- Advertisement -

Сахнада –«Домалақ ене»

24

- Advertisement -

Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының 86- маусымы ақын-драматург, белгілі қоғам қайраткері, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Арғынбай Бекбосынның туғанына 85 жыл толуына орай автордың «Домалақ ене» символикалық драмасымен жабылды. Қойылым басталмас бұрын театрдың көркемдік жетекшісі Ербол Абжалов биылғы маусым барысындағы қойылымдарға кеңінен тоқталып, алдағы бірқатар жоспарларымен бөлісіп өтті.

Бұл қойылымда қазаққа кеңінен белгілі тұлғалар Бәйдібек би мен Ақсақ Темірдің өмір сүрген дәуірлері қамтылады. Әлденеше оқиғалар солармен байланысты өріліп отырады. Қойылым Қара Хайдар бастаған қарақшылар тобының ауыл қожайыны сыртқа кеткенде Бәйдібек бидің жылқысын шапқанынан басталады. Одан әрі Қара Хайдар мен Домалақ ененің диалогтары нанымды берілген. Домалақ ене «Қуыс үйден құр шықпа» деген деп, қарақшыларға да үйінен дәм татқызады. Қарақшылар аттанып бара жатқанда малдан сауға сұрап, малдың басы Сарыжал айғырды алып қалады. Қарақшылар мыңдаған жылқыны айдап кетеді. Осы сәт Бәйдібектің Сары бәйбішеден туылған 6 баласы аттандап келеді. Бұл жерде бір кісінің екі әйелі төңірегінде туындайтын күндестікті, қызғанышты автор дәл бере білген. «Кіші шеше, жылқы қайда? Таныстарыңа айдатып жібердің бе?», «Сауғаға Сарыжал айғырды неге қалдырды? Олар танысың ба? Кісі өз малынан сауға ала ма?» деген секілді бәйбішенің алты баласының сөзінен кісіні аямайтын ызғар сезіледі. Сонда Домалақ ене – Нүрила (актриса Жадыра Құлтаева) «Қарақшылардың соңынан бармаңдар. Босқа мерт боласыңдар. Жылқы өзі қайтады» деп жанашырлық сөз айтады. Содыр, ойларында қызғаныштан басқа нәрсе жоқ алты ұл бұл сөзді тыңдамай, жау соңында кете барады.
Алаңғасар алты ұл жау қолынан мерт болып, Бәйдібек бидің (актер Мәлік Ақүрпеков) ауылы қайғыдан қан жұтады. Осы тұста Домалақ ененің оларға «Бармаңдар» дегені Бәйдібек бидің аузымен де айтылады. Оны сонау Шу бойынан көңіл айтып келген ауыл қарттары да жақтырмай «Би Бәйдібек жас әйелінен аса алмай отыр» деп мысқылдап, келеке етеді. Қазақтың байырғыдан қалмаған күншілдігі, терең ойламайтыны, шын асылдың қадірін кеш білетіні міне, осы тұста көрініс береді. Бәйдібек би ашумен Қара Хайдарды шабамын деп ұмтылғанда да Домалақ ене тоқтатады. Оның да дұрыс шешім болғанын уақыт өзі көрсетеді.
Ақсақ Темір (актер Кенен Ақүрпеков) Бәйдібек бидің ауылына өзі келіп, қасиетті кісі Мақтым Ағзамның қызы Нүриланы көргені, батасын бергені де әсерлі. Ақсақ Темір: «Саған ризамын. Қашанда тілеулессің. Тілегіңді айт», дейді. Осы тұста Бәйдібек қарақшы Қара Хайдардың қолынан алты ұлының өлгенін, сол Қара Хайдардың қазір Ақсақ Темірдің әскерінде жүргенін айтады. Ақсақ Темір бірден Қара Хайдарды алдырады. «Ей, сенің атыңды Қара Хайдар емес, Қара Ниет деп қою керек еді», деп кіжінеді. Тіпті «Мынау ертең атқан таңды көрмейтін болсын» деп жендеттеріне бұйырады. Сонда ортаға Бәйдібек би түсіп, «Шариғатта да кешірім жақсы ғой. Қанын жүктеп қайтем. Қара Хайдарды кешірдім», дейді. Қойылым барысында Сары бәйбішенің де қайта перзентті болғаны, қайғының орны тола бастағаны айтылады.
Қойылымда барлық актерлар өз рөлдерін тамаша, сәтті ойнап шықты. Қойылым соңында актерларға Арғынбай Бекбосынұлының отбасынан арнайы құрмет гүлі ұсынылды. Осылайша, Арғынбай Бекбосынға тағы да керемет құрмет көрсетіліп, театрдың 86-маусымы керемет қойылыммен жабылды.

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support