- Advertisement -

Үйлену оңай, үй болу қиын

73

- Advertisement -

Соңғы уақытта жас отбасылар арасында ажырасу оқиғасы жиі орын алып жатқанын үнемі айтып келеміз. Жасыратын несі бар, еліміз бойынша жаңадан отбасын құрған 10 жас отаудың көп ұзамай үш-төртеуі ажырасып кетеді. Біздің өңірдегі мәлімет те осыған ұқсас. Бұл өзекті мәселеге орай, Жуалы аудандық сотының және аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен отбасылық құндылықтарды ілгерілетуге арналған «Бастау» жобасы аясында «Ізгілік болашағы әр ізде» атты іс-шарасы өтті.

Ортаға әуелі жақында ғана отау құрған Төремұрат пен Салтанат бастаған оншақты жас отау иелері «Жар-жар» әнімен шақырылды. Оның өзі жастардың жадында қалатындай әсерлі шықты. Мұнан соң іс-шараны ашқан аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова әр отбасының бүтіндігі Отанның бүтіндігі екенін айта келіп, жас отау иелерін баянды болашақ жолында кез келген қиындықты жеңуге шақырды. Өмірдің талай қиындығын жеңген, 14-15 ұл-қызды өмірге әкелген әжелерімізді мысалға келтіріп, жастарға ақ жол тіледі. Әкімнің орынбасары мұндай бастаманың енді әр ауылдық округте жалғасын табатынын айтты. Сондай-ақ бірқатар жас отбасыға неке куәлігін салтанатты түрде тапсырды. Сыйлы ақсақал Сарымсақбай Атанбаев жастарға бата берді.

Мұнан соң аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев пен аудандық сот төрағасы Бабурхан Әбуов жас отаулардың баянды да бақытты өмірі маңызды екендігі жөнінде ой қозғады. Бабурхан Бекболатұлы аудандық сотқа жастардың ажырасуы көп тіркелгені жанға бататынын айта келіп, биылдың өзінде 53 жас отбасы сондай жағдайға тап болғанына алаңдаушылық білдірді.

«Жастардың сот арқылы ажыраса салуы біздің де жанымызды ауыртады. Мүмкін болса ажырастырмай, отбасын сақтап қалуға күш саламыз. Ойлануларына уақыт береміз. Түрлі себеппен отбасы ыдырауда. Бір ғана мысал айтайын. Бір жігіт қайынжұртында өткен тойға 30 мың теңге апарса, өз жағында өткен тойға 100 мың теңге апарған. Осы себептен жас отбасы ажырасып тынған. Негізі, екі жаққа бірдей апарған, екі жақты тең ұстаған дұрыс» деп ағынан жарылды ол.

Мұнан соң «Қасиетіңнен айналдым, қара шаңырақ!» атты тағылымдық мәні зор іс-шара өтті. Біз бұл іс-шарада 14 перзенттің анасы, бұл күнде ұлағатты әже болған Ранай апаның, жастарға өнегесі мол Бақыт Қанаев, Марзия Баққараева апалар мен Есентаевтар отбасының үлгілі істерін көрдік. Бәрі де бір-бір келіндерімен өнер көрсетті. Олар ұлттық киімдер мен қазақы дәстүрлерді көрсетіп, ене мен келін арасындағы жарасымды аңғардық. Осы ұлағатты отбасылар қазақтың ат қою, құрсақ шашу, енші беру дәстүрлерінен қысқаша көріністер көрсетті.

Бақыт Қанаева екі келінді бір үйге тату-тәтті ұстағанын айтса, аудандық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Нұрила Мәлібекова 20 жылдан астам ата-енемен тұрып, үлкеннің батасымен көгеріп отырғанын жеткізді. Бұл сөздерден біз қарашаңырақтың қасиетті екенін, аталар мен апалардың батасы барлық жақсылық пен берекенің бастауы екенін түсіндік. Дін өкілдерінің айтуынша: «Алланың разылығын алу – ата-ананың разылығын алу» екендігі есімізге түсті. Жиын барысында аудандық ардагерлер кеңесі жанындағы «Әкелер мектебінің» жетекшісі Әбуғали Ералиев, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Гүлбақыт Айтқұлова, билер кеңесінің төрағасы Мұратқали Рахметов толғана сөйлеп, мұндай жиынның берері мол екенін айтты.

Сондай-ақ аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің директоры Мейіржан Төлеуішов, жас отбасылар атынан Әбілбек Несіпбайұлы, Төремқұрат Төребекұлы ой-пікірлерін білдірді. Нұрлыкент ауылының тұрғыны, 6 баланың анасы Зина Өтемұратова да өз ойын білдіріп, рақметін айтты. Аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары тамаша әндерден тарту етті.

«Бұл іс-шарадан үлкен ой түйдім. Өз замандастарыма, ауылдың жас келіндеріне тағылымын айта жүремін», дейді жас келін Салтанат Төребеккеліні. Мұндай іс-шара өзге аудандарда қолдау тауып жатса, құба-құп. Отанның кемелділігі де бүтін отбасылармен берік екені анық.

Есет ДОСАЛЫ

Жуалы ауданы.

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support