- Advertisement -

Үлкен жүректі отбасы

104

- Advertisement -

Облыс орталығындағы қарапайым отбасында он сегіз жыл бойы ата-ана қамқорлығына мұқтаж болған мүмкіндігі шектеулі тағдырлар тоғысып отыр. Кәмелет жасынан асқаннан кейін келешегіне кәміл сенім артпақ түгілі, қоғамнан өз орнын таба алмай, үміті үзілуге шақ қалған жандарды Жорабаевтар жанұясы қамқорлығына алған. Үлкен жүректі отбасы ешкімнен қолдау күтпей-ақ оларды ортаға бейімдеп, отбасының шарапатына бөлеп келеді.

 Жорабаевтар әулетінде қазір он төрт бала бір шаңырақтың астында, бір дастарқанның басында тату-тәтті тіршілік кешуде. Отағасы Ғани Жорабаев қалада тұрып-ақ ата кәсіппен айналысып, табыс табуда. Ал отанасы Мадина Жорабаева өзінің бес перзентіне қоса, ерекше қабілеттегі тоғыз баланы бауырына басқан. Және ол өскелең ұрпақ тәрбиесіне айрықша мән берген білікті ұстаз.

Тағдыр тауқыметіне түсіп, туабітті мүмкіндігі шектеулі болған бұл тоғыз жасты Жорабаевтар осыдан үш жыл бұрын Талдықорған қаласынан алып келіпті. Алтауының ата-анасы бар бола тұра, олар кемтар ұл-қыздарын асыраудан бас тартқан. Қалғандары ата-аналарын ес білгелі көрмеген. Әрқайсысының тән дерті де, жан жарасы да әрқилы. Жас түгілі жарты ғасыр ғұмыр кешкен жанға да олардың тауқыметі ауыр соғары анық. Десек те, ата-анадан көрмеген мейірім мен жылуды олар қазіргі таңда Жорабаевтардың шаңырағынан тауып отырғаны көңіл қуантады. 14 жыл бойы Абай атындағы Жамбыл педагогикалық колледжінде сабақ беріп келе жатқан білікті ұстаз Мадина Нұрланқызы үйдегі бала тәрбиесіне де уақыт тауып және содан аналық бақытқа кенеліп отыр.

– Тек өзіміздің балаларға ғана емес, басқа балаларға керек екенімізді біз де сездік. Жолдасым екеуміз балалар үйіне жиі баратынбыз. Он сегіз жасқа дейінгі балаларда көп мүмкіндіктер бар. Оларды әке-шешелері болмаса ниет-пейілі жақсы адамдар алып кетеді. Бірақ он сегіз жастан кейінгі балалардың тағдыры тасада қалып кете береді. Біз осыны аңғарып, жүрегіміз қатты ауырды. Бірнеше жыл бойы «қайтсек осындай балаларға қарайлассақ» деген уайыммен өмір сүрдік. Кәмелет жасынан асқан балалар Үкіметтің қарауынан да шет қалып қалады. Содан жолдасым екеуміз ойлана келе шамамыз келгенше оларды асырап алсақ деп шештік. Әрине, бұл өте үлкен жауапкершілік. Мәселен, сіз өз балаларыңызға қалай көңіл бөлсеңіз, бұл балаларға одан он есе көп көңіл бөлесіз. Өйткені бұл балалар тым сезімтал. Құдайдың алдында аманат етіп алғаннан кейін көңілін қалдырмауға тырысамыз. Ертең осы балалар үшін мен жауап беремін. Тағдырлары маған аманат. Күніне 2-3 сағат студенттерге сабағымды беремін де үйге келемін. Ол уақытта үйде жолдасымның және апаларының қасында болады. Апаларын қатты жақсы көреді. Апалары да өз немерелеріндей көреді. Біз бір-біріміз үшін жат емеспіз. Бір шаңырақта тұрғандықтан барлығы менің балаларым. Әрқайсысы үшін жаным күйеді. Біреуі ауырып қалса жүрегім ауырады», – дейді көпбалалы ана Мадина Жорабаева.

Ерекше қабілеттегі балалардың денсаулығына да айрықша күтім керек екені айтпасақ та түсінікті. Бұл ретте Мадина Нұрланқызы өңірдегі медицина саласы мен жедел жәрдем қызметіндегі салғырттыққа да ренішін білдірді.

– Балаларымның денсаулығына күн сайын алаңдап отырамын. Себебі олар қай жері, қалай ауырып тұрғанын айта алмайды. Бірінің – көру, енді бірінің – есту, ал үшіншісінің – сөйлеу қабілеті нашарлау. Ауырып қалса көбіне өзіміз жүгіреміз. Таяуда бір балам қатты ауырып қалды. Жедел жәрдем шақырдық. Ал олар келіп ауруды басатын дәріден басқа ешқандай ем-шара қолданбай, кетіп қалды. Тым құрығанда ауруханаға жеткізіңіздер десек, «Бізге неғыл дейсіңдер, мүгедек екенін өздеріңіз де жақсы білесіздер. Бала мүгедек, сол үшін ауырады» деп өзімізді кінәлап кетті. Ақыры ауруханаға өзіміз алып бардық. Одан кейін тегін берілетін әлеуметтік дәрілердің өзін ала алмаймыз. Қазір балаларымызға қажетті дәрілерді өзіміз сатып алып отырмыз, – дейді ол.

Десек те «Балаларымның мүмкіндігі шексіз және ақыл-есі ешкімнен кем емес» деген ана қаракөздерді қатарынан қалдырмай, шығармашылықтарына қолдау көрсетіп, моторикасын дамытуға, қимыл-қабілетін арттыруға да ерекше ден қойған. Яғни бос кезде ерекше қабілетті балалар ұлттық нақышта қолөнер бұйымдарын жасаумен айналысады. Әлеуметтік желілер арқылы олардың туындыларына қанық болған көпшілік кескіні көз тартатын кәдесыйларына тапсырыс бере бастаған. Сұраныстың басым көпшілігі тойбастар бұйымдарына түседі екен. Бұл олардың кәсіби мақсаты емес. Тек қыздарының тоқымаға қызығушылығынан туған іс. Балаларының бұл бастамасына барынша қолдау көрсетіп келе жатқан ата-ана оларға мотивация болуы үшін кәсіпкерлік саласы бойынша мемлекеттік грант алуға да ниет білдірген. Алайда ата-анасының екеуі де тұрақты табыс тауып, жұмыс жасап отырғандықтан оларға қайтарымсыз грант берілмепті. «Балалардың ісін ілгерілету үшін грантқа қатысуда біз міндетті түрде жұмыссыз болу керек екенбіз. Жұмыс болмаса оларды қалай асыраймыз, осы жағы түсініксіз», дейді олар.

– Менің бала күннен бергі арманым – осындай отбасының мүшесі болу еді. Анамыз да, әкеміз де өте мейірімді. Қолымыздан келгенше өзіміз де ол кісілерге үй шаруасында көмектескіміз келеді. Жылы үйіміз, киіміміз, тамағымыз бар. Ешкімнен кем емеспіз. Тек Талдықорғанда интернатта бірге болған достарымызды сағынамыз, – дейді қызы Роксана Жорабаева.

Олардың арасында ұлты басқа болғанымен қазақы отбасының бір мүшесіне айналғанын мәртебе көретіндері де бар. Бастысы – барлығы бір үйдің баласы, бір шаңырақтың шуағы. Табысы тасып жатпаса да, ешкімнің қолдауынсыз қарапайым шаруамен айналысып-ақ қайырымдылықтың үлгісін көрсетіп отырған Жорабаевтар отбасы алдағы уақытта ұл-қыздарымен бірге Талдықорғандағы интернатта жатқан тағы да бірнеше баланы бауырына басуды жоспарлап отыр. Сол үшін ұлдары мен қыздарына арналған бөлмелерді кеңейтуге ниетті. Жасыратыны жоқ, қазіргі қоғамда өзінің он екі мүшесі сау перзентін қоқысқа тірідей тастап кетіп жатқан көкек ана, көкек әке көбейді. Оған қоса тепсе темір үзіп, тау қопаратын отбасылардың арасында бала-шағамызды асырай алмадық деп мемлекетке масылдық танытатындары да аз емес. |Бірақ нарық қыспағына қарамастан өзінің бір емес, бес бірдей баласымен бірге тоғыз тағдырдың жауапкершілігін адами парыз көріп, ауырсынбай арқалап жүрген Жорабаевтардың игі ісі ерлікпен пара-пар екені анық. Енді олар ұл-қыздарының тауын шақпай, талабын ынталандыру үшін алдағы уақытта қолөнер бұйымдарының көрмесін ұйымдастырып берсек деп жоспарлап отыр.

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ 

Тараз қаласы.

 

 

 

 

 

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support