- Advertisement -

«Халық заңгеріне» кеңес алуға қайырылғандар көп

373

- Advertisement -

Қоғам дамып, халықтың құқықтық сауаттылығы жылдан жылға артып келеді дегенмен ел арасында даулы жағдайды тиісті мекемелерге айтып, мәселесін заң жүзінде шешуге ниетті жандар аз емес. Осы ретте жеті жылдан бері үйлесімді іске асып келген «Халық заңгері» акциясының да тиімділігі мол.

 Күні кеше еліміздің барлық аймағында бір уақытта ұйымдастырылған «Халық заңгері» акциясы Тараз қаласындағы «Mart» сауда үйінде жалғасты. Акцияға облыс әкімдігінің басқарма басшылары, қала әкімдігінің бөлім басшылары, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, әділет департаменті, прокурор, нотариустар, сот орындаушылары, заңгер және адвокаттар келіп, тұрғындарға тегін кеңес берді.

Мәселен, қала әкімдігінің жер қатынастары бөліміне жер дауымен қайырылған тұрғындардың бірі көршісімен екі соттық жерді бөлісе алмаса, Кенен Әзірбаев көшесі, 199 үйдің тұрғыны Сәуле Амандосова көшенің қақ ортасындағы жердің жекенің меншігіне өтіп кеткеніне наразылығын білдірді. Сол секілді «Отбасы банкінің» облыстағы филиалының басшысы Нұрлан Сұлтанов кеңес сұрап келгендерге әуелі «Нұрлы жер», «Бақытты отбасы», «Шаңырақ» сынды пайыздық үстемақысы төмен мемлекеттік бағдарламалардың шарттарын түсіндірді. Акцияға кеңес алуға арнайы келген егде жастағы ана Жеңіскүл Тоқметова несие аларда алаяққа ұрынып, енді әділдік іздеп жүргенін айтты.

– Несие аламын деп жүріп, алаяққа ұрынатынымды кім білген? Кейін, әділдік іздеп, сотқа бергенімде көп ұзамай іс тоқтатылды. Менің мойнымда 2,5 миллион теңге несие бар. Мұндағы қателігім, несие шартына өзім қол қойып, камераға өзімнің түскендігімде. Акцияға келіп, тиісті органның басшылығынан құқықтық көмек алдым. Енді жеке адвокат жалдауым қажет, – деді ана көзіне жас алып.

Құқықтық көмек алуға келген тұрғындардың арасында 20 жылға жуық еңбек өтілі бар зейнеткер Сатыбалды Жентаев өзіне тиісті зейнетақыға қолы жетпей жүргенін айтты. Енді еңбек кітапшасын жоғалтқан қарияның өтініші прокуратура мен жергілікті әкімдіктің назарында. Осы күні кеңес беруге келген мамандар жеке мәселесін айтып, көмек сұраған әрбір тұрғынның мекенжайы мен байланыс нөмірін тіркеп, шиеленіскен жағдайларды түбегейлі шешуге ден қойып отырғанын байқатты.

«Халық заңгері» акциясының тағы бір тиімді тұсы, іс-шараға құқық қорғау органдары мен мекеме басшыларының қатысуында. Өйткені бұл күні ешқандай кезек күтпей, көкейдегі сұрағын басшыларға төтесінен қойды. Себебі акцияның әуелгі мақсаты да ел арасындағы әлеуметтік шиеліністі жедел шешіп, заң аясында кеңес беру арқылы халықтың құқықтың сауаттылығын арттыру болған. Кейінірек шегінсек, акция алғаш рет 2016 жылы ұйымдастырылғанда бұл іс-шараға адвокаттар мен заңгерлер қатысқан. Соған қарамастан, акцияның ауқымы кеңейіп, 2019 жылға дейін еліміздегі 7000-нан үздік сарапшылар мен мемлекеттік органдардың қызметкерлері 100 мыңнан астам тұрғынға кеңес берген.

 

Сәндібек ПІРЕНОВ

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support