- Advertisement -

Біз қайда асығамыз?

333

- Advertisement -

Таңертең дүкенге бара жатқанмын. Жолда ерсілі-қарсылы жүйткіген көліктерден көз сүрінеді. Әне бір жерде жолдың арғы бетіне өтпекке жанталасып, кішкентай баласын жетектеген келіншек тұр. Бір кезде әлгі келіншек мынау қым-қуыт тіршіліктен бейхабар, сөмкесін біресе иығына асынып, біресе қолына алып, өзінше аңтарылып тұрған баласының желке тұсынан нұқып қалды. Сөйтті де: «Жыбырламай тезірек болшы! Тез бол! Машина жоқта өтіп кетейік! Жүгір! Бол! Тездет!» деп дүрсе қоя берді. Олардың бағыты қарсы беттегі балабақша екені анық. Жолдан өткеннен кейін де кішкентайдың қолынан сүйрелей жөнеліп, «бол-болға» басып тым асығыс кетіп бара жатты.

Үйімнің маңында мектеп, балабақша болғандықтан, мұндай көрініс мен үшін еш таңсық емес. Бірақ, осылай таң ата салысымен жанталасып жүгіретін асығыс аналар мен аяғын апыл-тапыл басып, сүрініп-қабынып бара жатқан балаларға қарап ойланатыным бар. Осылайша, әрдеңеге асығып жүріп, көп нәрсеге үлгеремін деп жүріп, қаншама өмір өтіп жатыр.

Байқайсыз ба, біз қазір тым асығыспыз. Таңертең ұйқыдан ояна сала жалма-жан ойша бүгін не істейтінімізді, қайда баратынымызды, кіммен жолығатынымызды, басқа да сан түрлі тірлікті жүйрік ойымызбен шолып шарлап шығамыз. Оймен арпалысып жүріп таңғы асты ішер-ішпестен жұмысқа асығамыз. Ал жұмысқа бармайтынымыз үй тірлігінің бітпес сарсаңына салынамыз да кетеміз…

Сол таңертеңгі қарбаластан басталған күн түнге ұласып, ұйқыға жатқанша жанталасымыз бір толастамайды. Жұмысқа барған соң оны тезірек аяқтап үйге қайтуды, үйге жеткен соң тезірек тамақтанып, үй шаруасын аяқтауды, ол тірлік аяқталған соң ұйықтауды, ал ұйқыдан оянған соң қайта жұмысқа асығамыз-ай келіп! Сонда біз қайда асығамыз?

Осы туралы бір сәт дамыл тауып, асықпай отырып ойланып көрдіңіз бе? Қанша асықсақ та, уақыт бізге еш бағынар емес! Мың жерден тездетсек те, кейбір істің қисыны келмей-ақ қояды ғой. Осындайда біздің қазекең «асықпаған арбамен қоян алады» деуші ме еді?! Заман ағысына ілесеміз деп жүріп, дала данышпандарының сондай қағида-ұстанымдарын естен шығарып, санадан өшіріп алдық-ау, ә?!

Біздің бабаларымыздың «асыққан – шайтанның ісі» дейтіні тағы бар. Бірақ, біздің де әдет сол ғой, «өзің білме, білгеннің тілін алма» деген. Сосын жүргеніміз, өмірге өкпе артып, жанталас пен қарбаластан жүйкеміз жүндей түтіліп. Кейде ойлайсың, мүмкін адам жаратылысының, болмысының мәні де сол, асығу, үлгеру, тездету шығар деп. Неге десеңіз, ес білген бала тезірек ер жетсем деп армандаудан бастап, ер жеткен соң үйлену, одан балалы болу, тағысын тағылар, әйтеуір әр кезеңге асығып-ақ тұрады ғой. Қазіргідей техника мен технологияның қарқын алған заманында қарапайым логикаға салсақ, бұрынғыға қарағанда қазір біздің уақытымыз көп болу керек секілді көрінеді. Неге десеңіз, бұрын адамның қолымен жасалатын көп тірліктің тізгінін техника алды емес пе? Ол игіліктің барлығы да адам тірлігін, тіршілігін жеңілдетумен қатар, ең бастысы, уақытын үнемдеуге бағытталады. Яғни, сіз қазір шай ішу үшін бұрынғыдай құдықтан су тасып, ағаш жарып, самаурынға шоқ салып әуре болмайсыз. Газ плитаның бетіне краннан аққан суды шәйнекке толтырып қоя салсаңыз жеткілікті. Тіпті оған да уақытым жоқ десеңіз, «тефаль» аталып кеткен электр шайнектің тетігін баса қойыңыз. Тіпті «тефаль» қоюға уақытыңыз болмаса, 24 сағат суы қайнап тұратын техниканың да түр-түрі тағы бар. Дәл сол сияқты тамақ істеу, киім жуу, ақпарат алмасу, бір елден бір елге бару, тағы сол сияқтылар тізбектеліп кете береді. Бәрі де өте жылдам, көзді ашып-жұмғанша орындала салатын дүние болып қалды.

Біз сонда осыншама ісімізді жеңілдетіп, жылдамдатқаннан не ұттық? Одан үнемделген уақытты қайда жұмсап жатырмыз? Рухани дамуға, білімді жетілдіріп, ғылыммен айналысуға ден қойдық па әлде?! Оған күмәнім бар.

Жастар мен заманауи азаматтар арасында «тайм менеджмент» ұғымы қазір өте өзекті тақырып. Ол дегеніміз, уақытты тиімді пайдалану, өз уақытыңды өзің басқарып, ұйымдастыру. Сонда қазір адамдардың асығыс тіршілігі мен ми қатпарындағы сансыз, шашыраңқы ойлар, олардың өз уақыттарын басқаруына мүмкіндік бермей отыр деген сөз. Сіз сенесіз бе, осы «тайм менеджмент» тақырыбында көптеген кітаптар жарық көріп, арнайы мамандар қыруар қаржыға сабақ өтеді. Яғни, асығыс өмірде бәріне үлгеру деген де өз алдына ғылым болып келеді.

Қызық, заман алдыға жылжыған сайын ғылым да түрлі бағытқа бұрыла беретінін кім білген? Бір замандарда әрбір сөздің айтылуы мен жазылуы, оның мағынасы мен тарихы, заңдылығы ғылыми тұрғыда зерттеліп жатушы еді. Ал қазір адамдар өз уақыттарына, тіпті өздеріне ие бола алмай, сондай қызметке мұқтаж.

Біз бәлкім сол асыққанымыз үшін ештеңеге үлгере алмай жатқан шығармыз?! Сіз қалай ойлайсыз?

 

Маржан РАҚАЙ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support