- Advertisement -

Дамудың жаңа дәуірі

59

- Advertisement -

Биылғы күз Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа кезекті Жолдауымен басталып, соңы сан түрлі саяси оқиғаларға жалғасып жатыр. Мемлекет басшысы 1 қыркүйек күнгі Жолдауында күзде кезектен тыс Президент сайлауы болатынын мәлімдегені белгілі. Еске сала кетсек, Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстанда жалпыхалықтық Президент сайлауы алты рет өтті.

Енді кезектен тыс Президент сайлауы не үшін қажет болды? Мемлекет басшысының айтуынша, әділетті Қазақстанды құру жолында кешенді реформаларды жүзеге асыру үшін жаңа сенім мандаты қажет. Осы орайда Президент «Мен үшін мемлекет мүддесі бәрінен жоғары. Сондықтан мен өзімнің өкілеттік мерзімімді қысқартып, кезектен тыс президенттік сайлауға баруға дайынмын», деп алдағы саяси додада өзі де бақ сынауға дайын екенін жариялады. Осы мәлімдемеден бірнеше ай бұрын БАҚ өкілдерінің «Қазақстанда 2022 жылы күзде Президент сайлауы өте ме?» деген сауалына Сенат спикері Мәулен Әшімбаев: «Ол қауесет, бос сөз деп ойлаймын. Бүгінде саяси реформаларды жалғастыру міндеті тұр. Заң қабылдап, партиялар арасындағы бәсекені күшейтіп, жаңа адамдар келуі керек. Көп жұмыс күтіп тұр», – деп жауап берген болатын. Дегенмен көріп отырғанымыздай, биыл күзде Президент сайлауы өтетін болды.

Көп ұзамай Президент Қазақстан халқына Үндеу жариялап, онда: «Биылғы жыл жан-жақты реформалар мен нақты өзгерістер жылына айналды. Маусым айында өткен референдумның нәтижесінде билік тармақтары арасында тиімді тепе-теңдік орнады. Мемлекет «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасын берік ұстанады. Мәжіліс пен мәслихаттар жаңа аралас жүйе бойынша жасақталады. Депутаттардың бір бөлігі партиялық тізіммен, қалғаны бір мандатты округтен сайланады. Конституциялық сот құрылып, алдағы қаңтар айынан жұмыс істей бастайды. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институты конституциялық мәртебеге ие болды. Биліктің бірқатар өкілеттігі қайта бөлініп, кейбір құзыреттер Президенттен Парламентке берілді. Енді өңірлердің әкімдері баламалы жолмен таңдалады. Конституцияға «жер және оның қойнауы халыққа тиесілі» деген бап енгізілді. Мен осы ережені жүзеге асыру үшін «Ұлттық қор – балаларға» деген мүлде жаңа бағдарлама ұсындым. Саяси партияларды тіркеу рәсімі жеңілдетіліп, тіркеудің қажетті шегі төмендетілді. Сайлау алдындағы партиялық тізімді жасақтау және депутат мандаттарын бөлу кезінде әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота енгізілді. Саяси партиялардың Мәжіліске өту шегі 7-ден 5 пайызға төмендеді. Сайлау бюллетеньдеріне «бәріне қарсымын» деген баған қосылды. Парламенттік оппозиция институты құрылды. Ауыл әкімдерін тікелей сайлау тәсілдері енгізілді. Сондай-ақ басқа да көптеген тың бастамалар жүзеге асырылды», – деді Мемлекет басшысы.

Орталық сайлау комиссиясы кезектен тыс Президент сайлауын өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарын бекітті. «Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауын тағайындау мен сайлау циклі басталады, ол саяси жүйені жаңғыртуға негізделген және маусым референдумында азаматтардың көпшілігі қолдаған конституциялық реформаның логикасына толық сәйкес келеді», деді Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Н.Әбдіров. Орталық сайлау комиссиясының хабарлауынша, президенттiкке кандидаттарды ұсыну құқығы белгiленген тәртiппен тiркелген республикалық қоғамдық бiрлестiктерге тиесілі. Ұсыну туралы шешім республикалық қоғамдық бірлестіктің жоғарғы органы мүшелерінің жалпы санының көпшілік дауысымен қабылданады.

Сонымен 23 қыркүйектен Президент сайлауына кандидаттарды ұсыну басталды. Орталық сайлау комиссиясы төрағасының айтуынша, сайлау заңнамасы негізінде президенттікке кандидаттарға қол қою парағын беру мерзімі екі есе қысқарған. Яғни 5 күннен 2 күнге дейін. Сонымен қатар үміткерлер жинаған қолдың дұрыстығын тексеру мерзімі 10-нан 5 күнтізбелік күнге дейін қысқартылды. Осылайша мерзімдерді қысқарту есебінен кандидаттарға қол жинауға көбірек уақыт берілді. Әзірге президенттікке үш партия өз кандидаттарын ұсынды. Атап айтсақ, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы Жигули Дайрабаевтың, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы Нұрлан Әуесбаевтың, «Аманат» Қазақстан Кәсіподақтар Достастығы» ӨКМ Мейрам Қажыкеннің кандидатурасын ұсынды. Жалпы үміткерлер 11 қазан сағат 18:00-ге дейін тіркеле алады.

Бұл саяси маңызды оқиға бұған дейін өткізілген референдумның заңды жалғасы екені айтылуда. Ендігі жерде саяси жүйе түбегейлі өзгеріп, мемлекеттік органдардың бағыты жаңарады деген сенім басым. Саясаттанушы, сарапшылар бұл саяси науқан Жаңа Қазақстандағы жаңа сайлау болады дейді. Өйткені енді Президент жеті жылға бір реттен сайланады, бұл шешімнің көптеген оң тұсы бар. Мәселен, президенттіктен үміткер өзінің бір мерзімге ғана сайланатынын біледі, осы аралықта ол өз жұмысын көрсетіп, еліміздегі жағдайды жақсы жаққа өзгертуге тырысатыны түсінікті. Сәйкесінше, 20 қарашада болатын Президент сайлауына түсетін әр үміткерге зор жауапкершілік артылып отыр. «Ел тұрғындары сайлаудан қалыс қалмай, өз азаматтық таңдауларын жасаса игі», дейді сарапшылар.

Иә, Мемлекет басшысы 21 қыркүйектегі Үндеуінде айтқандай, биылғы жыл жан-жақты реформалар мен нақты өзгерістер жылына айналды десек те болады. Ендеше, ел тарихындағы саяси маңызды оқиға – кезектен тыс Президент сайлауы мемлекет дамуының жаңа дәуірін қалыптастырады деген сенім мол.

 

 Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support