Қаһарман қазақ – Сәду Шәкіров

Қаһарман қазақ – Сәду Шәкіров
ашық дереккөз
Қаһарман қазақ – Сәду Шәкіров
Таластың бойы ен тоғай, тоғай бойы көк орай еді. Жаз келсе, Таласты жағалай ен тоғайға ел қонатын. Соғыс өрті тұтанған 1941 жылдың жазы бірақ олай болмады. Ен тоғайға ел қонбады. 1941- 1945 жылғы Ұлы Отан соғысының алғашқы сызы алыс аймақтағы ауылға осылай әсер етті. Неміс-фашист басқыншылары бейбіт жатқан елге тұтқиылдан шабуыл жасады. Жастардың дені Отан қорғау үшін майданға аттанды. Майданға аттанған ерлердің көбісі із-түссіз кетіп, елге қасіретті «Қара қағаздар» да келіп жатты. Таластық жастардың арасында майдан даласына аттанған өреннің бірі – Сәду Шәкіров еді. Тумысынан өжет ұл қан майданда шарболаттай шыңдалып, соғысты аяқтап, елге төрт мүшесі түгел, аман-есен оралды. Омырауына «Ленин ордені» мен Совет Одағының Батыры «Алтын жұлдызын» тағып, жарқырап келді. Сәду Шәкіровтің ауылында да, ауданында да батырлар аз болған жоқ. Шағын бір ауылдың өзінде оннан астам Еңбек Ері болды. Қазақ жері – ұлан-байтақ. Қазақ елі – мәңгілік. Ата-бабалар ерлігіне, ата- бабаларымыздың Атамекенге, Отанға деген қасиетті сүйіспеншілігіне ет- жүрегіміз елжіреп, тебіренген сәттерде осылай деп марқаямыз. Ұрпақтан- ұрпаққа жалғасып, жарығын өшірмей, жарқылын жоғалтпай келе жатқан осы қасиетті сүйіспеншілік әр ұрпақтың көзінің қарашығындай сақтайтын асыл байлығы екенінде сөз жоқ. Ұлы Отан соғысының тарихында стратегиялық маңызы айрықша зор неше түрлі сұрапыл шайқастар болғаны белгілі. Қорғаныс сипатындағы ерлік шайқастарды айтпағанда, Отан соғысының тарихында шабуылдап соғысудың тарихи маңызы аса зор үлгісі болып қалған екі шайқасты арнайы атауға болады. Оның біріншісі– Курск иініндегі шайқас болса, екіншісі – Днепр шайқасы. Алғашқы шайқас неміс-фашист басқыншыларының қарулы күшінің ірі тобын күл-талқан етіп, бетін қайтарса, екінші шайқастың нәтижесінде жау алдынан күткен үмітін үзіп, біржола тұралады. Шегінген жау қорғаныс бекіністерін салып, әр тұтам жер үшін қасық қаны қалғанша қарсыласып бақты. Олардың алынбас қамалдай жабдықталған бекінісін бұзу – Отан қорғаушылар үшін оңайға түспеді. Жаудың бекіністерін алуда шабуылдаушы жаяу әскерді үлкен шығынға ұшыратқан жағдайлар да болмай қалған жоқ. Мұның өзі шабуылдаушы армияның соғыс жүргізу тактикасын жетілдіруді талап етті. Соғыс ісі мамандарының бұл орайдағы қағидалары, амал-тәсілдері сарапталып, Жоғарғы Бас қолбасшының нақты Өкімдері мен Жарлықтарына айналып отырды. Мысалы, солардың бірінде мынадай талап болды: «Біздің әскерлеріміз дұшпанның қорғаныс бекіністерін бұзуды, дұшпанның қорғаныс қамалдарын олардың тұтас желісімен құлатуды үйренуі керек. Немістер бір ғана қорғаныс желісін салып қоймайды, олар бір қорғаныс желісінен кейін екінші, үшінші қорғаныс желілерін тартатын болады. Егер де біздің әскерлеріміз жаудың қорғаныс желілерін тез арада және түбірімен бұзып-жарып өтуге үйренбейтін болса, біздің алға басуымыз мүмкін емес». Соғыс ісінде бұл қағиданың маңызы үлкен болғанында сөз жоқ. Жаяу әскерлерді жаудың жарақаттанған қорғаныс бекінісіне шабуылға шығару алдында олардың қорғаныс желісін бірер сағаттық артиллериялық атқылаумен ғана шектелуге болмайтыны, артиллерия жау бекінісіне шабуылға шыққан жаяу әскермен бірге қимылдап, неміс бекінісіне шабуылдың өн бойында атқылап отыру қажеттілігі осы тұста басшылыққа алына бастады. Неміс фашистері Курск иінінде күйрей жеңілгеннен кейін, жеңістен үміттерін үзді. Алайда «үмітсіз – шайтан» дегендей, олар Днепр қорғаныс белдеуінде қорғана соғысып, шабуылдаушы әскерлерді тоқтатудан қатты үміттенді. 1943 жылдың 11 тамызында неміс ставкасының Днепр қорғаныс бекінісінің өн бойында қорғаныс кешендерін орнату туралы бұйрығы шықты. Немістер Днепр бекінісін «Шығыс белдеу» деп атады. Сәду Шәкіров Днепр шайқасына 106-шы Забайкал атқыштар дивизиясының 188 «Арғұн» атқыштар полкі құрамындағы бірінші батальонының бірінші ротасында қатардағы қызыл жауынгер болып қатысты. 106-шы Забайкал атқыштар дивизиясы алпыс бесінші Армия құрамында Орталық майданда болды. Орталық майдан әскерлерінің алдына Украинаның сол жағалаудағы (Днепрдің сол жақ жағалауындағы) бөлігін неміс фашистерінен азат ету, Днепрден өтіп, оң жағалаудан негізгі күш үшін стратегиялық плацдарм дайындау, Воронеж, Степной, Оңтүстік, Оңтүстік батыс майдандарының әскерлерімен бірге Украинаны жаудан толық азат ету міндеті қойылды. Бұл үлкен міндет еді. 1943 жылы 26 тамызда майдан қолбасылары 1400 шақырымға созылған майдан шебі бойынша жаппай шабуылға шықты. Артиллерияның бораған оғы, әуе күштерінің бұршақша жауған соққылары астында жау жанталасып, қатты қарсылық көрсетті. К.К.Рокоссовскийдің айтуына қарағанда, жау осынша қиын-қыстау сәттердің өзінде қарсы шабуылға шығуға тәуекел етіп, сол кезде біздікілер күтпеген табандылық көрсетті. Осылайша жүргізілген соғыс барысында жаудың қорғаныс шебінің бірқатар бөліктері жалаңаштанып, олардың қорғаныс қуаты әлсіреді. Осы тұста Рокоссовский жаудың қорғаныс шебін басқа жерден бұзып- жаруға шешім қабылдайды. Нәтижесінде, жаудың қорғаныс шебі бірнеше жерден бұзылды. Жау кері ығысты. Днепрдің сол жағалауындағы ұрыстарда есеңгіреп қалған неміс әскерлері 1943 жылдың 15 қыркүйегінде Днепрдің оң жағалауына шегіну туралы бұйрық алды. Неміс әскерлері Днепрге дейінгі 30 шақырымдық аумағында пайдаға жарамды дүние-мүлікті өздерімен бірге алып кетті, қалған жерді үйіткен қойдай қылып күйдіріп, тып-типыл етті. Мұны олар «үйіту тактикасы» деп атады. 15 қыркүйекте неміс әскерлері Днепрдің оң жағалауына өтіп, алдын ала дайындалған қорғаныс бекінісіне келіп орнықты. Жаудың Днепр бойындағы қорғаныс бекінісінің ұзына-бойы 700 шақырым болды, онда 37 жаяу әскер дивизиясы, 17 танк дивизиясы шоғырланды. Бұл үлкен күш болатын. Алайда Отан қорғаушы әскердің әскери рухы өте жоғары еді. Днепр шайқасына дейін Отан қорғаушы әскерлер шабуылдап соғысуда, жаудың барынша мықты жарақтанған бекіністерін тез және біржола жойып жіберу ісінде едәуір тәжірибе жинақтап, амал-айлаға да машықтанып қалған еді. Дегенмен, бұл шайқасқа екі жақ бірдей қатты, қапысыз дайындалды. Дайындық барысында Отан қорғаушы әскерлер жаудың бекінісіне Днепрдің бойымен бір мезгілде шабуылдап, Днепрдің оң жағалауына соғыс салып өтуді, бекіністегі жауды жойып жіберуді көздеген еді. Полк командирі өз кезегінде батальон командиріне бұйрық береді. Бұйрық бойынша, бірінші рота өзеннен бірінші болып өтіп, негізгі күш үшін стратегиялық алаң дайындалады. Өзеннен өтуге қажетті жүзу жабдықтарын жауынгерлер қолдан жасады: қайық, бөренелерді біріктіріп, буып жасаған сал, бөшкелер, тақтайлар – бәрі пайдаланылды. Өзеннен өткен топтың алдына негізгі күш үшін, ауыр техника үшін стратегиялық плацдарм дайындау міндеті қойылды. Бұл сұрапыл соғыс жағдайында орындалатын міндет еді. Сәду Шәкіров бірінші рота құрамында осы міндетті ерлікпен орындады. 1943 жылдың 15 қазанында бөренеден жасалған шағын салмен түн жамылып ашық айдынға шықты. Немістердің жарқырап жанған оқтарының астындағы көріністің өзі жаннан түңілгендей еді. Толассыз жауған оқ, жарылған снаряд. Біреулер оқтан құлауда, біреулер қайығымен, тобымен снарядтардың жарылысынан аспанға ұшуда. Оң жағалауға жақындай бергенде, бұлардың салына снаряд тиіп, үстіндегі жауынгерлер жан-жаққа ұшты. Өлгені өлді, жараланғаны жараланды. Туған жерінде Талас өзенінің суында балықша жүзіп өскен Сәду Шәкіров үшін Днепр суының бетімен жүзу де, астымен жүзу де қиынға түскен жоқ. Жаудың оғынан аман қалғандары бөренелерге асылып, жағаға шықты. Жағалауда сұрапыл ұрыс басталды. Жау әскерлері бұларды кері ығыстырып, Днепрдің жарынан төмен құлатуға тырысып жанталасты. Сәду Шәкіров жау шебіне бір табан болса да жақындай берді. Енді бір сәтте жау бекінісіне граната лақтыратын межеге де жетпек. Бірақ бекіністен бораған оқ бас көтертетін емес. Артындағы серіктері де жер бауырлап жатыр. Бір кезде жау бекінісінің граната түскен аймағы қопарылып түсті. Жаудың бірнешеуі бірдей жойылып кетті. Сәду Шәкіров бекіністің биігіне Қызыл Ту тікті. Жау бекінісінің биігінде снарядтар жарылысынан, жанған оттар жарығынан көзге алаулап шалынған Қызыл Ту шабуылдағы жауынгерлердің қуатын тасытты, рухын көтерді. Сәду Шәкіров қасындағы серіктерін жау бекінісінің өздері тартып алған бөлігіне жайғастырып, командирінің тапсырмасы бойынша Днепрден кері қарай өтіп, байланысшы мен пулеметшілерді қаруларымен қоса алып келеді. Осылайша қатардағы жауынгер Сәду Шәкіров оқ астында от оранып жатқан Днепрді ары-бері үш рет кешіп өтеді. Сәду Шәкіров алып келген пулеметшілер тобы жаудың қарсы шабуылдарын тойтарып, жаудан тартып алған плацдармды ұлғайтуда ерен ерлік көрсетті. Таң ата ұрыс басқа деңгейде жалғасты. Сәду Шәкіровтің тобы Гомель облысына қарасты Лоев елді мекенінің оңтүстік батысында жабдықталған жау бекінісін жою үшін соғысты. Осы соғыс барысында Сәду Шәкіров тағы да ерен ерлік көрсетті. Оқ бүркіп тұрған жау бекінісіне бірінші болып жетіп, оны граната лақтырып жойып жібереді. Әр жерден ербиіп шыққан бес дұшпан сол жерде батыр қазақтың атқан оғынан өлім тапты. Сәду Шәкіров жау бекінісінің биігіне жеңіс белгісі ретінде желбіретіп Қызыл Ту тікті. Тарихи деректерге сүйенсек, Днепр шайқасында Совет Одағы жағынан 417 323 адам қаза тапты, жау жағының адам шығыны миллионға дейін барды. Осы сұрапыл шайқаста ерен ерлік көрсеткен екі жарым мыңдай солдаттар мен сержанттар, офицерлер мен генералдар Совет Одағының Батыры атағына ие болды. Олардың қатарында 106-шы Забайкал атқыштар дивизиясының командирі полковник М.М.Власов пен осы дивизияның қатардағы жауынгері, қаһарман қазақ Сәду Шәкіров бар еді. Сәду Шәкіровтің Днепр шайқасындағы ерлік істері туралы полк командирі, майор Козлов мынадай мәліметтер береді: «Жолдас Шәкіров Днепрден өту үстінде бір топ жауынгерлермен бірге жаудың жаңбырша жауған оғының астында Днепрдің оң жағалауына өтті. Бір қолына Қызыл Ту ұстап, екінші қолына гранат алып, жаудың траншеясына ұмтылды. Немістерді қуып шығып, траншея басына Қызыл Ту тікті. Днепрді үш рет ары-бері жүзіп өтті, оң жағалауға пулеметшілер мен байланысшыларды өткізді. 1943 жылды 16 қазан күні Лоев деген жердің оңтүстік батысындағы 138, 66 биіктіктегі жау бекінісін шабуылдау барысында бекініске бірінші болып жетіп, оның төбесіне Қызыл Ту тікті, бес немістің көзін жойды». Осылай Сәду Шәкіровтің Днепр шайқасында көрсеткен ерлік істерін ескере келіп, полк командирі майор Козлов 1943 жылы 19 қазанда оған Совет Одағының Батыры атағын беру туралы ұсыныс жасайды. Полк командирінің осы ұсынысы бойынша 1943 жылдың 23 қазанында Армияның Әскери Советінде оң қорытынды қабылданады. Белорусь майданының Әскери Кеңесінің қорытындысында да осындай шешім қабылданды. Оған армия генералы Рокоссовский, Соғыс Совет мүшесі, генерал-лейтенант Телегин 1943 жылы 30 қазан күні қол қойған. Қорытындының бетіне СССР Жоғарғы Кеңесінің Указы осы күні шыққаны туралы штамп басылған (30.10.1943 ж.). Зерттеушілердің анықтауынша, Сәду Шәкіров 1944 жылы Кремльге барып, Совет Одағының «Алтын жұлдызы» мен «Ленин орденін» сол кезде алған. Есіл ер дүниеден өтті. Артында батыр даңқы қалды.  

Жанғара ДӘДЕБАЕВ,

филология ғылымдарының докторы, профессор, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы абай ғылыми-зерттеу институтының директоры.

Ұқсас жаңалықтар