- Advertisement -

Таудай тұлғаның тарыдай кішілігіне тәнті болдым (Эссе)

540

- Advertisement -

Мен Шерхан Мұртазаны бала кезімнен жақсы білетінмін. «Танимын» емес, «білемін» деп айтуымның себебі, «Оян, Тұрар!» деп басталатын «Қызыл жебе» романынан бастап, «Әлтай нанға тоймаушы еді» деген жолдармен өрілетін «Интернат наны» әңгімесін мектеп жасында оқымаған бала жоқ шығар. Біз де оқыдық. Қызықтық. Жазушы туралы білдік.

Кейін университеттің филология факультетіне оқуға түскенде жазушының «Ай мен Айша» романы алғаш рет қолыма тиді. Оқып шықтым. Үлкен әсер қалдырды. Мен енді жазушыны шын таныдым.

Роман – жазушының өз өмірінен сыр шертетін шығарма болғасын ба, өте шынайы екен. Оқырманды бірден өзіне баурап алады. Жазушының өзі айтқандай балалық шақтың нәрінен, балауса балғын шақтың әсерінен туған шығарма екені көрініп-ақ тұр. Мінсіз. Мөп- мөлдір.
Филология мамандығында оқығандықтан оқытушыларымыз бізге «Мына кітапты міндетті түрде оқыңдар», «Бұл – әрбір қазақ оқуы тиіс шығарма» деп көптеген кітаптарды міндеттейтін еді. Оның ішінде көркем шығармалар да бар болатын.

Сондықтан мен кітаптарды «міндеттелген кітап» және өзімнің ішкі қалауым бойынша іздеп оқитын кітаптар деп екіге бөлетінмін. Бірінші санаттағы кітаптарды әйтеуір өміріңде бір рет оқып шығуың мүмкін. Кейін ол ұмытылып қалуы да ғажап емес. Ал екінші санаттағы кітапты қайталап қанша қайыра оқысаң да жалықпайсың. Араға уақыт салып қайта парақтағың келіп тұрады. Тіпті қайталап оқымаған күннің өзінде кейбір эпизодтар, ондағы қанатты сөздер, айшықты теңеулер жадыңда жатталып қалады.

Сөйтіп «Ай мен Айша» менің сүйсініп, қалап оқитын шығармаларымның біріне айналды.
«Қандай кітап оқуға кеңес берер едіңіз?» деп біреу менен сұрай қалса, тізбелей жөнелетін сүйікті кітаптарымның ішіне міндетті түрде «Ай мен Айшаны» қосатын болдым.
Мен бұл эссені жазарда кітапты қайта қарап шықпадым. Есімде қалған, өзіме әсер еткен тұстарын жазғым келді.

Сондай тұстың бірі – жазушының анасы Шерханға аяғы ауыр кезінде құланның етіне жерік болған екен. Ашаршылық қысқан заманда құланның еті қайдан табылсын? Содан жабайы жуа жеген екен. «Жұрт маған қаталсың дейді. Қатал болмай қайтейін, мен анамның құрсағында жатып-ақ өмірдің ащысын сезінгенмін» деп сай-сүйегіңе жеткізе жазады жазушы.
Сол сәт, қабағы түксиген Шераға бейнесі мен Жуалы жерінің боз даласы бірден көз алдымызға келе қалады.

Романның алғашқы сәтінде «Халық жазушысы» атандым. Жазғанымның бәрі алтын дей алмаймын», – дейді сұңғыла қаламгер. Ал керек болса! Дәуірдің Қызыл Жебесі Тұрар Рысқұловқа сырлы сөзден құламастай етіп ескерткіш соққан һас шебер жазушы өзіне осылай сыни баға береді деп кім ойлаған? Қолына қалам ұстағанның бәрі «жазушымын», әу дегеннің бәрі «ақынмын» деп көкірек керген заманда қазақ әдебиетіне кесек туындылар қалдырған бірегей тұлғаның, «Лениншіл жас» газеті, «Жұлдыз» журналы секілді ірі басылымдарды ұзақ жылдар басқарған шебер тілді публицистің бұл сөздері нені аңғартады? «Жазғанымның бәрі алтын дей алмаймын» деу, шындықтың шырақшысы атанған Шераға болмаса, екінің бірінің айтуға аузы бармайтын сөз ғой.

Мен бұл сөздерден өз-өзіне сыни көзбен қарайтын кемел адамға тән ірілікті, қасиетті жазуға деген кіршіксіз адалдықты көріп қызықтым. Таудай тұлғаның тарыдай кішірейе сөйлеген сөзіне тәнті болдым. «Өсе келе, көпті көрдім, дүниенің шартарабын араладым. Бірақ соның бәрі мені балалық шағымдай байыта алмады» деуі барлық тәрбие мен ілім, білімнің бастауы – балалық екенін көрсетеді.

Парижде болдым – Париж түсіме кірмеді. Мысырда болдым – Мысыр түсіме кірмеді. Қытай, Моңғолия, Үндістан, Пәкістан, Иранға бардым. Мұхиттың арғы бетіндегі Техаста, Чикагода, Нью-Йоркте болдым – олар да түсіме кірмеді. Баяғыда Мәскеуде бес жыл оқыдым, оны да түсімде көрмедім. Түсімде ылғи балалық шағымды көрдім. Түсіме күн сайын Мыңбұлақ кіреді. Түсімде Ақсу-Жабағылыны көремін. Түсімде ылғи туған үйімді көремін» деген жолдарды тебіренбей оқу мүмкін емес.

Себебі қанша алысқа қанат қақсақ та, бәріміздің де түсімізде көретініміз сол– аядай ғана ауылымыз ғой. Қайтып келмес балалық шағымызға қол бұлғап шақырып тұрғандай жиі түсімізге енетіні жасырын емес.

Міне, жазушы туған жерге деген ыстық махаббат пен зор сезімін, сабасынан асқан сағынышын «Қасиетті туған жер!» деп, тау- тасын, сай-саласын суреттемей-ақ осы бір жолдармен шебер жеткізеді. Өткенде басқармамызға бір топ қазақ жазушыларының кітаптарын сатып алдық. Ішінде «Абай жолы», «Көшпенділер», «Қан мен тер» сияқты кесек туындылар да бар. Уақыт тапшы, жұмыс қауырт заманда том-том роман оқып отыру екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс.

Қазір таңдап, талғап оқитын заман. Қайдағы бір жоқ дүниеге уақытын зая кетіргісі келмейтін оқырман тек жұрт жабыла мақтаған кітаптарды ғана сатып алады. Бәріміз «Қай кітап жақсы?» деп бір-бірімізден кеңес сұрап жатырмыз. Кенет менің көзіме тысы көк «Ай мен Айша» оттай басылды.

– Мына кітапты оқымаған болсаңыз, міндетті түрде оқыңыз? – дедім су жаңа кітапты әріптесіме ұсынып жатып. Мамандығы заңгер әріптесім оқымаса керек, – Жақсы кітап па? Не жайлы? – деп сұрап жатыр.

Біркездекітаптықолынаалдыда аннотациясын оқи жөнелді. «Романда ашаршылық жайлаған зұлмат жылдарда дүниеге келіп, қазақ зиялылары репрессияға ұшыраған жылдарда әкесінен айырылып, одан кейін Ұлы Отан соғысының тауқыметін бастан өткеріп қанша қиыншылық көрсе де, еңсесі түсіп езілмей, ағынға қарсы жүзе білген Барысхан деген баланың өмірі және сол балаға өшпестей үміт сыйлап, өмірлік шам- шырағы, қайсар қаһарманы болған анасы Айша жайында баяндалған» деп көрсетіпті.

– Жақсы кітап па? – деп қайыра сұрады менен.
Мен: «Бұл кітапта – бала Шерханнан бастап жазушы Шерханға дейінгі жазушының тұтас өмірі суреттелген. Айша образы арқылы сол кездегі соғыс азабын тартқан күллі қазақ әйелдерінің қиын тағдырын көруге болады», – деп әдемі тілмен жеткізсем болатын еді. Бірақ әсерлі шықпайтынын білдім.

Содан соң қайтадан:
–Жоқ, үйіңізге алып барып, дұрыстап оқыңыз. Сізге ұнайды! – дедім.
Өйткені оқырманын баурап алып жібермей қоятын кітаптың сиқырына, жазушы сөзінің құдіреттілігіне сендім.

Сөзбен айтып жеткізе алмайтын әсер деген осы шығар.
Ақиқаттың алдаспанындай болған әсерлі де өміршең шығармаларыңыз үшін рақмет Сізге, Шераға!

 

Айгерім ИЕБЕКОВА,

Алматы облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың баспасөз хатшысы.
Алматы облысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support