- Advertisement -

Интернет алаяқтарға иланатындар азаяр емес

78

- Advertisement -

Бүгінде талайларды сан соқтырған интернет алаяқтардың арбауына түсіп, соқыр тиынына дейін санап беретіндердің қатары азаймай тұр. Бұл жағдай қарапайым халықтың қаржылай сауатсыздығы салдарынан орын алуда. Жұртшылық сауысқандай сақ болудың орнына керісінше, оңай олжаға дәніккендердің «ертегісіне» сенуін тоқтатар емес. Өкініштісі де сол…

Кейінгі жылдары интернет арқылы елдің ақшасын иемденіп кетуге ниетті алаяқтармен күрес жұмыстары да күрт күшейді. Оған себеп – соңғы 5 жылда дәл осы санаттағы қылмыстардың саны 10 есеге көбейгендігі. Мәселен, биыл жыл басынан бері алаяқтар 7 миллиард теңгені «қолды қылған». Бұл – республикалық көрсеткіш. Ал облыстағы жағдай қалай? Өңірде алаяқтармен күрес қай деңгейде? Қыруар қаржыны қалтаға басқысы келетіндер құрықталып жатыр ма? Деректерге сенсек, жүйелі жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде қылмыстың нақ осы түрі едәуір төмендеген екен. Айталық, өткен жылмен салыстырғанда ғаламтордағы алаяқтық 45,2 пайызға азайыпты. Тіркелген қылмыс саны – 194.

– Ішкі істер министрлігі тарапынан қабылданған шаралардың нәтижесінде есепті мерзімде қылмысты ашу жұмыстары оң нәтиже берді. Жамбылдық полицейлер интернет алаяқтық қылмыстарын ашу дерегі бойынша республика көлемінде жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Атап айтқанда, ауыр дәрежедегі интернет алаяқтық қылмыстардың 97,9 пайызы ашылды. Мұның барлығы да тәртіп сақшыларының жедел әрекеттерінің арқасында іске асып отыр, – дейді облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Шоқан Әлжанов.

Ведомство өкілінің айтуынша, жыл басынан бері осы қылмыс түрімен айналысқан 18 азамат құрықталған. Нәтижесінде, олардың арасында өзге облыстардың тұрғындары бар екендігі анықталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

–Жыл басынан бері ғаламторда отырып алып, оңай жолмен халықтың ақшасын жымқырған 18 адам ұсталды. Олардың тең жартысы, яғни 9 азамат Алматы, Атырау, Қызылорда облысының және Шымкент қаласының тұрғындары екендігі анықталды. Бір сөзбен айтқанда, жұртшылықты зар жылатқандар ұзап кете алған жоқ. Бүгінгі таңда барлығы да қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Бұдан бөлек, шет мемлекеттерден интернет арқылы әулиеаталықтарды алдау деректері де орын алуда. Мәселен, Ресей, Украина және Молдавия елдерінде 37 дерек тіркелді. Алдағы уақытта бұл мәселе де зерделенбек, – дейді Шоқан Берікұлы.

Жалпы, ғаламтордағы алаяқтықтың сан жүйесін меңгеріп алғандар көбінесе қарапайым халыққа психологиялық тұрғыда шабуыл жасайтыны белгілі. Былайша айтқанда, жұрттың қалтасына жеңіл жолмен түсудің жоспарын құрады. Олар ең бірінші кезекте әлеуметтік желінің мүмкіндігін пайдаланады. Жасыратыны жоқ, қазіргідей қымбатшылық қос бүйірден қысқан кезеңде кімнің болсын қосымша табыс тапқысы келеді. Осыдан соң тумысынан аңғал қазақ алаяқтардың айтқанына тез иланып қалады. Ал алаяқтардың банк қызметкері немесе құзырлы орган өкілі ретінде хабарласып, жеті атаңа дейін жатқа айтып беруі жаға ұстатпай қоймайды. Сонда жеке адам туралы мәліметтер олардың қолына қалай түседі деген заңды сұрақ туады.

– Кез келген адам банктік мекемелердің атынан ұялы телефонына келген түрлі хабарламаларға айрықша назар аударып, мұқият болғаны жөн. Өйткені бұл күнде банктің мобильді қосымшалары арқылы пайдаланушыларға жалған хабарламалар жіберіп, арбайтындар көп. Сондай-ақ құзырлы органның өкілі ретінде хабарласып, қарапайым жұртшылық білмейтін баптармен шотындағы бар ақшасын алып кететіндер де бар. Бір жағынан әлгі алаяқтардың сөзіне сеніп те қаласың. Шыққан тегіңді, тұрғылықты мекенжайыңды немесе жұмыс орныңды сайрап айтып тұрса, нанбай қайтесің? Меніңше, банк қызметкерлерінің жауапкершілігін күшейту қажет. Қит етсе, тәртіп сақшыларын кінәлауға дайын тұрамыз. Әрине, олар тіркелген қылмысты ашуға міндетті. Ал сіз бен біздің жеке мәліметтерімізді жария ететін банк қызметкерлері жазадан құтылып кете барады. Сондықтан бұл қылмыстардың алдын алу мақсатында осындай қадамға баруымыз керек, – дейді экономист Нұрсұлтан Оразбаев.

Айта кетейік, ҚР қылмыстық кодексінің 190-бабына сәйкес, алаяқтықпен айналысқан адам қомақты мөлшерде айыппұл төлеумен қатар, 7 жылға бас бостандығынан айырылады. Бүгінгі таңда өңірлік қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты түзеу мекемелерінде алаяқтық жасаған 497 адам жазасын өтеуде. Ал аймақ бойынша пробация қызметінде 384 азамат есепте тұр. Бірақ интернет арқылы елдің есін шығаратындар еркін өмірде де өріп жүр. Олардың әрекеттеріне тосқауыл қою мақсатында нақты жұмыстар атқарылып жатқанымен, халықтың қаржылық сауаты артпайынша, интернет алаяқтарына түбегейлі тұсау салынуы қиын-ақ.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support