- Advertisement -

Халықпен кері байланыс орнатпай іс алға баспайды

58

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес жергілікті атқарушы органдардың халықпен кері байланыс орнатуы маңызды. Сондықтан апта сайынғы аппарат мәжілісінің күн тәртібіне қоғаммен кері байланыс мәселесі еніп, аймақ басшысы Нұржан Нұржігітов әлеуметтік желідегі сауалдарға атүсті қарайтын аудан әкімдері мен басқарма басшыларына бірнеше рет ескерту жасаған. Ал атқарушы органдардың басшылары сыннан сабақ алды ма?

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кезекті кеңес отырысында халықпен кері байланыс орнату бойынша үш айдың қорытындысы тыңдалды. Облыс әкімінің кеңесшісі Нұрмұхаммед Ниязбековтің айтуынша үш айдың шеңберінде қордаланған талай өзекті мәселелер осы аппарат мәжілісінде қаралып, оң шешімін тапқан. Еске салсақ, осы уақыт аралығында кері байланыс жөніндегі кеңес отырысында 128 мәселе көтерілген. Оның ішінде 21 сауал орындалса, 7 мәселе көп ұзамай реттеледі. Осы ретте Нұрмұхаммед Ниязбеков Тараз қаласындағы тазалыққа жауапты мекеменің жайынан бастап, өңірдегі инфрақұрылымдық желілерге, ауыз су, мектеп, балабақша, құрылыс сапасына қатысты бірқатар мәселелердің жайын баяндады.
Бұл тұрғыда өңір басшысы Тараз қаласындағы кемшіліктерді тізіп отырып, үш айдың қорытындысы бойынша олқылықтарды реттемеген қала әкімдігінің басшылығына тәртіптік жаза қолдануды ұсынды.

Бұдан соң баспасөз қызметінің жетекшісі Данияр Асқарұлы әлеуметтік желіде қоғаммен кері байланыс орнатуға бас ауырта қоймайтын қала, аудан және басқарма басшыларының жұмысын сынады. Ізін ала «Жамбыл облысы бірыңғай диспетчерлік қызметі» мекемесінің басшысы Бақкелді Тұрсынбек басшылардың жедел желіге түскен сауалдарға жауап беру көрсеткіші туралы баяндады. Осы ретте облыс әкімі Нұржан Нұржігітов тұрғындардың өтінішіне және БАҚ өкілдерінен түскен сауалдарға уақтылы әрі сапалы жауап беру мәселесін ескертіп, соның нәтижесінде кезек күттірмейтін шаруаларды үйлесімді орындаудың маңыздылығын айтты.
– Кез келген өзекті мәселеге қатысты шешім қабылдайтын кезде қоғамдық пікірмен, халықпен санасу керек. Олардың ой-ұсыныстарын ескерген дұрыс. Сонда ғана ел арасында түсінбестік, наразылық туындамайды. Біз өзіміздің атқарып отырған жұмыстарымызды жан-жақты көрсетіп, халыққа дұрыс ақпарат беруіміз қажет. Тұрғындардың өтініші мен сауалына уақтылы әрі сапалы жауап беруге ден қойыңыздар. Әлі де болса осы бағыттағы жұмыстарды күшейте түсу маңызды,–деді Нұржан Нұржігітов.
Енді атқарушы органдардың қате-кемшіліктерінен кейін бірқатар әкімдерге, орынбасарларына, басқарма басшыларына тиісті шара қолданылмақ. Көш жүре түзелетінін ескерсек, кері байланысқа салғырт қараған басшылар сыннан сабақ алар дегенге үміт басым.
Басқосуда бұдан бөлек облыс аумағындағы құрылыс жұмыстарының барысы қаралды. Бұл туралы құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Орынбаев баяндады. Оның айтуынша, қазірде облыста 205 жоба іске асуда. 153 құрылыс нысаны биыл жыл соңына дейін аяқталса, 52 ғимарат келер жылға өтпелі екен.
Басқарма басшысы жобаларды әр сала бойынша талдап, кейбір өзекті мәселелерді ерекше тоқталды. Артынша облыс әкімі барлық жобалардың кестедегі мерзімнен аспауын қадағалап, құрылыс сапасын бақылауды басты орынға қою маңызды екенін ашып айтты.
– Құрылыс жүріп жатқан нысандар уақытынан ұзамай аяқталуы тиіс. Жаңа оқу жылында пайдалануға берілетін мектептер 20 тамызға дейін тапсырылып, қыркүйекке дейін толық дайын болғаны дұрыс. Құрылыстың сапасына барынша назар аударыңыздар. Бақылау қатаң болуы керек. Бұдан бөлек, бюджет қаражатын үнемді игеруге көңіл бөліңіздер. Ұқсас жобаларға бірыңғай баға саясатын ұстану маңызды,– деді аймақ басшысы.
Жиында облыс аумағындағы көпқабатты тұрғын үйлер құрылысы, «Асарлатып үй салу» жобасының жүзеге асу барысы да талқыланды.
– Әрине, бос тұрған үйлерді жөндеп, жаңғыртып, мұқтаждарға берген дұрыс. Бұл әлеуметтік жауапкершіліктің негізінде жүзеге асуы қажет. Ал «Асарлатып үй салу» жобасының мақсаты бөлек. Бұл жоба тұрғындарды, ауылдықтарды игі іске жұмылдыру, қайырымдылыққа үндеуге негізделген. Ата-бабаларымыздың асар дәстүрі бойынша көпшілік бірлесіп, баспанаға мұқтаж туыстары мен ауылдастарына үй салып береді. Оны көріп өскен кейінгі жас буын үлкен тағылымды тәрбие алады,– деді облыс әкімі.
Кеңес отырысында жеке тұрғын үй құрылысы үшін берілетін жерлерге инженерлік-инфрақұрылым тарту шаралары, құрылыс жұмыстарының сапасына жоспардан тыс жүргізілген тексерістердің қорытындылары да сараланды. Осы мезетте Нұржан Нұржігітов жұмыстарды ұтымды ұйымдастыра алмай отырған басшыларды сынап, жауапкершілігіне немқұрайлы қарайтын мердігерлерге тиісті шаралар қолдану қажет екенін баса айтты.

Сәндібек ПІРЕНОВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support