- Advertisement -

Әулиеата өңіріндегі өнер сапары

322

- Advertisement -

Талантты тұлғалар Тараз төрінде

Халық ардақты перзенттерін ешқашан есінен шығармайды. Биыл елімізде бірнеше Алаш ардақтысының мерейтойы аталып өтуде. Оның ішінде заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығы және жерлесіміз, Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдығы да бар. Осыған орай Алматы қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры Тараз қаласына өнер сапарымен келді. Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрында төрт күн бойы өнер мерекесі өтті.

Өнер саңлақтары үшін «Әкемтеатр» аталып кеткен театр осы. Аталған ұжымды театр директоры, танымал өнер қайраткері Еркін Жуасбек бастап келді. Олардың арасында Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Халық артисі Тұңғышбай Жаманқұловтың шоқтығы биік. Сондай-ақ Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, аталған театр директорының орынбасары Жалғас Толғанбай, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткерлері Дәрия Жүсіп, Бекжан Тұрыс, Асылбек Боранбай, Шынар Жанысбекова, мемлекеттік «Құрмет» орденінің иегерлері Гүлшат Тутова, Үсіпхан Сейітмет, Жастар одағы сыйлығының лауреаты Нұржан Бексұлтанов, «Серпер» жастар сыйлығының иегері Зәуре Көпжасарова, көпшілікке көркем фильмдер арқылы таныс Асан Мәжит, Ғалым Оспанов сынды өнер иелері де келді. Осы тұста жастар арасынан Мағжан Тұрыс, Индира Құлмағанбетова секілді өнер өкілдерін де айта кеткеніміз артық болмас.

Сахнада – «Ай мен Айша»

«Әкемтеатр» Әулиеатадағы өнер сапарын Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» драмасын сахналаудан бастады. Бұл қойылымның сахналық нұсқасын жасаған Еркін Жуасбек болса, режиссері – Тұңғышбай Жаманқұлов. Айша рөліндегі Дәрия Жүсіптің өнеріне көрермендер тәнті болды. Актриса көз алдымызға сол жылдардың зұлматты сәттерін дәл алып келгендей әсер алдық. Ал Мұртаза бейнесін сомдаған Жалғас Толғанбайдың да шыңдалған шеберлігі көзге көрініп тұрды. Бала Барсхан образын Елжан Тұрыс жақсы ашқанын тараздықтар талай уақыт айтып жүретіні анық. Ал жағымсыз кейіпкер Тасбеттің бейнесін Жандарбек Садырбаев сәтті алып шықты.

Бұл қойылымда Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша», «Мылтықсыз майдан» шығармаларынан көріністер берілді. Сұрапыл соғыс жылдары майданның барлық ауыртпалығын елде жүріп басынан кешкен ауыл адамдары, соның ішінде «Халық жауы» атанып, жазықсыз айдауға кеткен отағасы Мұртаза, оның үш баласын қалай аман жеткізуді ойлаған Айша ана бейнеленеді.

Бұл – жалғыз Айшаның тағдыры емес, ел тағдыры. Туынды жеңіс үшін тылда жан аямай еңбек еткен барлық ана мен баланың, әжелер мен ақсақалдардың ерен ерлігіне тағзым. Бұл қойылымда барлық актерлар өздерінің рөлдерін кереметтей алып шықты.

Мұхтар Әуезов театрына құрмет

Рухани орталықтан келген әйгілі театр келесі күні көрерменге Бернард Шоудың «Пигмалин» пьесасының желісімен қойылған «Менің сүйікті періштем» қойылымын ұсынды. Ал «Қоштасқым келмейді» қойылымын облыс әкімі Нұржан Нұржігітов көпшілікпен бірге тамашалады. Қазақ қоғамындағы отбасылардың жағдайы, ажырасудың көптігін арқау еткен қойылым көпшілікке ой салғаны анық.

Ал соңғы күні М.Әуезов атындағы драма театры Абай Құнанбайұлының қара сөздері негізге алынған «Қара» драмалық қойылымын сахналады. Қоюшы режиссері – Жұлдызбек Жұманбай. Спектакль пікірталас формасында қойылғанымен, ондағы жалғыз кейіпкер – Абай және Абайдың ойлары. Сол ойларға жан бітірген отыз бес актердың шеберлігі назар аудартады. Басты рөлде – Тұңғышбай Жаманқұлов. Бұл қойылым Абайдың кейінгі ұрпаққа айтып кеткен өсиетін бүгінгі заман тынысы, көкейкесті мәселелері аясында қарастыра отырып, ұлттық құндылықтарды, бейбітшілік пен келісімді, ізгі жолдарды дәріптейді. Қалың қазаққа, қазақ жастарына ой салады.

Қойылым барысында Абайдың «Сегізаяқ» өлеңінің бірнеше шумақтары сәтті пайдаланылған. Әр сәті көрерменді иландырып, толғантады. Қойылымнан соң актерларға көрермендер құшақ-құшақ гүл ұсынып, құрмет көрсетті. Олар да көпшілікке бас иіп, ізет танытты. «Қазір кім ақыл сөзді тыңдап жатыр? «Абай осылай депті» деп жастарға айтсаң тыңдай қоймайды. Соны сахнада актерлардың ойыны арқылы беріп жатыр. Жастарға осылай әсерлі болуы мүмкін», дейді белгілі театр актеры Құрақ Оразбаев.

«Біз осындай қойылымдарды көру арқылы ойымызды өсіреміз, көзқарасымызды дамытамыз. Төрт күнгі қойылымнан өте жақсы әсер алдық», деді Жамбыл ауданы, Айша бибі орта мектебінің оқушысы Алина Айдаралы.

Кездесулер мен жақсы әсерлер

Бұл күндері алматылық театр актерлары қойылымдарды көрсетіп қана қойған жоқ. Жұртшылықпен жүздесіп, естелік қалдырып, талай үлкен-кішіге қуаныш сыйлап жатты. Сондай-ақ Жалғас Толғанбайдың театрдың кіші залында жас актерлармен кездесуі ерекше әсер қалдырды. Кездесу соңында ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Әбиірбек Тінәлі жамбылдық ұжымның атынан Жалғас Толғанбайға алғысын білдірді. Өз сөзінде Жалғас Толғанбай да ағынан жарылып, театрдың бүгінгі беталысы, ертеңгі барар биігі жөнінде ой толғады.

«Жалғас Толғанбай біздің ауылдың азаматы. Менің әкеммен бірге оқыған. Осы театр сахнасын таңдап, өнерде жүрсем, оған Жалғас ағаның үлесі көп. Осы кісідей болсақ деп жас күнімізден қызығып, армандап өстік. Бүгін ағаның кездесуіне қатысып, ерекше қуанып отырмын», дейді Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының актеры Бексұлтан Әлекешев.

«Әкемтеатр» актрисасы Зәуре Көпжасарова да өзінің монодрамасын қойып, жамбылдық жас актерларға шеберлік сағатын өткізді. Бұл іс-шарадан да жамбылдық жас актерлар мен актрисалар әсер алып, мүмкіндіктерінше тәжірибе жинайтыны анық.

Сонымен, төрт күндік іссапарды қорытындылай келе, Халық артисі Тұңғышбай Жаманқұлов өз ойымен бөлісті. «Асқар Тоқпанов – үлкен тұлға, баршамыздың ұстазымыз. Біз Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрын бекер таңдаған жоқпыз. Бұл – Халық жазушысы Шерхан Мұртазаны тудырған өңір. Осы қасиетті театрда Шәріпбай Сәкиев, Мұхамедқали Табанов бастаған талай тарландар өнер көрсетті.

Осы театрды соңғы жылдарға дейін басқарып келген Болат Бекжан досымды ұмытуға болмайды. Осындай жақсылар шыққан, жақсылар өнер көрсеткен театрда төрт күн бойы көпшілікпен бірге болдық. Екі тарапқа да әсер мол болғаны анық. Бұл ретте облыс әкімі Нұржан Нұржігітовке, мәдениет және театр саласының басшыларына алғысымызды айтамыз», – деді. Өз кезегінде Асқар Тоқпанов атындағы қазақ драма театрының директоры Мәлік Ақүрпеков те әріптестеріне алғысын жеткізді.

«Алматыдан Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық драма театрының келуі – жамбылдықтар үшін өте үлкен мереке деп айтуға болады. Төрт күн бойы театрымыз үлкен қуанышқа бөленді. Көрермендер де ерекше көп болды. Тіпті билеттер табылмай жатты. Себебі алматылық театрды жұрттың барлығы көргісі келеді.

Бұл біздің жас актерларымыз үшін де үлкен тәжірибе болса, аға буын актерларымыз өздерінің алматылық замандас, достарын, өнердегі сапарластарын көріп бір жасап қалды. Мұндай үрдістер сәті келсе алдағы уақыттарда да жалғасын таба береді», – деді.

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support