- Advertisement -

Туған елдің жанашыры – Жақсылық

96

- Advertisement -

Өмірі өнегеге толы, саналы ғұмырын туған жерін түлетуге арнаған, ауыл-аймақтың алғысына бөленіп, көптің сөзін сөйлеген, ұлағатты ұстаз тайшыбеков Жақсылық Нәметұлы биылғы жылы зейнет жасына қадам басты.

Тайшыбеков Жақсылық Нәметұлы 1959 жылы 25 қыркүйекте бұрынғы Свердлов ауданы, «Октябрьдің 40 жылдығы» колхозында, қазіргі Байзақ ауданы, Мәдімар ауылында дүниеге келген. 1965-1966 оқу жылында сол ауылдағы Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектебіне қабылданып, 1975-1976 оқу жылында аталған мектепті үздік аяқтайды.

1976-1978 жылдар аралығында туып- өскен ауылында мал бордақылау комплексі комсомол жастар бригадасының мүшесі,кейін жетекшісі болып қызмет атқарады. 1978-1980 жылдар аралығында Мәскеу қаласында әскери борышын өтеп, 1981-1984 жылдары Жамбыл зоотехникалық- мал дәрігерлік техникумында білім алып, «Ветеринариялық фельдшер» мамандығын алып шығады.

1985-1991 жылдары Алматы зоотехникалық-мал дәрігерлік институтында оқып, жоғары білімді маман болып, бас мал дәрігері, қой ферма меңгерушісі, бас зоотехник қызметтерін абыроймен атқара жүріп,еліміздің мал шаруашылығының өсіп- өркендеуіне елеулі үлес қосады.

Жаңадан Тәуелсіздігін жариялаған жас мемлекеттің еңсесін тіктеп,алға басуына сүбелі үлес қосқан Жақсылық Нәметұлы 2000-2002 жылдары Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік Университетінде оқып,мұғалім мамандығын алып шығады. Сол жылдан бастап өзі білім алған Шоқан Уәлиханов атындағы мектепте география пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарады.

2003 жылдан бүгінгі күнге дейін директордың құқықтық тәрбие жөніндегі орынбасары болып, аталған мектептің тәрбие, білім саласының оң бағыт алуы жолында толағай табыстарға жетіп, оқушылардың бойына адамдық пен адалдықты, ұлттық тәрбиені сіңіріп, бақытты болашақ үшін барын салып келеді.

Жақсылық Нәметұлы 2017 жылы «Білім қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, 2017 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хатымен, 2017 жылы әл- Фараби атындағы университетінде география пәні мұғалімдері арасында өткен олимпиадада I дәрежелі дипломмен, 2018 жылы «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен және де өз пәніне қатысты көптеген іс-шараларда жоғарғы дәрежелі дипломдармен марапатталған.

Бүгінде әріптестері мен шәкірттерінің құрметіне бөленген, осындай еңбегінің жемісі, биік бедел мен айтулы абыройға ие болғанЖақсылықНәметұлыжары, мәртебелі мұғалім, Тайшыбекова Рахила Әштайқызы екеуі 6 ұл- қыз тәрбиелеп өсіріп,немере сүйіп,қазыналы қарттық жасқа жетіп отыр. Халқым деп қамығып, туған жердің түтінінің түзу шығуы үшін білек сыбана еңбек етіп,туған елінен еншісі бөлінбеген аптал азамат Жақсылық Нәметұлын зейнет жасымен құттықтай отырып, отбасына амандық, деніне саулық тілейміз. Сансыз бейнеттің зейнетін көріп, ел ішіндегі игі істерге мұрындық болып жүре беруіңізге тілектеспіз!

 

Ізгі ниетпен: Байзақ ауданы

Ш.Уәлиханов атындағы орта мектебінің ұжымы.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support