- Advertisement -

Қайырымдылық қоғам тірегі

44

- Advertisement -

Қазақтың болмысында жоқ-жітікке қайырымдылық жасап, қамқор болып, үй-жайы жоқтарға асарлатып баспана тұрғызып беру сияқты, бұрыннан келе жатқан игі қасиет бар. Осы салт-дәстүр екі-үш жыл бұрын Әулиеата өңірінде де бастау алды. Көрінгеннің босағасында жүріп жүректеріне мұң, көңілдеріне қаяу түскен талай отбасы облыс басшылығы бастаған, аудан, қала, ауыл әкімдерінің ұйымдастыруымен қайырымды азаматтардың қамқорлығы, демеушілігінің арқасында жаңа тұрғын жайға ие болды, құлауға шақ қалған үйлерін жаңартып алды.

Талас ауданына жол түскенде Қаратау қаласының әкімі Дархан Баймбетов «Асар» жобасы аясында қолға алынған жұмыстарымен хабардар етті. Бұрын ауылдарда жүзеге асып жатушы еді, енді қалаға да жеткен екен-ау деп, сауапты істі көрейік дедік. Жансүгіров көшесінің бойындағы шатыры тозған, қабырға сылақтары түскен, едені мүжілген, есік-терезесі аңғал- саңғал үйге келгенімізде «Ой, Алла- ай, мынадай үйде де адам тұрып келген бе?» дедік.

Қайтеді енді, тағдырдың жазуы солай болса. Үй кейпіндегі баспанада жесір ананың, шиеттей бала-шағасымен тұрып жатқанын дер кезінде аңғарған қала әкіміне риза болдық. Бес қыз, бір ұлдың анасы Саярабубу Табылдиева күйеуінен бір, автокөлік апатына ұшыраған баласынан екі айырылады. Өзі жұмыс істемейді. Бес қыздан алты жиені бар, үйелмелі-сүйелмелі жандар осы үйде амалдарының жоғынан тұрып келген.

Үйдің күрделі жұмыстарын қаладағы No32 және No31 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жұмысшылары мен жаттықтырушылары жүргізуде. Жігіттер жұмыстың арасында келіп, ақысыз жұмыс істейтін көрінеді. Жаттықтырушылар Ермек Сүлейменов, Жанболат Қалдарбеков, күзетшілер Серік Хасенов және Нұржан Қуандықовтардың қарқыны ширақ, лай дайындап, опырылған сылақтың орнын сылап та жатыр. No31 мектептің жұмысшылары Ербол Смайлов, Аралбек Бейсенбеков, Жасұлан Әбзелбеков, Жандос Бектасовтардың еңбегіне де риза боласың. Арса-арсасы шыққан үйді қайта қалпына келтіру жұмыстарының бел ортасында жүр. Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі қайырымдылық көрсетіп жатқан жігіттерді қажетті құрылыс материалдарымен қамтамасыз етуде.

Айтпақшы, қаладағы бұқаралық спорт орталығының сантехнигі Сергей Острухов, қалалық әкімдіктің сушылары Сәкен Үсенқұлов пен Ғани Сәтбаев та осында.

– Бізге қаланың әкімі шығып, осы мәселеге көмектесуді өтінгенінде келіп көрдік. Бірден қолұшын созып, көмектесейік дедік. Әрине, айдың-күннің аманында, мынадай баспанада тұру деген кісінің жүрегін ауыртатын жағдай. Жігіттер де жұмыстан бос уақыттарында көмек қолдарын созуға келісіп, бірден жұмысқа келді. Еңбек демалысына шығып кеткен қызметкерлеріміз де осы сауапты тірлікті естіп, демалыстарын үзіп, қолұштарын беруде. Қажетті материалдарды кәсіпкерлерден, қалталы азаматтардан сұрастырып, тауып жатырмыз. Қала әкімі де бизнесте жүрген азаматтарға хабарласуда. Сәтін салса, бір айдың көлемінде күрделі жөндеу жұмысын бітіреміз, – дейді No31 балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы Қанат Шыныбеков. Мақала дайындалып жатқанда көпбалалы ананың үйінің күрделі жөндеуі аяқталып, жаңарған баспанаға қоныстанғаны туралы хабар алдық.
Бұдан әрі Көкорай көшесіндегі аудандық білім бөлімі ұжымының демеушілігімен қабырғасы қаланып жатқан Ерлан Ахметовтың баспанасының құрылыс жұмыстарымен таныстық.

Ерланның да бес баласы бар, өзі дәмханада күзетші екен. Балалардың алды 8 жаста, үш қыз, екі ұл, екі бала да мектеп жасында. Білім бөлімі кірпіші мен сабанын сатып әперіпті. Дегенмен қамқорлық-көмек тоқтап қалмаса, Ерлан желтоқсан айында қоныстойын жасауға ниетті. Әттең, бюджеттік мекеме қызметкерлері шама-шарықтарына қарай орталарынан қаржы жинап, өздері қара жұмыс істеп, көмек қолын созып жатқанда қалталы азаматтар, алпауыт фирма басшыларының Қаратаудағы жалғызбасты қазақтың көпбалалы келіні мен тағы бір көпбалалы қазақтың күзетші ұлына назары түсер ме еді…

 

Амангелді ӘБІЛ
Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support