- Advertisement -

Жаңа тұғырнама жобасы талқыланып, делегаттар сайланды

102

- Advertisement -

Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінде «AMANAT» партиясы облыстық филиалының кезектен тыс ХХIХ конференциясы өтті. Оған филиалдың Саяси кеңесінің мүшелері, партия ардагерлері, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, «Жастар рухы» жастар қанатының мүшелері қатысты. Конференцияны партияның облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов ашып, жүргізіп отырды.

Конференцияның күн тәртібіндегі бірінші мәселе – «AMANAT» партиясының Саяси тұғырнамасы жобасын талқылау бойынша партия облыстық филиалы Саяси кеңесі Бюросының мүшесі, облыстық мәслихаттың хатшысы Махметғали Сарыбеков баяндама жасады.

– Биыл наурыз айынан бастап барлық партия алаңдарында Саяси тұғырнама мәтіні кеңінен талқыланды. Негізгі мақсат – партияның басты идеясын, даму бағдары мен ұстанымдарын айқындайтын, ықшамдалған құжат дайындау болды. Жаңа Саяси тұғырнаманы әзірлеуге партия мүшелері, сарапшылар, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдері жұмылдырылды. Тұғырнамада барлық партия мүшелерінің ұсыныстарын, пікірлерін ескеру мақсатында партия жанындағы Қоғамдық саясат институты арнайы әлеуметтік сауалнама өткізіп, оған республика бойынша 40 мыңнан астам партия мүшесі қатысып өз ұстанымдарын білдірген болса, оның ішінде, 5 мың жамбылдық бар. Жалпы, Саяси тұғырнамада партияның басым бағыттары айқын көрсетілген. Атап өтерлігі, әрбір адам лайықты білім мен медициналық көмек алуға, жеке қауіпсіздігінің қорғалуына, ыңғайлы әлеуметтік орта мен жайлы үйде тұруға құқылы екендігіне баса мән берілген. Сондай-ақ мемлекеттің тұтастығы, елдің татулығы мен бірлігі, қоғамның қауіпсіздігі ерекше назарда. Бұдан өзге тұғырнамада адами капиталды дамыту және халықтың мәселелерін шешу негізгі вектор ретінде белгіленген. Осыған орай ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап партия филиалдары шалғай ауылдық округтерде көшпелі қоғамдық қабылдаулар өткізуде. Қазіргі таңда партияның облыстық және аумақтық филиалдары 119 қабылдау өткізді. Қоғамдық қабылдаулар барысында 1588 сұрақ түсіп, оның 556-сы оң шешімін тапты. Сонымен қатар құжатта ауыл тұрғындарының да тұрмыстық табысын арттыру мақсаты айқындалған. Бұл орайда, партияның «Ауыл Аманаты» және «Жер Аманаты» жобалары жемісті іске асып жатқаны белгілі. Қорыта айтқанда, бағдарлама жетілдірілді. Партияның жаңа, жас буын кадрлары ел ісіне белсенді араласа бастады. Осылайша, партияның жұмыс сипаты мен тәсілдері өзгермек. Бастысы, «AMANAT» партиясы – азаматтық қоғаммен, атқарушы, заң шығарушы органдармен байланысты арттырып отыр, – деді Махметғали Нұрғалиұлы.

Мұнан соң, конференция делегаттары – облыстағы білім сапасын бақылау департаментінің басшысы Дәмеш Үскімбаева, «TALDAU» социологиялық және маркетингтік зерттеулер орталығы» ҚБ бірлестігінің төрағасы Бақыт Әлмұратов, Жуалы аудандық мәслихатындағы депутаттық фракциясының жетекшісі, «Талапты» бастауыш партия ұйымының төрағасы Руслан Сайлаубаев, «Жастар рухы» жастар қанаты облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ерғали Әбуғали жарыссөзге шықты.

Бұдан өзге конференцияда «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы Саяси кеңесінің және партия облыстық филиалы Бақылау-тексеру комиссиясының құрамдарына өзгерістер енгізу туралы мәселелер қаралып, тиісті қаулылар қабылданды.

Жиын соңында 6 қазан күні Астана қаласында өтетін «AMANAT» партиясының кезектен тыс XXIV съезіне партия облыстық филиалынан делегаттар сайланды.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support