- Advertisement -

Ұлағатты отбасы – ұлт құндылығы

55

- Advertisement -

Халқымызда «Отан – отбасынан басталады» деген тәмсіл бар. Бұл қазақ қоғамындағы өзгермейтін, әбден қалыпқа түскен қағиданың бірі. Олай дейтініміз, ел экономикасының тірегі, бәсекеге қабілетті, саналы да білімді ұрпақтың қалыптасуында отбасының алар орны айрықша. Осы отбасылық институтты нығайтып, мүмкіндігі шектеулі отбасының жағымды имиджін қалыптастыру, отбасылық құндылықтар мен дәстүрлерді насихаттау, рухани ойлауы терең, мәдениетті, парасатты, ар-ожданы таза, еңбекқор ұрпақты тәрбиелеу, шығармашылық қабілеттерін ашуға мүмкіндік беру мақсатында облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы Отбасы күні мерекесіне орай «Отбасы – ұлттың тірегі» атты облыстық отбасылық байқау ұйымдастырды.

Ш.Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығында өткен тартысты сайысқа 8-12 жас аралығындағы зағип балалар мен ата-аналары қатысты. Әлемді жанарымен емес көкірек көзімен көретін 4 отбасының белсенділігі ерекше болды деп айтуға болады. Байбосыновтар, Жарылқасыновтар, Әсембектер, Ізбасаровтардың жанұясы байқау ережелеріне сәйкес бақ сынасты. Олар «Жанарымдағы сол бір әуен», «Сәнді киін», «Киностан», «Білгенге – маржан…», «Бір жыр оқимын», «Ыстық жанұям» атты кезеңдерде белсенділік танытып, сахнада поэзиялық шығармаларын орындап, өздерінің шеберліктерін, өнерлерін жоғары деңгейде көрсете білді.

Қоғамның негізгі мақсаты – адамдарды бақытты ету, ал мұның өзі терезесі тең, керегесі кең, берік отбасына байланысты. Шара басталмас бұрын жанына жақын жандардың маңыздылығын ашатын отбасы құндылығына қатысты әлеуметтік бейне ролик көрсетілді.

Өмір сынағына сынбай, отбасын сақтап қалу үшін барын аямай жүрген жандар үшін Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармония әншілері Алмас Қырғызалиев пен Балжан Ділдабекова әуелетіп ән салды.

Отбасы мерекесіне қатысушыларға «Болашақ» мектеп-интернаты оқушылары Салауат Еламан мен Сағындық Айсана қолдау көрсетіп «Әке, ана» әнін орындап, көрермендерге керемет көңіл-күй сыйлады.

Байқау комиссиясының шешіміне сәйкес үздік деп танылған Байбосыновтар отбасы жүлделі I орынды иеленсе, II орынды Жарылқасыновтар отбасы қанжығаға байлады. Ал III орын Ізбасаровтар отбасына бұйырды. Өзге жеңімпаздармен қатар қалыспай байқауда мықтылық көрсеткен Әсембектер отбасы ынталандыру марапатына лайық деп танылды.

Байқауда облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бас маманы Жадыра Құттыбаева, облыстық «Қазақ соқырлар қоғамы» филиалының Қазақстан Республикалық соқырлар қоғамының төрайымы Гүлнұр Нұрмашева және «Болашақ» мектеп-интернаты директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Әсел Мамасерікова қазылық етті. Шара соңында байқаудың барлық қатысушылары бағалы сыйлықтармен және дипломдармен марапатталады.

 

Г.ОРАЛБАЙҚЫЗЫ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support