- Advertisement -

Ерлігі ерен, еңбегі еселі майдангер

270

- Advertisement -

Бозбалалық шағы 1941-1945 жылдарға тұспа-тұс келген ер азаматтардың барлығының маңдайына Отан үшін қан майданда қаймықпай, от кешу тағдыры жазылды десек артық айтқандық емес. Осындай жастардың қатарында кезінде сарысулық жауынгер Терлікбай Кенжебеков те болған еді. Ол не бары 19 жасында аз ғана уақыт дайындықтан өтіп, қан майданға аттанып кете барған болатын. Қайнаған ұрыс даласына кірмес бұрын жас жауынгер кіші командирлер дайындайтын қысқаша курстан өтті. Мұздай дайындықтан шыңдалған ерен ер 1942 жылы Сталинград майданына қатысып, жау танкісіне қарсы оқ ататын зеңбірекшілерді басқарды. Аға сержант ретінде өзі де оқ пен оттың ортасында тайсалмай жүрді.

Майданда талай ерлік көрсеткен азамат кейін елге оралып, еңбекке араласқан сәтінде соғыс даласындағы қаруластарының ерліктерін айтудан ешқашан жалықпайтын. Оған жауынгердің мына сөзі дәлел: «Ені екі шақырым келетін Волга өзенінің екінші жағалауындағы біздің жауынгерлер төрт зеңбіректі салға артып, арғы бетке өттік. Біз жеткенде басқа әскери құрамалар трактор зауытына шабуылды бастап та кеткен екен. Осы ұрыста талай қандыкөйлек достарым қаза болды» деп мұңайған екен.

Енді бірде Терлікбайдың зеңбірекшілері тұтқиылдан өтіп бара жатқан фашистердің төрт бірдей танкісін жалынға орап, кеңестік жаяу әскерлердің алға жылжуына жол ашқан. Осы шайқастағы ерліктері үшін Терлікбай Кенжебеков пен Тілеубаев есімді сарысулық тағы бір жауынгер «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталған. Өкінішке қарай Тілеубаев қан майданнан оралмапты. Әр шаңырақтың тіреуі болатын атпал азаматтарды жұтқан сұм соғыстың зауалына не дерсің?

Ал майданнан елге аман-есен оралған соң Терлікбай Кенжебеков өзі орнатқан бейбіт күнде бір сәт те тыным таппай еңбек еткен. Отанның өркендеуі жолында қызметтің сан-саласына араласты. Мәселен, 1947 жылы Байқадамда аудандық прокуратураның хатшысы қызметін атқарса, 1950 жылдары төрт жыл бойы Қарқаралыда халық тергеушісі болды. Өз ісіне жауапты және талапшыл Кенжебековтің қабілетін жоғары тарап байқамай қалған жоқ.

Көп ұзамай бұрынғы Қарағанды облысы, Шет аудандық прокурорының орынбасары, кейіннен Жезқазған қалалық прокурорларының орынбасары сынды қызмет баспалдағымен жоғары өрлеп, кәсіби тұрғыда шыңдала түсті. Кейіннен туған өлкесіне оралып, Байзақ аудандық прокурорының көмекшісі, прокурордың орынбасары қызметтерін абыроймен атқара білді. Білікті маман Мойынқұм, Сарысу аудандарының прокуратурасында тергеуші де болды. Мұнан соң Талас ауданының поркуроры қызметін бірнеше жыл абыроймен атқарды.

«Терлекең қара қылды қақ жарған әділ адам еді. Қашанда қиянатқа бармай, шындықтың жолымен жүрді» деп еске алады әлі күнге таластықтар. Еңбек жолын Сарысу аудандық прокуратурасында тергеуші болып аяқтап, осы қызметтен 1982 жылы құрметті зейнет демалысына шығады.

Терлікбай Кенжебеков майданға аттанар алдында Жамбыл педагогикалық учлищесін тәмамдап, ауыл мектебінде мұғалім болып бастағанын да айту ләзім. Асыл жары Шам Исабекова екеуі бір шаңырақ астында 61 жыл тату-тәтті отасып, жеті ұл-қыз тәрбиелеп өсірген. Перзенттерінің барлығы бүгінде жоғары білім алған, еліміздің әр түкпірінде әр салада жемісті еңбек етіп жүр. Немере- шөберелері де еңбекке араласуға жарап бүгінде өздерінің «Ұлы Отан соғысының ардагері Терлікбай атаның ұрпағымыз» дегенді әрқайсысы мақтан етеді.

Т.Кенжебековтің есімі екі тілде жарық көретін «Тағдыр»-«Судьба» журналына жарияланғаны да ұл-қыздары үшін мақтаныш. Терлікбай ардагер майдангер ретінде бірнеше медальдармен марапатталып, прокуратура саласындағы еңбегі үшін де бірнеше марапаттарға ие болған азамат. Майдангер көзі тірі болғанда бүгінде 100 жасқа толар еді. Ол 2005 жылы 83 жасында өмірден озды. Майдангердің ерлігі, Тәуелсіз еліміздің заң саласын өркендетудегі еңбектері ешқашан ұмытылмайды.

«Біз әкемізді мақтан тұтамыз. Майдан даласында көрсеткен ерлігінің, тәрбиелеп өсірген еңбегінің алдында бас иеміз. Ол кісіге қандай құрмет көрсетсек те артықтық етпейді. Әкеміз барлық перзентіне мейірімін төкті. Еркелетті. Өсиетін айтты, өмірге бейімдеді. Әкеміз бен анамызға қарыздармыз», дейді кенже қызы Гүлсүм Терлікбайқызы.

 

Есет ДОСАЛЫ

Сарысу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support