық пен жан-жаққа жөнсіз тартқан берекесіздік талай елдің тағдырын құрдымға жіберген. Сондықтан қазіргі геосаяси жағдайда тәуелсіздіктің туын қолда берік ұстау «Amanat» партиясының, әр партия мүшесінің ең басты борышы, ең биік мақсаты. Тұғырнаманың жетекші идеясы осында. Осы жетекші идеядан негізгі 3 стратегиялық бағыт шығады. Бірінші бағыт – «партияның басты байлығы – адам» деп көрсетілген. Яғни, «Адам – қоғам – мемлекет» триадасында негізгі фигура – адам. Ғұлама Абай айтқандай: «Адамның жақсы болуы тегінде емес, тәрбиесінде, ақылында, өнер-білімінде». Жастарға қолжетімді және сапалы білім беру, тың идеяларға ашық, сыни және креативті ойлайтын, ізденімпаз, өмірін білім мен кәсіби қабілетін жетілдіруге арнауға дайын азаматтарды қолдау – партияның негізгі міндеттерінің бірі. Білім мен ғылымға салынған инвестиция – болашаққа салынған инвестиция. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынып, 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасалынады. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесі толық шешіледі. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. «Бірінші байлық – денсаулық» дейді халқымыз. Денсаулық кез келген мемлекеттің, ұлттың даму деңгейіне өлшем болатын маңызды индикатордың бірі. Бүгінде еліміздегі 650 елді мекенде емдеу мекемесі жоқ. Барлық ауылдық жерде амбулаториялық бекеттер, фельдшерлік бөлімшелер ашып, оларды тиісті құрал-жабдықтармен, дәрі-дәрмекпен толықтай қамтамасыз ету керек. Бұл мәселе партияның мұқият бақылауында болады. Қуатты мемлекет болу үшін еңбек ету керек. Кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруы қажет. Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Ең бастысы – адал еңбек. Біз мұны жете түсінетін ұрпақ тәрбиелеуге тиіспіз. Партияның идеологиялық жұмысында осыған баса мән берілетін болады. «Amanat» партиясының саяси тұғырнамасының екінші бағыты – азаматтық қоғамды еліміздің заңдылық пен тәртіптің, өркендеудің басты қозғаушы күшіне айналдыру. Халқымызда «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала болса, ауыздағы кетеді» деген ұлағатты ұстанымы бар. Мемлекеттің тұтастығы, елдің татулық, бірлігі, қоғамның қауіпсіздігі ешкімнің қолжаулығына,ойыншығына айналмауы керек. Қазақстан – әлемге татулық пен тұрақтылықтың, бейбітшілік пен келісімнің алтын бесігі ретінде танылған мемлекет. Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII-ші съезі осының тағы бір дәлелі болды. «Әділдік жоқ жұртта береке-бірлік болмайды» деген Әлихан Бөкейхановтың сөзі бар. «Amanat» партиясы жүзеге асырылып жатқан түбегейлі реформалар аясында «әлеуметтік ұстанымдағы мемлекет» құру бағытын таңдады. Әлеуметтік әділдіктің сақталмауы, қоғамның «байлар» мен «кедейлерге» бөлінуі, қарапайым халықтың өмір сапасының төмендеуі «қайғылы қаңтар оқиғаларына» себеп болды. «Қасіретті қаңтардан» сабақ алып, «Amanat» партиясы әлеуметтік әділдікті заң жүзінде және іс жүзінде қалпына келтіруге үндейді. Халқымыздың тарихы да, тағдыры да, болашағы да – ана тілінде. Қазақ тілі – мыңдаған жылдық мәдениетіміздің, өркениетіміздің негізі, діңгегі. Өкінішке қарай, мемлекеттік тілге байланысты арнайы Заң қабылданса да, көптеген оқу орталықтары ашылып, оқу-әдістемелік құралдар шығарылса да, әлі де қазақ тілінің қоғамдағы мәртебесіне байланысты шешілмеген мәселелер көп. Оның себебі неде десеңіздер, қазақ тіліне деген толық қажеттілік жоқ. Мысалы, біз ауасыз немес сусыз өмір сүре алмаймыз. Қазақ тіліне де көзқарас сондай болу керек. Қазақ тілі білім мен ғылымда, медицина мен әскерде, қаржылық сала мен өнеркәсіпте, ақпарат кеңістігінде, жалпы барлық салаларда өзінің лайықты орнын алуға тиіс. Тек қана сонда мемлекеттік тіл ұлты мен ұлысына, діні мен діліне қарамай, Қазақстан қоғамындағы барлық азаматтарды байланыстыратын ерекше факторға айналады. Партияның саяси тұғырнамасының 3-ші бағыты мемлекеттік құрылымды жетілдіруге, мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға арналған. Экономиканы түбегейлі реформалау үшін мемлекеттік басқару жүйесіне серпіліс қажет. Жұрт бос сөзден, жарқын болашақ туралы жалынды ұрандардан жалықты. Мысалы, біз депутаттар аудандарды жиі аралаймыз, халықпен кездесеміз. Сонда халықтың айтатыны: «Біз Президентімізді қолдаймыз. Сіздер, депутаттар да халықтың көкейінде жүрген мәселелерді дұрыс қозғайсыздар. Бірақ біздің өмір сапамыз, күнделікті әлеуметтік тұрмыс жағдайымыз жақсарып, табыстарымыз көбейген жоқ қой». Сондықтан партия берілген уәделерді қағаз бетінде емес, іс жүзінде орындағанын қалайды. Осы мақсатпен «Дамыған аймақтар – Қуатты экономика», «Ауыл – Ел бесігі» жобалары барлық азаматтардың тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталады. Тағы да айта кететін өзекті мәселе – партияның ұсынып отырған экологиялық саясаты. Қарап отырсақ, осыдан жүздеген жыл бұрын айтылған экологиялық мәселелер өзектілігін жоғалтқан жоқ. Бүгінде өркениетті әлем елдері экологиялық мәдениетті қалыптастыруға көшті. «Amanat» партиясы өзінің саяси тұғырнамасында қоршаған ортаны сақтау үшін әлемдік экологиялық жоғары стандарттарды экономиканың барлық салаларына енгізуді жоспарлап отыр. Қорыта айтсақ, партияның басты идеологиялық құжаты қабылданды. Ендігі мәселе – оны нақты іске асыру. Тұғырнамада көрсетілгендей, партия еліміздегі барлық жаңару мен жаңғырудың ұйытқысы болсын десек, билік пен қоғам арасындағы алтын көпірге айналсын десек, ең алдымен өзгерістерді өзімізден бастауымыз керек. Өзіміз өзгерсек, қоғам да өзгереді.  

Махметғали САРЫБЕКОВ,

облыстық мәслихаттың хатшысы,

Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері.

Ұқсас жаңалықтар